Шалдың құпиясы

20140912-08-01Жарқынбай қарияның бүгін көңілі жайлы еді. Ертеңгісін кемпірінің қызыл күрең шайын сораптап отырып, ұзақ ішкен-ді. Түннің бір уағына дейін отырып, балаларына жазған хатын әлгінде почтаға апарып өз қолынан салып келді.

Қыздай қосылып, қосағымен қоса ағарып отырған кемпіріне ғұмырында кеше бір өтірік айтты.

– Шал-ау, жатпайсың ба енді. Қағаз-қаламыңды алып, немене, жер ортадан ауған шағыңда жазушы боламын деп жүрсің бе? «Қартайғанда кәрі боз жорға шықты» дейтін еді, сол құсап, – деп кемпірі тергей бастағанда, қапелімде не дерін білмей, қысылып қалған Жарқынбайдың аузына қайдағы бір өтірік сап ете қалды.

– Газетке бір мақала жазамын деп уәде берген едім. Кемпөшке, қайтесің мені мазалап, онан да ұйқыңнан қалма, – деп жуып-шайған болды.

…Жарқынбай шалдың аздап қаламының желі бары рас. Пенсияға шыққанға дейін өзімен бірге істейтін шеберханадағы еңбек озаттарын аудандық газетке жазып та тұрды. Қайсыбірі жарық көрді, енді бір хаттарына ондағылардың әдеттегі: «фактілері жетіспеген соң, пайдалана алмадық» деген бір сарынды хаттарын да алды. Оған жабырқаған Жарқынбай жоқ. Сәті түскенде осылай түннің бір уағына дейін сонау бір жылдары тілшілердің жиналысында алған қаламына сия толтырып, бір жамбастап жастыққа сүйеніп, әлденелерді шұқшия жазып отыратын.

Кеше кешкі астан соң көзілдірігін, қаламы мен дәптерін алдына жайғастырып, үлкен құс жастықты сұратып алдырғанда да, кемпірі шалының үйреншікті әдеті шығар деп түйген.

Жарқынбай шалдың бұл жолғы жазып отырғаны газетке мақала емес, балаларына хат еді. Оны кемпіріне айтпауының да сыры бар. Жылдағыдай емес, кемпірінің биыл жүрек қыспасы жиілеп тұр. Хатты құпия жазу себебі, онсыз да аурулы-сырқаулы кемпірінің көңіл-күйіне дақ түсірмеу. «Хат жаздым балаларға» десе, Қадишаның оларға «келіп кет» деген сөзді қостырары, ал олар келмей қалса, кешіксе, дегбірсізденіп қобалжуы, тіпті хат келмесе де абыржып, жүрек қыспасы ұстап, ауырып қалуы мүмкін. Сондықтан балаларына деген хатты құпия жазуға Жәкең іштей бекем тоқтады.

Айтты-айтпады, Қадиша кемпірдің денсаулығы пәс. Той-домалақты құр қалдырмайтын ол биыл қыдыруды да сиретіп еді. У-шуды көтермейді, жүрек қыспасы ұстап қалады. Күніне екі мезгіл сауып тұруға әлім келмейді деп, осыдан он жыл бұрын бұзау күнінен бағып-қағып өсірген бұлақтай сиырды да саттырып жіберді. Екі-үш тұяқты өргізетін де, қоралайтын да шалы. Айдың алғашқы аптасында берілетін пенсияларын да соңғы күндері үйге әкеліп беретін болды. Шалына шәй-пәй әзірлеп берудің өзі Қадишаға бір ақырет. Табиғатында дәрі-дәрмек десе лоқсып, емхананың есігін ашуға қорқатын Қадишаны шалы бірде ауыл дәрігеріне жетектеп апарған еді.

