Қызғалдақ ғұмыр

20140912-03-01«Құрметті Надежда Петровна! Сізді мектебіміз-де өтетін алғашқы құрылысшылармен кездесу кешіне шақырамыз!..»

Екі бүктелген осы алақандай қағазды бүгін бірнеше рет оқыған шығар. Әр оқыған сайын жүрегі алабұртып, бір түрлі сезімге бөленетіндей. Неге бүйтетінін өзі де түсінбейді. Мұндай кездесулерге, жиындарға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Әйтсе де жұдырықтай жүрегі атша тулап, кеудесіне сыймай кетердей болады. Мүмкін бұл сағыныш толқуы шығар? Дәл тапты. Сағыныш. Өткен күндерге деген сағыныш. Жастық шаққа деген сағыныш. Осы өңірге келгенде жұлындай жұтынған, аяқ қолы балғадай бойжеткен еді-ау. Енді, міне, бет-жүзін әжім торлаған кемпір болыпты. Зымырандай зулаған заман-ай!

Айна алдына келіп үсті-басын тағы бір рет мұқият қарап шыққан Надежда Петровна қол сөмкесін алып сыртқа беттеді. Қыркүйек айы жаңа басталса да ауада салқындық байқалады. «Күз де келіп қалыпты-ау» деп ойлады ол жан-жағын жіті қарап шығып. Бұл оның күндегі әдеті. Есік алдына шыққан сәтте жан-жағын осылай қарап алады. Әр қараған сайын қаланың көркейген келбетін көріп, көңілі бір өсіп қалады. Енді ше, кеше осы қаланы өз қолымен тұрғызбап па еді…

«Айтпақшы, қазір кездесуде сөз беріп қалуы мүмкін екен ғой. Не айтуым керек. Дүйім жұрттың алдында әр нәрсенің басын бір шалып тұрмайын. Жол бойы ой тоғыстырып алғаным дұрыс болар».

 

*** *** ***

– Мама, мен бала емеспін ғой. Оқуды бітірдім. Мамандық алдым. Енді еңбек етуім керек қой. Сонда мені өмір бойы қасыңда ұстап отырмақпысыңдар?

Үлкен қоңыр кәрзеңкеге киімдерін жинастырып жатқан Надя өзінің алған бетінен қайтпайтынын білдіріп, нығырлап қойды.

– Қызым-ау, сені қасымыздан шығармайық деп отырғанымыз жоқ. Барамын десең осы өңірде де құрылыстар көп емес пе…

– Мама, бұл жай құрылыс емес. Екпінді құрылыс. Қазақстанда үлкен өндіріс ошағы ашылып жатыр. Сол жерде келешекте үлкен қала орнамақ. Біз соның алғашқы іргетасын қалауға барамыз. Сол үшін бізге комсомолдық жолдама беріп отыр.

Қызымен енді тәжікелесудің бос әурешілік екенін түсінген ана баласын бауырына қысып тұрып:

– Бұрын-соңды көріп, білмеген жерің ғой. Оның үстіне алыс сапарға тұңғыш рет шығып тұрсың. Бірақ, алған бетің дұрыс. Қатарыңнан қалмаймын дегеніңді құптаймын. Жолың болсын, жарығым… – деп кемсеңдеп, сөзінің соңын жұтып қойды.

Енді сәл тұрса өзінің де көңілінің босап кететінін сезген Надя анасының екі бетінен алма-кезек шөп-шөп сүйді де кәрзеңкесін алған күйі үйден асығыс шығып кетті.

 

*** *** ***

Надя вокзалға келгенде құрбы-құрдастары жиналып жатыр екен. Вокзал басы у-шу. Самбырлаған музыка ат шаптырым вокзал алаңын баурап алған. «Екпінді құрылыс десанттарына жалынды сәлем!», «Сәт-сапар саған, құрылысшылар!» деген жалынды сөздері бар лозунгтар сонадайдан көз тартады. Алаң ортасына биік мінбер қойылыпты. Қыздар мен жігіттер топ-топ болып сол мінбердің маңына шоғырланған.

