Еңбекпен өркен жайған әулет

20140919-02-1-220140919-02-1-1

Биыл қазақстандықтар алғаш рет Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күнін атап өтеді. Елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуында өзіндік үлесі бар еңбек адамын дәріптеу мен олардың ісін келер ұрпаққа үлгі етіп көрсету мақсатында елімізде тұңғыш рет аталып өткелі отырған бұл мереке қарсаңында тек қаламызға ғана емес, аймаққа аты белгілі кеншілер әулеті атанған Кәрбозовтар жайында сыр шерткенді жөн көрдік.

Бүгінде кеншілердің үшінші буыны жеті қат жер астынан тас ұңғып, кен алған әулеттің үлгі тұтар тұлғасы «Ленин» орденінің иегері Кәрбоз Жансейітов еді. Байқоңыр ауылында, кейін Рудниктегі шахталарда қатпар-қатпар тастардың арасында жүріп, кен қопарған Кәрбоз ағайдың ісін жеті қыздың арасындағы жалғыз ұлы Жақсыбай Кәрбозов жалғастырды.

«Әке – балаға сыншы» деген жақсы сөз бар қазақта. О баста-ақ Кәрбоз ақсақал жалғыз ұлының өз ісін іліп әкететіндей қабілетінің барын сезіп, бірден әкелік ақылын айтады. «Балам, еңбекке деген талабыңды әр ісіңнен байқаймын. Сен менің жолымды жалғастырып алып кете алатыныңа және менен еңбекте бір саты жоғары тұратындай мүмкіндігің бар» деген әке сөзі жас жігіттің жалынды жігерін қайрай түскендей болады. Оқуды бітірісімен бірден Батыс Жезқазған кенішіндегі №55 шахтаға орналасады. Сөйтіп, әке жолымен Жақсыбай да кеншілікте өзінің ізін салды.

– Біздің уақытымызда адал еңбекпен абырой биігінен көріну өте жауапты іс болатын. Шахтаға жаңа түскен сәтте қобалжу болды. Әрине, бұл кеншілік жолды таңдағаныма өкінгендіктен емес, маған әкемнің сеніп тапсырған еңбек жолын адал атқарып шықсам деген жас шағымдағы өзіме өзімнің талабымнан туындаған қорқыныш еді. Алайда, ол қорқынышты мен жеңе білдім. Арнайы мамандығым болмаса да бізден бұрын шахтаның астында жүріп, қаһарман атанғандардың біліктіліктерінің арқасында кен шебері атандым. Менің ақылшым да, ұстазым да әкем Кәрбоз болды. Алпамсадай алып денелі әкеміздің еңбек жолындағы құрдастары кейде қалжыңдап «Кәрбоз шахтаға бір түскеннен-ақ жоспар орындалды деп есептей беріңдер» деп жататын. Орынсыз да қалжың емес еді бұл. Бір өзі әмбебап еңбек адамы болған сол кездің адамдарының жұмысқа деген ынта-жігері, басшылар сеніп тапсырған істі аяқсыз қалдырмай тиянақты еңбек етуі бізді шыңдай түсті.

Жансейітовтердің әулетінен шыққан атақты кенші Кәрбоз әкемнің ісін мен жалғастыра отырып, өз ұрпағыма да үйрете бастадым. Осылай кенші әулеті деген атақты аймақта алғаш болып иеленген де біздер едік. Құдайға тәубе делік, мен әкемнің ізін, менің ізімді балаларым жалғастыра отырып, сол үлкен жауапкершілікті алып жүрудеміз, – дейді «Кенші даңқы» белгісінің толық иегері Жақсыбай ақсақал.

Жәкең жайында елден сұрай қалсаңыз, «Ол шахта ісінің нағыз шебері ғой. Өзінің ісін адал атқарушы әрі білікті ұйымдастырушы. Проходкашылардың үлгі тұтатын ұстазы» деген мақтау сөзді естисіз. Бұл тек мақтау ғана емес, еңбегіне деген құрмет. Оның еңбегі басшылық тарапынан бағаланды. Алғаш рет 1984 жылы ІІІ дәрежелі «Кенші» даңқы төсбелгісін тақты. Арада бірнеше жыл өтіп ІІ және І дәрежелі төсбелгіні алғанда Жәкең өндіріс ісінің ардагері атанды. Оның сыртында Қазақ КСР Түстіметаллургия Министрлігінің Алғыс хатын, 1991 жылы Қазақ КСР Министрлер Кабинетінің сыйлығын алып, лауреат атанғаны тағы бар. Міне, нағыз еңбек адамына деген құрмет қайда жатыр! Кеңестік кезеңде мұндай марапаттарға ие болу тек қана адал еңбектің арқасында ғана мүмкін болды.