– Жасы ұлғайған адамда мұндай сырқат болмай тұрмайды. Нервіңізді сақтаңыз. Балаларыңызды көп ойлайтын шығарсыз. Ол да жүйкеге әсер етеді. Жәкеңе де көп ұрса бермеңіз, – деп, дәрігер жігіт сөзінің соңын әзілге бұрған. Бірді-екілі дәрі жазып берген.

Өзі ауырып жүрсе де, қайран шеше балаларының қамын ойлайды. «Бармайсың, жағдайларын білмейсің» деп шалын мазалайды. Тіпті, қар түскелі кемпірі басқа бір әуенге басты.

– Ана жалғыз биенің жабағысы мен тайын сойып, Тұмаржан мен Шынаржанға жеткізіп бер. Көзіміз тірісінде біз қамқорлық жасамасақ, қаладағы оларға кім қарасады. Ал, ана Балғабекке жылы қолғап, шұлық тоқып салушы едім, одан да қалдым, – деп әскердегі кенжесін де еске алады. Қалтасындағы көнетоз конвертті алып, иіскеп, тап бір қарсы алдында баласын аялап тұрғандай көзіне жас келді.

– Ой тәйірі, соларды қойшы, – деп бастай берді де, Жарқынбай шал сөзінің соңын жұтып қойды. «Кемпіріңіздің көңіл-күйін түсіруге болмайды» деген дәрігердің сөзі есіне түсті.

Кемпіріне сыр ашпағанмен, Жарқынбай шалдың өз ойы бар еді. Әлгіндей соғым деген ой оның да кәрі жүрегінің түкпірінде жүретін. Бірақ, жылдағыдай артынып-тартынып жол тартып кетуге зауқы жоқ, әрі қаладағы Тұмарбайы мен Шынаркүлі сол барған күні ғана мәре-сәре болғанмен, шалдың көп жата бергенін қаламайтын сияқты. Ананы-мынаны сылтауратып, қаланы аралатуға да қолдары тимейді. Апарған қоржын-қолабасын босатып, ішіне әрқайсысы уәделескендей бір-екі кило шәй мен конфет салады да:

– Аташкаларыңды станцияға шығарып салыңдар, – деп ересек балаларын қосып, асығып-үсігіп жұмыстарына кетеді. Шығарып салушылар да вокзалға келген соң тыпыршып, «сабағым» дей ме, «спортзал» дей ме, әртүрлі сылтау айтып, шалдан құтылғанша асық. Тіпті онымен қоймай:

– Аташка, автобусқа мінетін тиын беріңізші, – деп мұның қалтасындағы соңғы саршұнақтарды да қағып алады.

Ол да оқа емес. Жарқынбай шал немерелеріне тиын-тебен бергеннен қашқалақтап жүрген жоқ, қайта ондайда қарт көңілі марқая түсетін. Оған бататыны – балаларының дағарадай үйінде жалғыз қалуы. Жалпы қалалықтардың бәрінің өмірі солай ма, Тұмарбайы келіншегімен, Шынаркүлі күйеуімен бозала таңнан тұрып, асып-сасып өз үйлерінен кеткенше асық. Екеуінің балалары да апыл-ғұпыл тұра сап, май жаққан жартыкеш тоқаштарын жүре жеп, бірі – мектепке, бірі – бақшасына кетіп отырады. Кеткенде енді бұл үйге қайтып келмейтіндей, бір-бірімен қоштасып, «дәспиданиясына» дейін айтып тарқасады.

