Арқаның алтын алқасы атанған

20140912-12-01-120140912-12-01-220140912-12-01-320140912-12-01-4Қазақтың көнеден жеткен жыр-дастандарының інжу-маржаны саналатын «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастаны Қарқаралы атауының шығу тарихын осылай баяндайды. Үш жүздің басын қосқан хан Абылайды да осы Қарқаралы бауырында ақ кигізге отырғызып хан көтерген деседі көнеден жеткен аңыздар желісі. Біздің айтпағымыз бұл емес. Біздің сөз еткелі отырғанымыз Арқаның алтын тәжі атанған осы Қарқаралы тауының баурайында шаңырақ көтеріп, керегесін жайған көне қала – Қарқаралы қаласы жайлы болмақ.

Жалпы, бұл өлкенің тарихын ел тау қойнауындағы шағын өзен бойына салынған шағын қаламен байланыстырады. Кешегі патшалық Ресей әкімшілігі Орта Азия мен Сібір арасында сауда-саттық орнату үшін осы өлкеде арнайы қамал салдырған екен. 1824 жылы салынған бұл қамал кейін казактардың станицасына айналды. Сібірден шыққан орыс көпестері осы станица арқылы Орта Азияға қатынап тұрды. Ал, 1869 жылы Қарқаралы қаласы уезд орталығына айналды.

Қарқаралы өз дәуірінде тек әкімшілік орталық қана емес, маңызды сауда орталығына да айналды. Осы өңірде әйгілі Қоянды жәрмеңкесі қанат жайды. Өңірдің экономикалық ахуалы артып, мәдениеті жаңа биіктерден көріне бастады. Осылайша Қарқаралы біртіндеп ірі қоғамдық және саяси орталыққа айналды…

Құт дарып, бақ қонған Қарқаралының қасиетті топырағында ұлттың мақтанышы болған ұлы тұлғалар туып, өсті. Бұл жер қаз дауысты Қазыбектің, шертпе күйдің тәңірі Тәттімбеттің, ақын Шөже мен Кемпірбайдың, от ауызды, орақ тілді шешен Кеншенің, әнші-композитор Мәдидің, Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтың, әйгілі актер Қалибек Қуанышбаев пен әнші Жүсіпбек Елебековтың, ақиық ақын Қасым Аманжоловтың, ғұлама ғалым Ақжан Машанидың, батыр ұшқыш Нұркен Әбдіров пен қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтың кіндік қаны тамған жер. Бұл жерде хәкім Абайдың да табанының табы бар.

Міне, осы қилы-қилы кезеңді бастан өткерген, талай    жақсылар мен жайсаңдарға мекен болған Қарқаралы қаласының шаңырақ көтергеніне биыл 190 жыл толды. Осынау торқалы тойды әрісі Астана мен қасиетті Түркістан, берісі Ұлытау мен Балқаштың арасын жайлап жатқан қалың ел дүркіретіп атап өтті.

Қарқаралы қаласының 190 жылдық торқалы тойы «Атыңнан айналайын, Қарқаралы» деген тақырыппен өткен республикалық ақындар айтысымен басталды. Жыр додасы Қарқаралы қаласындағы мәдениет үйінде өтті. Айтысқа республикаға белгілі ақындар Сара Тоқтамысова, Айнұр Тұрсынбаева, Иранғайып Күзембаев, Еркебұлан Қайназаров, Төлеген Әбілов, Мақсат Аханов, Өміржан Көпбосынов, Дидар Хамиев шығып, сөз маржанын төкті.

Айтысты танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүргізсе, тағы бір жыр тарланы, азулы ақын Қойлыбай Асанов жыр сайысын саралаған қазылар алқасының төрағасы болды.

Азуын айға білеген адуынды ақындар тілінен тікен тайған шешендердей өзара жарасымды әзіл-қалжың, қағытпалар мен орамды ой, толғақты түйіндерге тоқталып, сұлу сөздің кереметін көрсетіп, қоғамдық қайшылықтар мен келеңсіздіктерді ашып айтып, естір құлақтың құрышын қандырып, айтыс десе ішкен асын жерге қоятын жырқұмар қауымды бір желпінтіп тастады.

