Әбу Ханифа мазхабы – ынтымақ кепілі

20140912-04-01«Барлықтарың Аллаһтың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл Ғимран сүресі, 103-аят).

Адам баласы өмірге келгенде қаншама сұрақтар арқалап келеді. Кейбір сұрақтарының жауабын таппай кетіп жатқандар жайында хабардар боп қалып жатамыз. Бұл құпия дүние емес. Мәселен, «Мені кім жаратты?», «Менің дінім бар ма?», «Өмірде мәңгі жүреміз бе?». Әрине, әр нәрсенің өзіндік жауабы болмайды емес, болады. Бұл хақ Аллаға шүкір!

Бесіктен белі шыққанда-ақ «бисмиллаһ» деп барлық ісін байыптылықпен бастайтын қазақ халқы имандылықты қай кезде де жоғары санаған. Қазақ болып тарихқа алтын әріппен атымыз қашалғанда-ақ сенеріміз – Алла, кітабымыз – Құран, дініміз – Ислам болып санамызға сіңіп, сол саф алтындай ауамен тыныстап, қасиетті сүремен сусындап едік. Қаншама ықылым замандар өтсе де, сөнгеніміз жанданып, өшкеніміз тірілуде. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті қуатты елдің басты ұраны – өз тарихымызды, қастерлі дінімізді, мәдени мұрамызды көзіміздің қарашығындай сақтау, маңыздылығын жоймау. Біз жүретін жол әлбетте, Елбасы мен Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының дұрыс деп бекіткен Әбу Ханифа мазхабы, Матруди ақидасы. Біз дәстүрлі дінімізді толық бойымызға сіңірсек, салт-дәстүр, әдет-ғұрып жойылмай, жалғасын таппақ.

Ислам – амандық, есендік, мойынсұну, бағыну, берілу мағыналарын білдіреді. Яғни, Ислам діні әрқашанда амандық пен есендік, тыныштық пен ынтымақ, береке-бірлік жолын ұстанатын дін. Ұлы Аллаһ Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді: «Барлықтарың Аллаһтың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» (Әл Ғимран сүресі, 103-аят). Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес» дей отырып, біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген. Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді. Аллаһтың алдында ешкім ешкімнен артық емес, егер қандайда бір артықшылық болатын болса, ол тек тақуалықпен ғана өлшенеді. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тануларың үшін ұлттармен ұлыстарға бөлдік. Расында Аллаһ алдында ең абыройлыларың тақуаларың (Аллаһтан шынайы түрде қорыққандарың). Аллаһ барлық нәрсені толық білуші, барлығынан хабардар» (Хужурат сүресі, 13-аят) – деп баяндалады. Ал пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Ей, адамдар! Естеріңде болсын! Раббыларың біреу, ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Аллаһтың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың» деп ескертілгені анық.