Әредік келіп-кетіп жүргенде Жарқынбай қарияның көретіні осы. Ертеңгісін осылай жан-жаққа жанұшыра кетіп жатқан балаларын, немерелерін терезеден ұзатып салған соң Жәкең жиһазы жасаулы «жұмақ» үйде жалғыз қалады. Көңіл құсы домбыра тартқысы келетін сияқты, бірақ ол осыншама «асылдардың» арасынан қазақтың қос шекті домбырасын таба алмайды. Қария біраз отырғаннан кейін сыртқа шығып, өзіне кәнігі көшелерді жаяу аралап, азын-аулақ сауда жасайды. Кемпіріне көйлектік мата іздейді. Астанадан тез барады деп почтаға соғып, кенжесі Балғабекке ақша салады. Сосын барып көңілін демдеп, ауылға қайтудың қамына кіріседі. Күні бұрын билет алып қояды. Сонда аңдайтыны – ұлы мен қызының мұны үздігіп күтіп отырмайтындығы. Оны Жәкең балаларының хатқа сирек жауап беретінінен де сезетін. Тіпті ұлы мен қызы соңғы уақытта оны да қойды. Хат жоқ. Өткен-кеткеннен анда-санда амандығын біледі. Кейде кемпірі мазалаған сәтте байланыс бөлімшесінің кеңсесіне барып, телефонмен сөйлесіп, амандық біледі. Оған да шүкір.

Шал мен кемпірдің бар медеуі – кенжесі Балғабек. Ол әскерге кеткенше ауылда білдей тракторшы болды. Қаладағы ағасы мен апасының оқытамыз дегеніне көнген жоқ. Мектептен аттестатымен қоса алған тракторшының куәлігін кәдеге жаратып, ауылда қалды.

– Оқу ешқайда қашпайды. Бір үйден барлығымыз оқымысты болсақ, ауылды кім көркейтеді? – деп кәдуілгі үлкен кісілерше ой тастаған-ды. Мұнысын қариялар да құптаған. Міне, сол Балғабек әскерде, сонау Қиыр Шығыста жүрсе де, шал-кемпірдің жағдайын тәптіштеп сұрап, амандық біліп, «әне-міне отпускіге де барып қайтамын» деп жер ортасына келіп қалған ата-анасын мүсіркеп қояды. Оған шүкіршілік айтып отырады қарттар.

Жарқынбай шал өткен түн тапжылмай отырып осы балаларына құпия хат жазды. Балғабекке деген хаттың мазмұны бұрынғы сүрлеу – ауыл амандығы, шаруа жайы, шал-кемпірдің күнделікті қам-қаракеті, ауа-райы дегендей. Ал, Тұмарбай мен Шынаркүлге жазылған хат бұрынғысынан салмақты еді. Қаламының аздап жорғасы бар, сөйлер сөзге шешен болмаса да ойлы хат жазуға өзіндік шеберлігі мол Жәкең хатты қысқа жазса да біраз нәрседен хабар берді.

Ол хатын «Қымбатты балаларым» деп бастап, одан әрі ұлының, келінінің, қызы мен күйеу баласының, немерелерінің аттарын тізіп шықты. Екі үйге бір күнде жазылған хаттың мазмұны да бір болатын.

…«Амандықтан соң айтар сөз: жағдайымыз жақсы, шаруа жайлы, ағайын-туыс амандық. Көршіміз Құрманай құрдасымның үлкені әскерден келген, ауыл-аймақ болып тойын өткіздік. Біздің Балғажан да отпускіге келемін деп қояды. Бізге қарағанда бір табан жақынсыңдар ғой, хабарласып тұратын шығарсыңдар. Міне, қылышын сүйреп қыс та келіп қалды. Шөбімізді түсіріп алып, көңіл демдеп отырмыз».

Шал ендігі сәлемді жаңа жолдан бастап жазды. «Айтайын дегенім, шешелеріңнің биыл сырқаты бар. Абыржымай-ақ қойыңдар, әйтсе де, қолдарың тисе келіп, көңіл-күйін көтеріп кеткендерің жөн. Балаларға деген күздікті өздерің алып кетсеңдер тіпті жақсы болар еді. Апарып беруге кемпірден шыға алатын емеспін. Шүкір, әзірге тай-тулақ бар ғой. Сендер үшін бағып отырған жоқпыз ба азын-аулақ малды…

Балғажан әскерге кеткелі қоңылтақсып қалдық. Кемпірдің де жанына сол бататын сияқты, көңіл-күйі пәс. Мүмкін болса ана әзір оқуға бармаған немерелеріміздің біреуін бізге жіберсеңдер. Балғажан келгенше осында болсын. Басқа не айтайын, келіңдер…» деп сәлем соңына Жәкең шимайлап қолын қойып, хаттың жазылған айы мен күнін көрсетті.

