Қалада халық санының өсуі байқалады

20140912-02-01Өндіріс қуатының төмендеуі, шахталардың оңтайландырылуы аймақтың әлеуметтік жағдайына ғана емес, халқының санына да өз әсерін тигізуде. Түрлі алып-қашпа әңгімелердің салдарынан өзге жақтарға қоныс аударып жатқандардың бар екені жасырын емес. Осы бір өзекті мәселенің біздің кеншілер аласындағы жай-жапсары нешік? Қала күні қарсаңында осыны бір екшегендей болдық.

Әңгімені бүгінде қала тұрғындарының саны қаншаға жетті деген сауалдан бастасақ, бұл бағыт шүкір деп айтатындай екен. Қалалық статистика бөлімі берген деректерге қарағанда, қала тұрғындарының саны бұл күнде аздап та болса өсу үстінде.

Алғашқы ұлттық санақтың қорытындысы бойынша 1999 жылдың бірінші қаңтарында Сәтбаев қаласы тұрғындарының саны 58100 адам болған екен. Дегенмен, араға бір жыл салғанда олардың саны 68700-ге дейін өскен. Бұл сол кездегі қаланың қарқынды дамыған өндіріс ошағына айналуынан болды. Оның үстіне, ауылдардың сол тұстағы жағдайы мәз болмады. Көптеген өндіріс орындарының тоқтап қалуынан жұмыс іздеген жан осы өндірісті аймаққа қоныс аударуға мәжбүр болды.

Қаламыздағы өндіріс орындарына келіп жұмысқа тұрушылар легі қала халқының санының артуына көп септігін тигізді. Оның үстіне қаланың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы артқан сайын ауылдан қалаға қоныс аударушылар да болды. Сөйтіп, 2009 жылғы ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша біздегі тұрғындардың саны 69200 адамға жетті.

Қала халқы санының артып отырғанын өзге де ресми статистикалық мәліметтерден аңғаруға болады. Мәселен, электр қуатын өндіру, жылумен, сумен қамтамасыз ету қызметтерінің көлемі жылдан-жылға артып келеді. Жолаушылар тасымалдау қызметі де солай. Бұл, әрине, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатындағы әлеуметтік-экономикалық қызметтің көлемі.

Қала халқының өсуі, көшіп келушілердің легі бізде, әрине, тіркеліп, үнемі бақылауда тұрады. Бұл іспен қалада көші-қон полициясы мен статистика бөлімі, мекемелердегі кадрлар бөлімдері, басқа да құзырлы орындар айналысады. Осындай ауқымды ақпараттарды жинақтап, өңдеуден өткізгеннен кейін 2014 жылдың 1 қаңтарында қала халқының саны 70100 адамға жеткені белгілі болды. Бұл қала халқы он бес жылда, яғни 1999 жылғы ұлттық санақтан кейін 12 мың адамға ұлғайды деген сөз.

Осы орайда қала халқының өсуінің негізгі себебі неде деген заңды сұрақтың туындауы әбден мүмкін.

Қашан да, қай қоғамда қаланың «тартушы күш» болғаны баршаға белгілі жайт. Адамдар әрдайым тұрмысқа қолайлы, еңбекке араласып, табыс табу перспективасы бар, балаларға білім беруге, интеллектуалдық өсуге жақсы жағдайлар жасалған жерлерге ұмтылады. Осы жағынан келгенде біздің Сәтбаев қаласының «тарту күші» расында да басым. Өйткені, «Қазақмыс» корпорациясының кеніш-тері мен көптеген өндіріс орындары біздің қалада шоғырланған. Оның сыртында қаламызда шағын және орта кәсіпкерлікке де кең жол ашылған. Құрылыс та қарқынды дамып, қалада жаңа жұмыс орындары ашылып, қаланың әлеуметтік әлеуеті арта түсуде. Осының бәрі халықты кеншілер ордасына тартуда ең қуатты стимулға айналып отыр.

Ал, осы өңірімізге қоныс аударып жатқан халықтың ұлты, жасы, білімі дегендей, жалпы, құрамы қандай? Олар әртүрлі десек болады. Бірақ, жастардың басымдау екені даусыз. Көбісі өндіріс орындарына жұмысқа тұруға келгендер. Қаламыздағы кәсіби мамандық беретін технологиялық және медициналык колледждердің болуы да жастарды өзіне тартуда.

Мұның сыртында, алыс және таяу шет елдерден келген қандастарымыз да бар. Жалпы оралмандар көші 1991 жылдан басталды. Менің қолымдағы деректерге қарағанда, 2006 жылға дейін аймағымызға 57 отбасы көшіп келген екен. Олардың қатарында Моңғолиядан, Қытайда, Өзбекстаннан, Ресейден, Түркіменстан мен Қырғызстаннан қоныс аударғандар бар.

Рас, соңғы жылдары қаладан өзге аймақтарға қоныс аударғандар болды. Әсіресе, қаламызбен қоңсылас жатқан елді мекендерді көшіру кезінде геологиялық барлау партиясы елді мекенінің тұрғындары бұрынғы баспаналарына ақшалай компенсация алып, олардың кейбірі басқа қалаларға көшіп кетті. Алайда, бұл мәселе соңғы кездері оң шешімін тапты. Жезқазған поселкесі мен Весовая, Крестовский елді мекендерінің тұрғындарына арнап кеншілер қаласынан арнайы шағын аудан салына бастады. Бұл қала халқының санының кемімеуіне өзінің оң ықпалын тигізуде.

Сөз жоқ, халық санын өсіріп, тұрғындарды тұрақтандыру үшін ең бастысы жаңа жұмыс орындары мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың жақсы болмағы керек. Қазір қалада осы проблемаларды шешетін жолдар жедел іздестірілуде.

Ізтай Белгібайұлы. Cуретті түсірген М.Шахаева.

Комментарии закрыты.