Теолог мамандармен кездесу

20140912-04-02Кеңес үкіметінің билігі жүріп тұрған дәуірде саяси жүйеміз ғана емес, салт-санамыз да құлдырай бас-тады. Орыстандыру саясаты тіліміз бен дінімізден безіндірді. Ал, Тәуелсіздігіміз жария болғаннан соң ата-бабамыз салып кеткен сара жолды нақтылай білдік. Алайда, дінімізді қайта жаңғыртқанмен, кері ықпалы бар түрлі ұйымдардан қауіп-қатер жоқ емес. Осы түйінді мәселенің алдын-алу үшін республикалық ақпараттық-насихат тобы мүшелері белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Өткен аптада Қарағанды облысы «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Рүстем Сыздықов, бірлестіктің Сәтбаев қаласы бойынша өкілі Нұрсұлтан Мамедалиев қаламыздың бірнеше мекемелерінің ұжымдарымен кездесті. Кездесу №4 Абай атындағы мектеп-лицейі, №25 орта мектебінде, ішкі істер бөлімі және оқушылар сарайында өтті.

Лаңкестік ұйым мен теріс ағым сөздерінің астарында халық түсіне бермейтін көптеген терминдер қалыптасқан. Бүгінгі таңдағы экстремизм көріністері мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, дінаралық жағдайдың ушығуына да себепкер болуда. Ел арасына іріткі салу мүддесін ғана көздейтін теріс пиғылдылар дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады. Сондықтан көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың да адасып жүргені шындық.

Діни экстремизмдегілер үшін өзіңе тілеген жақсылығыңды басқаға да тіле деген қағида болмайды. Олардың басты қаруы қатігездік пен шапқыншылық болып табылады. Басыбайлы құл секілді бұл қатарға енген адамдардың қайта шыға қоюы екіталай. Біздің мұндай ұйымдарға қарсы қолданар әрекетіміз – ислам шариғатын амал етіп, жастарға шариғат талаптарын үйретіп, өркениетті қоғам болуымыздағы ең сенімді жол Әбу ханифа мәзхабы екенін түсіндіріп беру.

Теолог мамандардың маңызды мағлұматтарынан соң №25 орта мектепте өткен кездесуде қала ұстаздары өздерін толғандырған сұрақтарға жауаптарын алды. Сұрақ-жауап барысында мектепке ұзын көйлек киіп, бастарына орамал тартып мектеп формасын кимей келген қыз балалармен қалай жұмыс жасау керек екені талқыланды.

М.Мұқатова. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.