Хаттың құпия жазылғаны соншалық, бұл туралы Жәкең құрдасы Құрманайға да сыр ашпады. Әшейінде сәскелікте мал жайлап болған соң, қора маңында айырларына сүйеніп, әңгіме шертетін еді. Онда өткен-кеткен айтылып, қаладағы балалардың хабары да сөз болатын. Жәкеңнің хатты құпия сақтау себебі – Құрманай ақсақал ойынды-шынды болса да:

– Балаларыма хат жаздым деп жүр едің, олардан хабар бар ма, келе ме екен, немерелерден не хабар бар, – десе, тіпті оны ана кемпірінің көзінше айтса, қанша дегенмен сырқаулы көңілге ол да қаяу емес пе? Әрі балалары бар болғыр жеделдетіп келе қойса, не хат жазып хабарласса жақсы. Әйтпесе, Құрманайдың әлгі сұрағы шалдың өз жүрегіне де шаншудай қадалмай ма? Сөйтіп не болса да Жарқынбай шал балаларға жазылған бүгінгі хатты көңіл қалтарысында құпия сақтағанды жөн көрді…

Бір қаланың о шеті мен бұ шетінде тұратын ұлы мен қызына Жарқынбай шалдың хаты бір күнде, бір сағатта жетті. Көп қабатты үйдің астыңғы қабатындағы почта жәшігінен хат-хабарды Тұмарбайдың келіншегі – Света ала келген еді. Шалдың қол таңбасын бірден танып, хатты күйеуінің жазу столына лақтырып тастап, өзі мода журналының соңғы санын қызықтауға кірісті. Серванттың жоғарғы суырмасында тұрған қорапты конфеттен бір шоколад алып, ернінің қалың қызыл бояуына тигізбей, соны қажалай отырып, журнал оқуға кірісті.

Жасы қырықты алқымдап қалған керенау келіншек әдеттегісінен сәл кештеу келген Тұмарбайды тергеушідей тексеріп алғаннан кейін барып, кешкі ас жабдығына кірісті. Атасының хаты жайына қалды. Оны жатар алдында ғана көрген Тұмарбай жедел ашып, оқи бастады. Әкесінің арбиған жазуларының әр жолын оқи отырып, ол ауыл өмірін көз алдына алып келді.

Құрманай ақсақалдың үйіндегі тойы, жусанның жұпар иісі аңқыған өз үйінің ауласындағы көкбалауса шөп, оны айырлап жиыстырып жүрген қазықтай қара шал – әкесі, бүкшеңдеп сары жез самаурынды далаға шығарып, тұтатып жатқан – шешесі, оларға әзілдеп қалжың айтып тұрған көрші шал Құрманай – бәрі-бәрі көне кино лентасын көргендей әсер етті оған.

– Атаңыздың хатын оқыңыз, – деді ол Светаға үні әдеттегісінен жарықшақтана шығып.

– Не депті, – деп хатты салқынқандылау алған келіншек ірі жазуларға үнсіз көз жүгірте бастады. Хатта одан басқа сөз жазылмағандай, атасының «соғымдарыңды алып кетіңдер, бір немеремізді Балғабек келгенше бере тұрыңдар» деген жолдарға шұқшия түсіп, атасын жазғыра бастады.

– Осы кісі қызық өзі, – деді Света қатқыл үнмен, енді баласына деген күздігі ме еді, соғымы ма еді, онысын да ауырлағаны ғой, немересі несі тағы? Мәдениетті ортада өсіп келе жатқан баланы еще не хватало, қараңғы қазақтардың күтіміне берсем, даже ол қазақша да білмейді ғой. Сонда Викамен қалай сөйлесем дейді екен. Вообще, біздің Вика ауыл дегенді ұнатпайды. Анада емес пе: «Мама, Аташка чем-то пахнет» деп шалға жоламағаны, – деп әдеттегі сылқым күлкісіне басты.