Той құрметіне орай Қарқаралы тауының бөктеріндегі жазыққа жүз елуге жуық ақшанқан кигіз үйлер тігілді. Ұлттық нақышта малына жабдықталған кигіз үйлер сонадайдан менмұндалап көз тартады. Той думаны осы ақшанқан ауылда да бір толастаған жоқ. Әр үйдің маңында әуелете ән шырқалып, жастар әуезді әуен ырғағымен билеп, мәре-сәре болды. Сол кигіз үйлі ауылда Сәтбаев қаласы атынан тігілген еңселі ақ орда маңы ерекше думандап тұрды. Қалалық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары Гүлманат Қашқынбаева, Ақбота Ақбергенова, Жаннұр Мұсылманбек, Халифа Төлеу, Марғұлан Қаратаев пен осы өнерлі топтың жетекшілері Аманкелді Бейсенбеков пен Талғат Боранов кезектесе ән салып, тойшыл қауымның назарын бірден өздеріне аударып алды. Екі күнге созылған той дүбірі аяқталғанша Сәтбаев қаласының кигіз үйі нағыз думанның ордасы болды. Қаламыздың өнерпаздары тамылжыта шырқағанда әрлі-берлі ағылған жұрт тоқтай қалып ән тыңдап, кейбірі ән ырғағына беріле билеп жатты.

Той салтанаты келесі күні сәске көтеріле ресми түрде ашылды. Оған облыс басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков арнайы келіп қатысты. Тойға шақырылған қадірлі меймандардың қатарында қазақтың біртуар батыр ұлдарының бірі, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Қарқаралының тумасы Тоқтар Әубәкіров болды.

Салтанатты жиынды аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков ашып, қарқаралылықтарды мерейтоймен құттықтады.

– Елбасы өзінің аймағымызға келген сапарында Ұлт ұясы атанған Ұлытау төрінде орамды ойларға толы сұхбат берген еді. Сол сұхбатында қазақтың кең даласының қай түкпірінде болмасын қасиетті жерлер көп екенін айтты. Міне, сондай қасиетті жерлердің бірі – осы Қарқаралы. Оның облыс көлемінде ғана емес, еліміз бойынша алар орны ерекше. Арқаның алтын алқасы саналатын Қарқаралы өңірінің тарихын кейінгі ұрпақтар жылдар бойы ұлықтап өтетін болады, – деп түйіндеді өз сөзін облыс әкімі.

Жиында Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов баяндама жасап, Қарқаралы өңірінің арғы-бергі тарихын, табиғи ерекшеліктері мен экономикалық жетістіктерін кеңінен шолып шықты.

Сөз кезегін алған осы өңірдің дара перзенттерінің бірі де бірегейі Тоқтар Әубәкіров осындай той өткізіп жатқан облыс, аудан басшыларына алғыс сезімін білдіріп, тойшыл қауымға, жерлестеріне ақжарма тілегін жеткізді.

– Мен өзімнің осы Қарқаралыдай жер жаннатында туғанымды мақтан етемін. Осы өңірден небір дара тұлғалар шықты. Мен сол батыр бабаларыммен мақтанам. Осы өңірді түлетуге қолымнан келгенінше үлесімді қосатын боламын, – деді батыр ұлан тебірене тұрып.

Салтанатты жиын театрландырылған көріністермен көмкерілген концерттік бағдарламаға ұласты. Оларды Мақпал Жүнісова, Алтынбек Қоразбаев сынды өнер дүлдүлдері мен «Шаншар» әзіл-сықақ театрының өнерпаздары жалғап, тойшыл қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Түс ауа кигіз үйлі ауылда тойшыл қауымға мерекелік дастархан жайылды. Сәтбаев қаласының кигіз үйі Қарқаралы өңірінің құрметті азаматтарын күтті. Аманкүл Тілемісова бастаған мұғалімдер меймандарға тікелерінен тік тұрып қызмет көрсетті. Қадірлі меймандарды қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай қарсы алып, мерейлі мерекелерімен құттықтады. Қонақтарға кеншілер қаласы жайлы қысқаша мәлімет беріп, қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен қол жеткізген жетістіктері жайлы қысқаша әңгімеледі. Орайы келгенде өздері отырған ақбоз үйде кеше өңірімізге келген сапарында Елбасының өзі тынығып, дәм ішкенін де мақтана айтып қалды.

Сәтбаевтықтардың ыстық ықыласы мен қонақжайлылығына қонақтар риза болып тарасты.

Елбасы түскен еңселі ақордадай болған ақбоз үйге одан кейін келушілердің қатары көбейе түсті. Ырымшыл халқымыз ақбоз үйдің табалдырығын еңкейе аттап, төрге шығып отырып, дәм ішіп, жұғысты болсын айтып шығып жатты.

Үйімізге келген меймандарға мұғалімдер құрақұшып қызмет етсе, өнерпаздарымыз ән-жырмен құлақтарының құрышын қандырды. Бұл тойда сәтбаевтықтардың бәсі қай жағынан болмасын басым түсіп жатты.

Мерекелік дастарханның соңында жиналған қауым ипподромдағы ұлттық теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, аламан бәйге, тоқ бәйге сынды делебе қоздырар ат спорты ойындарын тамашалап, құмарларынан бір шықты.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.