– Надя, біз мұндамыз. Бері кел, – деген дауысқа жалт қарап еді, мұның курстастары мінбердің оң жақ қапталынан орын алыпты. Айқайлап тұрған құрбысы Вера екен. Жүгіріп келіп қолындағы жүктеріне жармасты. Өзі сондай ақжарқын, ашық қыз. Екеуі бірінші курстан дос. Сабаққа да бірге дайындалатын. Би кештерінде де бірге жүреді. Құрбы-құрдастары оларды әзілдеп «егіздер» деп атап кеткен. Сол Вера Қазақстанға да бірге кетіп барады. Өзі күндегісінен де сөзшең болып кеткендей. Жүзі бал-бұл жанып, аузын жаппай сөйлеп келеді.

– Ой, Надя, білесің бе, мамам екеуміз жарты күн жылаған шығармыз. Мамам: «Қызым-ау, қалсаң қайтеді? Қазақстанның қысы суық, жазы ыстық болады. Шыдай алмай, ауырып қалсаң қайтесің», деп үгіттеді. Мен көнбей қойдым. Сен ше? Мамаң тез рай берді ме?

Мына әңгімені естігенде Надяның жүрегін әлдебір күш кеудесінен суырып алып жатқандай болды. Бірақ, құрбысына сыр бермеді.

Дес бергенде митингі де басталып, елдің назары мінберге ауды.

– Жолдастар! Комсомолдар! Қыздар мен жігіттер! Биылғы 1965 жылдың жазы сендердің өмірлеріңде мәңгі есте қалатын болады. Сендер тұңғыш рет Советтік Отанымыздың болашағы үшін үлкен сапарға, екпінді құрылысқа шыққалы тұрсыңдар. Қазақстанда үлкен өндіріс ошағы ашылады. Елімізде мыс өндіретін завод, шахталар салынады. Сендер соның іргетасын қалауға аттанып барасыңдар. Сапарларың сәтті болсын. Саратов қаласының атына, өздерің оқыған училищенің атына кір келтірмейтін мықты маман болыңдар. Біз сендерге сенеміз.

Қалалық комсомол комитетінің хатшысы өз сөзін осылай жалынды бастап, қыздар мен жігіттерді жігерлендіріп, рух берді.

Сәлден кейін вагондарға отырғызу басталды. Енді бір сәттерден соң жалынды жастар мінген поезд Қазақстанның кең даласын бетке алып жүйіткіп келе жатты.

 

*** *** ***

– Болашақ кеншілер қаласына қош келдіңіздер! – деді Саратов қаласынан келген комсомол жастарды қарсы алған құрылыс басқармасынан келген өкіл жігіт жайдары жүзбен. – Сіздерді қонақжай қазақ халқы құшақ жая қарсы алады.

О шеті мен бұ шетіне көз жеткісіз иен далаға таңырқай қараған қыздар мен жігіттер бір сәт үрпиісе қалған. Көкжиекке дейін көз сүрінер бір ноқаты жоқ жазық дала. Сары дала. Аңда-санда үп еткен желмен көтерілген құйын ғана бой көрсетеді.

Қаланың құрылысы енді ғана басталғанға ұқсайды. Үш-төрт екі қабатты ағаш үй мен ұзын-ұзын барақтардан басқа ештеңе жоқ. Құрылыс материалдарын тасып жатқан жүк машиналарының соңынан көтерілген кою шаң айналаны еркін тұмшалап алған.

– Мына жерде шақырайған күннен тасаланатын бір түп бұта жоқ қой. Мына аптапта шыжып өлмейміз бе? – деді үнсіздікті бұзған ұзын бойлы, жұқалтаң келген сары жігіт.