Бұл күлкі Тұмарбайдың жүрегіне инедей қадалғанымен ол келіншегіне ләм-мим деп тіл қата алмады. А, десе болды Светаның жанжал шығаратынын біледі. Ол үнсіз қалды. «Алдағы бір мәжіліске баяндама әзірлеуім керек еді» деп жазу столына жайғасты. Кербез келіншек шар айнаның алдында биенің бір сауымындай уақыт шашымен әуреленіп, жатар бөлмесіне кетті. Ауыл туралы әңгіме сол жерде қалды.

Тұмарбай Жәкеңнің мойнына тұмар салып тілегенде көрген тұла бойы тұңғышы. Сонау сұрапыл жылдары соғысқа кеткенде бұл жеті жастағы бала еді. Көп жыл баласы тұрмай Тұмарбайын көргенде ағыл-тегіл көз жасын ағыза отырып, анасы тәңірден оның министр болуын емес, тірлігін тілеген еді.

Ал, баласының бүгінгі арманы – министр болсам, шіркін. Оған да таяу. Білім десең, білім бар. Жарқынбай шал жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп, мұны оқытты. Жиған-тергенін өзі мен кемпірінің аузынан жырып, осы Тұмарбайының алдына тосты. Сонау шалғайдағы құмнан астанаға жылына бір барып, баласының оқуын, тұрмысын біліп қайтпаса кемпірі де маза бермейді, өзіне де тыным жоқ. Қарт көңілінде жалғыз-ақ арман – Тұмарбай қатарынан кем болмаса екен.

Шал-кемпірдің тілегі қабыл болды да, Тұмарбай қатарынан озбаса, кейін қалған жоқ. Табиғатында зеректігіне ауылдағы ата-ананың, көл-көсір көмегі себеп болып, оқуды алаңсыз оқыды, әрі үздік бітірді. Аспирантураға түсті. Астанаға қызметке қалды. Міне, қазір министрлікте жетекші бір бөлімді басқарады, үлкен ғалым. Оның пікірімен дөкей басшылардың өзі санасады. Абырой, бақ деген осы да.

Сөйткен Тұмарбайдың тұралап қалатын бір жері – келіншегі Светаның алды. Онымен сөз таластырып болмайды. Ел билеген Тұмарбайды Света қамырша илейді. «Әйелді бастан» деген теорияға Тұмарбай кезінде мән берген жоқ. Тіпті, мән беруге мұрша да болмады. Күндіз-түні қағаз кеміріп, кітапхана жағалап жүргенде әйел тәртібінің мәселесімен айналысуға уақыт та жоқ сияқты-тын.

Арада төрт-бес жыл өткенде дүниеге бір қыз, бір ұл келді де Светаның мерейі тіптен үстем болды. «Қызың әне, ұлың міне, бір әйел мендей-ақ болсын» деп Света төсін қағып, жер тепкілейді. Әлдеқалай еркектігіне басып, Тұмарбай дауыс көтерсе, Света екі көзге ерік беріп, дода-дода болып, ағыл-тегіл жылап, «бір күн ұрыстың қырық күн кесірі бар» дегендей, оның арты ұзаққа созылып кететін. Соңғы жылдары жұмысты да қойып, біресе ана жерім, біресе мына жерім ауырады деп курортқа баруды жиілетті. Бұл үйде оған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Ол өзі би, өзі қожа. Оның өз тілімен айтқанда, «современная королева».

Әкесінің хаты туралы әңгімені кешкілік одан әрі қозғауға батылы жетпеген Тұмарбай ертеңгілік тағы да Светаға сыздықтата бастады.