«Адал еңбек етсең ел алдында жүзің жарқын болады» деп әкесі Кәрбоз ақсақал үйреткен адалдық, еңбекке деген сүйіспеншілік қасиеті Жақсыбай ағаның балаларына да жұғысты болды.

Қырық жылдан аса бір кеніште табан аудармастан еңбек жолын жалғастырған Жақсыбай Кәрбозовтың ісін бүгінде ұлдары Базарбай мен Бөрібай жалғастыруда. Қыздары мен келіндері де осал емес. Қос қызы Айгүл мен Мақпал, келіндері Гүлмира, Шолпан, Маржан байыту фабрикасында жемісті еңбек етуде.

Жақсыбай ағаның құдай қосқан жары Мәриям Ибрагимова қырық екі жыл білім беру саласында жас ұрпақты тәрбиелеуге атсалысқан ұлағатты ұстаз. Апай да өзінің тектілігіне тартып туған жан. Дүлдүл ақын Жамбыл Жабаевпен сөз таластырып, айтысқа түскен халық ақыны Ыбырахым Баймолдаұлының өнегесі қызы Мәриямға дарыған. Ақынжанды Мәриям апаның жолын қызы Айнагүл жалғастырып, бүгінде қаладағы №7 орта мектепте тарих пәнінен сабақ беруде. Мәриям апайдың ұстаздық жолдағы еңбегінің өзі бір бөлек әңгіме. Алайда, орайы келген тұста М.Ибрагимованың қазақтың ұлы данышпан ақыны Абай әлемін танытудағы жемісті еңбегін айтып кеткен жөн болар. Тәуелсіздік алған тұста білім беру саласында жаңа әдістер, жаңа бағдарламалар ауадай қажет болды. Әсіресе, қазақтың ұлы тұлғаларын дәріптеуде тың жобалар – арнайы оқу бағдарламаларын құрастыру ұстаздар қауымына жүктелді. Осындай сәтте Мәриям Ибрагимқызына «Абайдың шешендік өнерін таныту» деген тың тақырып келіп, ізденіске бой алдырады. Басшылар тапсырған соң, әрі бұрын-соңды ешкім қолға алмаған тақырып болған соң ұлағатты ұстаз бірден іске кіріседі. Сөйтіп, айналасы бір-екі жылдың көлемінде Абайдың шешендік өнерін зерттеп, алғашқы әдістемелік оқу құралын бастырып шығарады. Осылай Абай әлемін жас буынға толық түсіндіру жұмысын қаламызда Мәриям Ибрагимова алғаш болып қолға алады. Білім беру ісінің үздігі атанған жан тек қана шәкірт тәрбиелеп қойған жоқ, ұстаздық жолға түскен талай жас маманның томағасын сыпырды.

Бүгінде Жәкең ақсақал да, Мәрия апа да зейнеткерлікте. Өздерінен өрбіген балалардан тараған немерелердің ортасында ақылшы болып отыр.

Жәкең осыдан екі жыл бұрын зейнеткерлікке шыққанда «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы шаңырақтарына арнайы келіп, автокөліктің кілтін тапсырып кеткенде ардагер кенші еңбегінің бағаланғанына, әке үмітін толық ақтағанына өзіне-өзі іштей риза болды.

Жәкеңнің немерелерінің бірі Бағылан «Ағай, мен де өскенде атам сияқты кенші боламын. Кеудемде жарқыраған орден, медальдар болады», деп атасының мамандығын мақтан тұтатындығын естігенде қуанып қалғаным рас. Ата ізін жалғастырамын деп ниет білдірген жас баланың сөзінен Кәрбозовтар әулетінде ата, әке салған жолдың даңқын ұрпағы үлгі тұтып, мақтаныш ететіні келешек буынның еңбекті сүюге деген ұмтылысы емес пе?! Олай болса, аталар жолымен еңбектің шыңына ұмтылар ұрпағымыз көп болғай.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.