Жаңа – кітаптар, Жаңа – қызықтар

Соңғы кездері біздің кітапханада кітап қоры аздап болса да жаңа кітаптармен толықтырылуда. Бүгінгі күні келіп түскен кітаптардың саны 663 дананы құрайды. Енді оқырмандар жаңа кітаптармен танысып, өздеріне ұнағандарын таңдап алып оқи алады.

Соңғы түскен кітаптардың қатарында ертегілер, энциклопедиялар, анықтамалықтар, әр саладағы сөздіктер бар. Алматы «Аруана» баспасынан шыққан қызықты көркемделген «Көңілді көжек», «Пысық құлан», «Түлкі, тасбақа және кене», т.б. суретті кітаптар балаларды қызықтырады. Сондай-ақ, осы баспадан «Көңілді көліктер» топтамасынан «Жедел жәрдем көрсету көлігі», «Шағын автобус», «Кеме», «Джип», «Мотоцикл» атты кітаптар кішкентай оқырмандарымызға арнап жеңіл тілмен жазылған. Алматы «Белфакс» баспасынан шыққан мұқабасы ерекше безендірілген «Буратино» кітабына келер болсақ, кітап түрлі әуендермен безендірілгендіктен, балалар үшін өте қызықты.

Бұл жаңа кітаптар арасынан орта және ересек жеткіншектерге арналған кітаптар да табылады. Мысалы, орыс тіліндегі суретті энциклопедиялар «О мифах и легендах», «О живой природе», «О странах и народах», т.б. Мектеп жасына дейінгілер үшін «Природа», «Человек», «Животные» энциклопедиялары түсті. Кітапханадан мамандығына, жас ерекшеліктеріне қарамастан, кез келген оқырман өзіне қажетті дүниелерді таба алады. Мұнда көркем әдебиетті қалайтындарға қазақтың көрнекті жазушысы Хамза Есенжанов, Тахауи Ахтанов, Оралхан Бөкей, Тәкен Әлімқұловтың көп томдық шығармалар жинақтары бар.

Қолөнер шеберлеріне арналған Қ.Әмірғазиннің «Қазақ қолөнері» кітабында оқырмандар тері, ағаш, темірден жасалатын заттардың жасалу әдісімен таныса алады. Е.Қожахметұлы «Қазақ халқының ән өнері» кітабында тұрмыс-салтқа қатысты әндер, жыр, толғау, терме, лирикалық және тарихи әндер қамтылған. Шахмат сүйер қауым мен сән қуған қыздарды да қызықтыратын кітаптар мол.

Осы жаңа кітаптар бізге жаңа оқырман әкеледі деген сенімдеміз. Келіңіздер, оқыңыздар!

Мергүл Күреңбаева, Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы.

Комментарии закрыты.