– Шал-кемпірге біріміздің барып қайтқанымыз жөн болар, – деді ол байыппен сөйлеуге тырысып.

Өзің бар, мне некогда!

– Біздің министрлігіміз үлкен бір жиналысқа даярланып жатыр, мен сонда баяндамашы болып белгіленген едім. Светочка, сен ақылды тентексің ғой, әрі ана балаларға деген ет-метті ала келіп, былай… – деп бипаздап келе жатқан Тұмарбайды келіншегі келсаппен ұрғандай тиып тастады.

– Солардың сасыған етін жемесек те аштан өлмеспіз. Во-вторых, менің қолымда Қырымға путевка бар. Жаздай путевка іздеп, сен тауып беріп, мен бармап па едім… Доғар енді өзіңнің де, менің де нервіме тиіспе, понятно!

Одан арғы әңгіменің бос сөзге ұласатынын Тұмарбай біледі, әрі нерв деген бұған да керек. Ол бір шыны-аяқ шайды әзер тауысып, асығып-үсігіп қызметіне кетті. Хат жауапсыз қалды…

…Тап осы сәтте Шынаркүлдің үйінде де бір «шайқас» тұтана жаздап сөнген болатын. Ертеңгісін шайды ала бергенде, кеше кешкісін сменадағы жұмысынан кешігіп келген Жақыптың алдына көк конвертті көлденең тастаған Шынаркүл күйеуінің хатты оқып болуына да қараған жоқ. Бастырмалата бұйрық берді.

– Көкем қиналған соң жазып отыр, бүгіннен қалма, менің қолым босамайды. Репетиция. Манапчикті ала кет, бірақ ни в коем случай қалдырма өзіңнен. Шал-кемпір азын-аулақ мауқын басса болды. Екі-үш күн бол да, берем деген соғымын сойып, арқалап ал да кел. Сөйтеді біздің қара шал, – деп сөзінің соңын әзілге бұрды.

– Оу, Шынарка, менің жұмысым… – деп бастаған Жақыптың сөзін аяқтатқан жоқ.

– Бюл-ле-тень! – деген бір-ақ сөзбен нүкте қойды.

– Өтірік ауырып болдым. Жұрттан ұятты тіпті. Өлмейді екем, ауырғанды енді көрсетпе маған, – деді Жақып та дауыс көтеріңкіреп.

Бұл Шынаркүлге бензинге от қойғанмен бірдей болды.

– Әй, сенің қай әкең «соғым берем, алып кет» деп хат жазып отыр. Анадағы ана саудагер шал ма, бар жақының. Манапчик соның қауынын жеймін деп екі ай ауырған жоқ па. Қара мұның дандайсуын. Бар деген соң барасың. Әйтпесе, үйден кет! Кет деген соң кет! Марш отсюда. Ойбай-ойбай! – деп көкке ұшып, жерге түсті. Әлгінде жаққан опа бояу көз жасымен еріп, Шынаркүлдің беті әлем тапырық болып кетті.

Бұдан арғы керістен мән шықпасын білетін Жақып, құюлы шайын ішпестен жұмыстан сұранып келуге кетті. Манапчик, сол күні бақшасына барған жоқ. Оған сырқат деген справка алатын болды. Шынаркүл бұл мәселені де табан астында шешті.

– Алло, Эльвирасың ба? – деді ол трубканы алар-алмастан, – мен ғой. Әлгі біздің бұзаубасты төркініме жіберетін болдым. Иә, соғымға. Манапчикте бірге барады. Жоқ оған керегі жоқ, өзі сұранады жұмыстан. Манапчикке справка. Ага да. Келіңдер. Ана біздің бұйра бас донжуанға привет! Иә, иә сәтті де, тәтті күн…

