Жастық шағымның қаласы

20140919-04-1-1«Жезқазған» дегенде балалық, жастық шақтарым еске түседі. Анда-санда Сәтбаевтан Жезқазғанға барып, қала көшелерімен келе жатқанда әке-шешеммен тұрған үй, алғаш дәріс алған мектеп, қабырғасында қызықты студенттік шақтар өткен институт, комсомолда қызмет атқарған, облыстық газетте журналистикаға қадам жасаған ғимараттар көзіме оттай басылады.

60-жылдардың ортасында Жезқазған кентіндегі «Төртінші» елді мекенінен Жезқазған қаласына көшіп келгенімізде, мен тоғызда едім. Жасыл желекке оранған, көп қабатты үйлері, зәулім ғимараттары бар қала маған шеті жоқ үлкен шаһар болып көрініп еді.

«Төртіншінің» шағын ғана, бір жағы мектеп, бір жағы пошта болған, қыста суық, жазда ыстық бір қабатты ұзыншақ келген баспанасында мектептің алғашқы 2 класын тәмамдаған маған Жезқазғандағы үш қабатты зәулім мектеп үлкен әсер қалдырды. Бұл мектеп Жезқазғанның білім ордаларының қара шаңырағы – №8 қазақ орта мектебі еді. Оның ғимараты алғашында Абай көшесінің бойында «Строитель» мәдени сарайының қарама-қарсысында орналасқан еді. Қазір онда не бар екенін білмеймін, бірақ әрқашан сол әдемі ғимараттың жанынан өтіп бара жатып, балғын балалық шағым еске түседі. Тұрған үйіміз де мектептен алыс емес, Гагарин көшесінде болатын. Кейін 5-6 кластастарда болу керек, мектебіміз сол Гагарин көшесіндегі екі қабатты ғимаратқа көшті. Ол – №28 мектеп болып аталды. Оның директоры Қапан Құлмағамбетов ағай болған еді. Кейін Жезқазғанда қазақ балаларына жаңа мектеп салынып, біз жоғары кластарды 4-ші шағын ауданда орналасқан, қайтадан №8 мектеп болып аталған білім ордасында тәмамдадық. Көп жылдар бойы ол мектепті Нәписа Шенеуова апай басқарды. Бір жағынан ол кісі бізге химиядан сабақ берді. Дәріс берген, жақсылық пен жамандықты ажырата білуге тәрбиелеген жарқын жүзді класс жетекшілерім Нұрғаным, Жібек, Роза мұғалімдерді де қалайша ұмытасың?!

Мектеп бітіргеннен кейін, біз, жаңа өмірге қадам басқан Жезқазған жастары, қалада жаңа жоғары білім ордасы – Жезқазған педагогикалық институты ашылғанда алысқа бармай, өз қаламызда оқуға болатынына қуанған едік. Мен де сол институттың алғашқы студенттерінің бірі болдым. Пединституттың ол кезде екі оқу корпусы болған еді. Біреуі – 5-ші шағын ауданда, байланыс торабының жанында болса, екіншісі – Жастар көшесіндегі, бұрын санаторий болған ғимаратта еді. Біз, студенттер, екі ортада жеті сайын улап-шулап, лекцияларға барып жүрдік. Солай студенттік бес жыл да өтті.

Ал, менің алғашқы еңбек орным Бейбітшілік даңғылы мен Гагарин көшесінің қиылысында орналасқан №13-ші үйдің ғимараты болды. Мұнда сол кездегі Жезқазған облысының қазақ, орыс тілдерінде шығатын «Жезқазған туы», «Джезказганская правда» газеттерінің редакциясы орналасатын. Мен институттан кейін, дәм-тұз жазып, осы «Джезказганская правда» газетінің тілшісі қызметіне алындым. Жезқазған мен Қарағандының кілең мүйізі қарағайдай журналистері қызмет атқаратын облыстық газетте әу бастан «е, келдің бе» деп мені құшақ жая қарсы ала қойған жоқ. Сынады, бақылады, алғашында стажер болдым. Сол кездегі кеңес өкіметінің саясатына сәйкес, «ұлы халықтың» өктем етіп, дүрілдеп тұрған заманы еді. Сонда да болса ол кезде жергілікті халықтың өкілдерін де қолдау керек, көтеру керек деген саясат болды. Әділдік үшін оны да айту керек. Мен облыстық газетте төселгеннен кейін, сынақтан өтіп, ақпарат бөліміне тілші болып алындым. Марат Ратнер, Владимир Нудьга, Виктор Нюркин, Михаил Волков секілді азулы журналистерден мамандықтың қыр-сырын үйрендім. Газет редакторы, орынбасарлары болған Иван Дегтярев, Алексей Подовинников, Казимир Лубневский, Нина Барбутьконың қолдауын сезіндім.