Ынтымақ, бірлік болған жерде ешқандай жамандық, сәтсіздік туындамайтыны хақиқат. Елдің дүрдараз, берекесіз болуы имандылық әлсіреуі. Қазақ: «Бөлінгенді бөрі жиді» деп текке айтпаған, мұның да бір ішкі сыры бар. Парасаттылық пен пайымдылықты пайдалана алғандардың жұлдызы жанып, айы оңынан тумақ. Бәленің беті әрі болсын деген ниетпен ұлтымыз ісін «Бісмілләмен» бастаған қашан да. Бұл да бір жақсылықтың нышаны. Біздің қашан да құранымыз бен ұранымыз бір ұлтпыз. Ислам шариғаты бойынша бір Аллаға сеніп, Пайғамбарды мойындаған әрбір кісі мұсылман болып саналмақ. Мұсылман болғаннан кейін аят хадистерде айтылғандай, олар бір-бірімен бауыр. Ал шынайы бауырластық бір-бірімізді жақсы көрумен болады. Бір-бірімізді осылай өз нәпсімізден артық жақсы көрген жағдайда ғана Ұлы Раббымыздың құзырында шынайы иман келтірген мұсылман ретінде саналмақпыз. Шынайы Исламға жат теріс ағымдардың жасап жатқан бұл теріс іс-әрекеттері ата дініміз Исламның елімізде еркін дамуына, сондай-ақ еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың тұтастығына айтарлықтай зиянын тигізуде. Аллаһ Тағала ел ішінде бүлік тудырып шатақ шығарудың қаншалықты үлкен күнәлі іс екендігін қатаң түрде ескертіп, төмендегі аятта: «Фитна (бүлік) шығару адам өлтіруден де ауыр күнә» (Бақара сүресі, 217-аят) деп баяндайды. Яғни халықтың арасында әртүрлі іріткі фитналар тудыру, бүлікке алып баратын іс әрекеттерді жасау Исламда адам өлтіруден де ауыр күнә болып саналады. Өйткені, сол фитналардың нәтижесінде көптеген бейкүнә жандардың, бейбіт халықтың қаны төгілуі мүмкін. Ал пайғамбарымыздың (с.ғ.у) хадисінде: «Бір адамның қанын нахақтан төгудің күнәсі жер бетіндегі бүкіл адамдардың қанын төккенмен бірдей болады» делінген. Сондықтан да жүрегінде шынайы иманы бар мұсылман адам мұндай іріткі фитнаға алып баратын іс әрекеттерді жасамауы, ондай істерден әрқашанда алыс тұруы қажет. Бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын жәйттерге ешқандай да жол бермеуі тиіс. Мұсылмандар үшін ең маңызды нәрсе халықтың тыныштығы, елдің бірлігі. Бір елде тұрып нанын жеп, суын ішіп отырғандықтан, бір бірімізге – әрдайым құрметпен қарап, өзара жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек. Өйткені, Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде, мүминдер бір-бірімен бауыр, сондықтан бір-біріне ренішті болған бауырларыңды татуластырыңдар. Аллаһтан қорқыңдар» деп бұйыруда. Ал пайғамбарымыздың (с.ғ.у) хадисінде: «Сіздер иманға келмейінше жұмаққа кіре алмайсыздар. Ал бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше, иманға келе алмайсыздар» делінген. Яғни, бір-бірімізді жақсы көрмейінше шынайы мұсылман болып саналмаймыз. Жақсы көру дегеніміз, өзің үшін пайдалы болғанды өзгелерге де қалап, өзің үшін зиянды болғанды өзгелерге қаламау. Жалпы, біз мұсылмандардың бірлігімізді сақтап, ауызбіршілігімізді арттыратын көптеген ортақ құндылықтарымыз бар. Мәселен, Қасиетті Құранымыз, Соңғы Пайғамбарымыз, Құбыламыз, т.б айта берсек, мыңдаған ортақ мәселелеріміз бар. Осыншама ортақ құндылықтарымыз бола тұра болмашы нәрсеге таласып, түймедейді түйедей етіп жүзге, руға бөлінгеніміз аздай, енді дінге, мазһабқа бөлініп өзара қырық пышақ болсақ, «Екі құзғын таласса, бір қарғаға жем болар» дегендей, елдігіміз ыдырап дұшпанның жемтігіне айналмасымызға кім кепіл? Тарихқа үңілсек, қашан да мұсылмандардың басына келген ауыртпашылықтар мен қиыншылықтар бірліктің бұзылуы мен мұсылмандардың өзара бөлінуінен туындағандығын көреміз. Сондықтан, өзара бөлінушілікке жол бермейік, құрметті бауырлар! Аллаһ баршамызды бір дін, бір мәзһаб аясында бірігуді нәсіп етсін! Бірлік – қуаттың, күштің көзі, ал бөлінушілік, жікшілдік – бәлекеттің, апаттың көзі. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген бар. Аллаһ ынтымақ-бірлігімізден айырмасын. Еліміздің еңсесі биік, дініміздің діңгегі берік болсын! Әумин!

Жанат Рахат, Б.Балқыбайұлы мешітінің найб имамы.

Комментарии закрыты.