Құпия хаттың мәселесі қалада осылай шешілді. Болашақ министрдің үйінен ата-анасына баратын ешкім жоқ. Ал, Жақып күйеу қайын жұртына құстай ұшып жетті. Шалдың немересі Манапты да ала келді. О, сол күні Жарқынбай шал мен Қадиша кемпірдің қуанғанын көрсеңіз. Күздікке деп жемдеп отырған құнан қойын сойып, ауыл-аймағын шақырып, немересінің тоқым қағар тойын жасады. Көйлегінің етегіне сүрініп, орнынан тұра алмайтын Қадиша барлық жабдықты өзі жасап, мәре-сәре. Қаға берісте балаларының – қызы мен ұлының амандығын сұрайды. Қадиша үшін Жақып күйеу баласы тап кенже баласы Балғабектің қасынан келгендей, әскердегі оның да хабарын білгісі келеді. Табиғатында өтірікке жоқ Жақып одан біраздан бері хабар алмағанын айтады. Бұған мұңайып қалады кемпір.

– Әжеңе хат жайын айтпай-ақ қой, өзің арнайы келген бол, – дейді Жарқынбай.

Құпия хаттың сырын білсе кемпірінің «сен шал екен ғой, жер дүниені дүрліктіріп жүрген, баланы жұмысынан қалдырып» деп кеюі мүмкін.

Шал-кемпірдің үйіндегі шаттық ұзаққа бармады.

«Жұмысым бар. Шынаркүл тез қайт деген» деп таңертең шайда бір, кешке етте бір қыңқылдай берген соң, Жарқынбай шал оның қайтуына келіскен. Ту биенің тайын сойып, төрт қапшыққа теңдеп берді. Немересінің қалмайтынын Жарқынбай шал елең-алаңнан Жақып баласын киіндіре бастағанда-ақ білді.

– Оу, Манап күшік қалмай ма? Балғажан келгенше біз құлазып… – деп Жәкең кемпіріне қарады.

– Тәңірім-ай, енді қайттым, ең болмаса бір-екі айға қалдырсаңшы. Шал өзі бір қатынағанда… – деп кемпір күйеу баласына қарап еді, ол тағы да өз тәңірісі – Шынаркүлдің атын атап күбірлей берді.

Сонымен, шал-кемпірдің өмірі сол баяғы таз қалпына тағы түсті. Екеуден-екеу. Бұл үйдегі үшінші тірі жан – ала мысық. Екеуінің ермегі сол. Шаруа жайынан қолы боста біресе кемпір, біресе шал ала мысықты бауырына кезек қысып, екеуі екі бұрышта жантайып жатады да қояды. Жәкең кейде бой сергітіп, домбыра тартады. Құрманай құрдасын қасына ертіп, өзінен жасы үлкендерге сәлем бере қыдыратыны да бар. Естіген жаңалығын кешкісін кемпіріне айтады. Аракідік баяғы көзілдірігін, баяғы қалам-сиясын алып, өлең жазған болады. Онысы қара дүрсін болғанымен, өзінің қоңырқай дауысымен ескі бір әннің желісіне салып айтқанда әп-әдемі естіледі. Тыңдаушысы – кемпірі. Қадишаға ұнаса болды, онысын қайта көшіріп аудандық газетке жолдайды. Шықса шығар, шықпаса ондағылардың «Өлеңіңіз тәп-тәуір екен, бірақ өкінішке орай пайдалана алмадық» деген жауабы да шалдың көңіліне тоқ.

Бүгін құпия хаттың екіншісінен де хабар келді. Оны совхоз директоры өзі келіп айтты.

– Жәке, халдеріңіз қалай? Осы шаруашылық, науқан деп жүреміз де қариялардың амандығын да білуге қол тимейді, – деп директор әңгімені бипаздап бастады. Жақында министрлігімізде үлкен жиын болып, сонда Түмекеңмен жолықтым. Сәлем айтып жатыр. Биыл бара алмаймын дейді… Жобасы қызметі жоғарылайтын түрі бар-ау. Сондай алып-қашты сөз бар, – дегенді айтты директор.

