Жаңа кітап жарық көрді

Өткен сенбі күні Жезқазған қаласындағы Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрында әлемге аты жайылған абыз баба Кетбұқаның туғанына 830 жыл толуына орайластырылып «Фолиант» баспаханасынан шыққан «Абыз тұлға, аңыз тұлға – Кетбұқа» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Қаһарынан жауы түгілі досы тітіркенген Шыңғыс ханның мың басы, ақылшысы болған бабамыздың өмірі жайында сыр шертілетін кітаптың салтанатты тұсаукесеріне еліміздің қоғам және мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар, қырғыз елінен арнайы ат арытып қонақтар келді.

Кетбұқаның өмірін толық дәріптеу мақсатында былтырғы жылы «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі құрылған болатын. Жиынды осы бірлестіктің төрағасы Төлеген Бүкіров ашып, қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттерін баяндады.

Салтанатты шара барысында Кетбұқа Аталық биді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырған игі істерге деген өздерінің ыстық ықыластарын Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстан қауымдастығы мен халықаралық «Төлегатай» қорының төрағасы Жекен Қалиұлы, қоғам қайраткері, жерлесіміз Жұмамәди Ибаділдаұлы, Қырғызстан Республикасының халық әртісі, Ош мемлекеттік университетінің профессоры Фархутдин Баянов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғарғы санатты дәрігер Туғанбай Жанысбаев және т.б. қадірлі қонақтар білдірді.

Кеш барысында бабамыздың күйлері мен толғаулары орындалып, жиналған жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды.

Тарихта өшпес із қалдырған алып тұлғаны ұрпақ санасында қалдырып, келер буынға жеткізуді мұрат еткен жезқазғандықтардың бастамасы өзгелерге үлгі болары хақ.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.