Бұл Виктор деген жігіт еді. Оқуда жүргенде өзін өзгелерден ерекше ұстауға, сәнді киінуге құмар жан болатын. Әрине, мына жердің жағдайы оған қолайлы соғып тұрмағаны анық. Сонысын аңғарған Надя:

– Сеніңше қалай, Виктор, қала тек орманды, тоғайлы жерлерде ғана салынуы керек пе? Әлде сен мұнда саябақта серуендейтін демалыс орнына келіп пе едің?!

Серіктері Надяның сөзін құптағандай ду күлді. Өзінің орынсыз сөйлеп қалғанын кеш байқаған Виктор «Әшейін айтқаным ғой», деп ақталған болды.

– Жолдастар, бері таман таяныңыздар, – деді осы кезде төбесі тақтаймен жабылған көлеңке астындағы ұзын столға келіп жайғасқан манағы күтіп алған жігіт. – Менің есімім Біржан болады. Осы учаскенің прорабымын. Бері, мына көлеңкенің астына келіңіздер. Кеңінен танысайық. Бригадаға бөлініп, жұмыс жоспарын талқылайық.

Өздерін күтіп алған жігіттің Біржан екенін, оның прораб екенін білген жастар жаппаның астына жақындай түсті.

– Былай болсын, – деді Біржан бәрі жиналып болған соң. – Мен сіздердің аты-жөндеріңізді әлі толық білмеймін. Сондықтан, сіздер өз мамандықтарыңыз бойынша бригада-бригадаға бөлініп, араларыңыздан бригадир сайлаңыздар. Мен сол кісі арқылы сіздермен танысатын боламын.

Бұл жұмыс онша көп уақыт ала қойған жоқ. Келген 25 жас өз мамандықтарына сай сылақшы-сыршы, балташы, тас қалаушы болып бөлініп, өз басшыларын да тез сайлап ала қойды. Сылақшы-сыршылар бригадасын Надя басқаратын болды…

 

*** *** ***

1 мамыр. Ел демалыста. Әсіресе жастардың қуанышында шек жоқ. Кеше «Шеруден соң қаланың сыртына шығып, серуендейміз. Бұл жақта қызғалдақ мол. Гүл тереміз», деп келіскен болатын. Енді, міне, шеру аяқталысымен бәрі қаланың сыртына қарай беттеді. Надя бастаған бір топ бозбала мен бойжеткен шағын төбенің басына жүгіріп шықты. Алдарында қызғалдағы жайқалған жасыл алқап жатыр. Қызыл, сары ақ, қара қызғалдақтарға көз сүрінетіндей.

– Апыр-ай, мұндай да керемет, мұндай да сұлу дала болады екен-ау!

Надя жалт қарап еді сұлулыққа сұқтанып тұрған баяғы Виктор екен.

– Сен емес пе едің, былтыр осындай құлазыған далаға да қала салады екен-ау деп мұрныңды шүйірген…

– Ту-у, осы қыз да қай-қайдағыны ұмытпайды екен. Ол кезде күз болғансын ба, дала сондай көрінген.

– Виктор дұрыс айтады. Ол кезде бұл дала құлан жортпас құла дүз еді. Енді, міне, бір жылдың ішінде біз оны түрлендіріп жібердік. Қараңдаршы, қандай әсем қала бой көтеріп келеді?!

Жастардың бәрі енді назарларын қалаға аударды. Шынында да, күні кеше осы жерде екі қабатты үш-төрт үй ғана болды дегенге ешкім сенбейтіндей. Қаз қатар салынған үйлер кәдімгідей-ақ бой түзеп қалыпты. Енді бірер жылда зәулім шаһарға айналғалы тұр.

 

*** *** ***

Надежда Петровна кездесуден көңілді қайтты. Әсіресе, бүгінгі ұрпаққа өзінің замандастарының жастық шағын, еселі еңбектерін әсерлі етіп әңгімелеп бере алғанына дән риза.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.