Өмірден көргені көп Жарқынбай шал баласының сәлемдемесін бұрынғыдай арадағы кісіден емес, директор өз аяғымен келіп айтқанынан Тұмарбайдың түбі тегін еместігін сезген еді. Баласының мерейі үстем болғанын қай ата-ана жек көреді. Бұл күні шал-кемпірдің көңілі бір желпініп қалды.

Күйеу баласының немересімен келіп кетуінен гөрі де, тұңғышы Тұмарбайдың қызметі жоғарылауы туралы хабардан да, Жарқынбай шалға Балғабектің әскерден жазған тілдей хаты үлкен қуаныш болды. Әдеттегі «амандық хат» деген тақырыптың орнында бұл жолы «Көкеме құпия хат» деген жазулар бар еді. Сәті түскенде Жәкең хатты жалғыз оқыды.

«Көке, – деп бастапты хатын Балғабек, апамның жүрек қыспасы бар еді ғой. «Қорыққан мен қуанған бірдей» дейді. Сондықтан бұл хатты сізге құпия жазып отырмын. Совет Армиясы қатарындағы үздік қызметім үшін жақында екі апта демалысқа шығамын. Сіздерге айтар қуанышты хабарым сол – барысымен үйленемін. Келіндеріңіз өзіммен бір мектепте оқыған ауылдас қыз. Қазір оқуда. Ол практикаға ауылға барады. Сонда үйленуге келістік. Көке мұны апама жайлап түсіндір. Әйтпесе, тағы да жүрек қыспасы ұстап, ауырып қалады. Қатты қуанғанның да сондай әсері болатындығын дәрігерлер жазып жүр ғой…».

«Ақылыңнан айналайын, ботам», – деп дауыстап жіберді Жарқынбай шал.

– Өзіңмен өзің сөйлесіп, жынданғаннан саусың ба? – деп кемпірі сөйлей кірді үйге.

– Жоқ, жынданғаным жоқ, Балғажаннан хат келді, міне.

Бауырсақ толы шара көтерген Қадиша үшбұрышты мөр басылған солдаттың хатын көкірегіне басып ұзақ тұрды. Еріндері енді-енді дірілдеп, кәрі жанары жасаурай бастағанда шарадан бір уыс бауырсақты алып Жарқынбай кемпірінің үстіне шашып:

– Шашу-шашу! – деп еркінен тыс айқайлап жібергенін өзі де сезбей қалды. Тіпті кемпірінің жүрек қыспасы да есінен шығып кетті. Салдыр еткізіп қолындағы бауырсақ толы шараны жерге тастай берген кемпірін Жәкең ұстап үлгерді әйтеуір. Қамзолының қалтасынан дәрісін алуға ғана шамасы келген Қадиша оны тілінің астына басып, шалының сүйемелдеуімен пеш түбіндегі төсегіне ілбіп әрең жетті. Сүт пісірімдей тілсіз жатқан Қадиша қолындағы хат жолдарына жасты жанарын қадай түсті де тағы да талықсып кетті…

Ол күні Жарқынбай үйінің шамы таң атқанша сөнген жоқ. Ертеңгісін қора ауласының қарын күреп жүрген Жәкең ат-шана әбзелін әзірлеп жатқан Құрманай құрдасын көрді.

Оу, жол болсын, құрдас!

– Сәулежаннан хат келді. Ауылға практикаға келемін депті. Сол ботамды қарсы алуға станцияға барамын, – деп Құрекең құрдасына ағынан жарылып, қуанышын паш етіп жатыр.

– Біздің Балғажаннан да… дей беріп Жарқынбай шал тілін тістеп алғандай, әңгімесін басқа арнаға бұрып, жолың болсын құрдас, жолың болсын! – деп күбірлей берді…

Ол бұл қуанышын кемпіріне айтқан жоқ. Әлгінде елжірей түскен жүрек түкпірінде құпия сақтап қалды.

Көбейсін Еңсебаев.

Комментарии закрыты.