Айта кету керек, 1974 жылдан бастап, Жезқазған облыс болып құрылғаннан кейін, мыс шаһары өте көп өзгерді. Әсем ғимараттар, мәдени, спорттық орындар көбейді. Тұрғын үй құрылысы қарқындады. Облыс деңгейіндегі жаңа басқармалар, комитеттер құрылды. Жастар саясатын жүргізетін, партияның резерві болған комсомолдың облыстық басқарушы органы болды. Сол кездегі облыстық комсомол комитетінің алғашқы орналасқан жері – Жастар көшесінен қалтарыстағы бір шағын көшеде орналасқан екі қабатты ағаш үй еді. Ол кезде облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қасымхан Ахметов, хатшылары болып Галина Кривобок, Александр Сидор, Бектұр Ешпанов, Маргарита Ковтун болатын.

Өзіміздің Қанат Балмағамбетов студенттік құрылыс отрядтарының басшысы еді. Сол кезде бір үрдіс – газеттердегі жас журналистерді партия комсомол қызметтеріне шақыратын. Қалам ұстап, мақалалар жазып үйренгендер билікке, партия, комсомол басшыларына баяндама жазып, құжаттарды өңдеу үшін қажет еді. Газеттен мені де облыстық комсомол комитетіне, үгіт-насихат бөліміне шақырды. Әлі есімде, биліктің «казенный тіліне» жаттықпаған мен бастықтарға дайындайтын баяндамалардың мәтінін құшақтап, редакциядағы әріптестеріме келетінмін. Сол кезде маған баяндаманы қарапайым, былайша айтқанда, «адами» тілге бейімдеуге Владимир Нудьга көп көмек көрсететін.

Менің комсомол қызметінде өткізген 5 жылым текке өткен жоқ деп ойлаймын. 80-шы жылдары облыстық комсомол комитетінің ғимараты бұрынғы «Орбита» кинотеатрының жанына бесқабатты әкімшілік үйіне көшкеннен кейін жастар комитеті қызметінің ауқымы да кеңейді. Ол кездегі Жезқазған облысы кең аумақты қамтыған еді. Солтүстігі – Жаңаарқа, шығысы – Ақтоғай, оңтүстігі – Балқаш, өзіміздің Ұлытау мен Жездінің жерлері де Арқаның біразын алып жатыр ғой. Сол аймақтардың барлығын аралайтынбыз, әртүрлі іс-шаралар өткізіп, жастармен қоян-қолтық еңбек еттік. Шынын айтсам, комсомол сол кездегі жастардың ысылып, ұйымшыл, болуына көп әсер етті. Сол комсомол қызметінен кейін қаншама іскер басшылар шықты. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та сол комсомолдың шекпенінен шықты.

Ал, өз жеріміздегі, комсомолдағы менің әріптесім – Қасымхан Ахметов, Қанат Балмағамбетов, Төлеген Оспанов, Маргарита Ковтун, Рысқали Әбдікеров, Жаңбырбай Дәрібаев, Бектұр Ешпанов, Ирина Ковалева, Қайсар Телешов, Серік Оспанов Жезқазған, Қарағанды облыстарының атқарушы биліктерінде, «Қазақмыс корпорациясында басшылық қызметтерді атқарды.

Мен кезінде осы замандастарыммен еңбек етіп, Жезқазғанның өсіп-өркендеуіне үлес қосқанымызды әрқашан еске алып отырамын.

Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.