Депутаттыққа кандидаттар ұсынылды

Сәтбаев қалалық мәслихатының №2 және №10 сайлау округтері бойынша «Нұр Отан» партиясынан кандидат болып «Тазалық-2020» ЖШС директоры Қайрат Керімқұлов және №16 орта мектебі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәнінің мұғалімі Қамар Жанасылова таңдалды.

Мұндай шешім сейсенбі күні өткен «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының кезектен тыс XVII конференциясында бірауыздан қабылданды. Конференцияға төрағалық жасаған «Нұр Отан» партиясының Сәтбаев қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Әнуар Омар №2 сайлау округы бойынша депутат Серік Оралдың тұрғылықты мекен-жайын ауыстыруына байланысты, №10 сайлау округі бойынша депутат Серік Имамбай Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалуына байланысты олардың депутаттық мандаты аяқталғанын жеткізді. Осыған байланысты босаған депутаттық орындарға саяси бюро мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары Қайрат Керімқұлов пен Қамар Жанасылованың кандидатурасын ұсынды.

Әнуар Серікбайұлы депутаттыққа үміткер кандидаттарды құттықтай келе, сайлауда жеңіске жеткен жағдайда олардың өз сайлаушылары үшін де, партия үшін де ауқымды шаруа тындыратынына үлкен сенім білдірді. Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Хмилярчук халықтың мүддесін қорғауда депутаттық корпустың жауапкершілігі зор екеніне тоқтала келе, үміткер атанған кандидаттарға өз тілегі мен жылы лебізін жеткізді.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.