Уағызға ұйымау: Себебі не? Салдары қандай?

Осындай тақырыппен қалалық әкімдіктің мәжіліс залында пікір-сайыс өткізілді. Оған қала әкімі Әнуар Омар бастаған мемлекеттік мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, мешіттердің имамдары, діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі насихат топтарының мүшелері және намазхандар қатысты. «Шариғат пен жамиғат» деп аталған бұл пікір-сайыс алаңында жиналғандар күн тәртібіндегі тақырыпқа орай өздерін толғандырған мәселе төңірегінде сөз таластырды. Пікір сайысын қаламыздағы «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов жүргізіп отырды.

Пікір-сайысты қала әкімі Әнуар Омар ашып, жиналған жұртшылықты бір жақты пікірлер мен әрі тарт та бері тарт әңгіме емес, бәтуалы сөз қозғауға шақырды. Әкім өз сөзінде бүгінгі таңда өткір тұрған діни мәселеге, әсіресе кеншілер қаласындағы дін жолындағы жастар арасында туындап отырған көзқарас қарама-қайшылығына тоқталып, діни экстремизм сынды қоғамға қауіп-қатер төндіріп отырған мәселені де айналып өтпеді. Жастардың жалған діни ағымдарға бой алдырмай, ислам жолымен, оның ішінде Әбу Ханифа мазхабымен жүрудің маңызын да айтып өтті.

– Жасыратыны жоқ, бүгінде дін төңірегіндегі ахуал өте ауыр. Әр түрлі бағыттағы ағымдарды айтпағанның өзінде Ислам дінін өзінше түсінетін және өзінше түсіндіретін топтар да бар. Біз бұл жерде ананың айтқаны дұрыс, мынаның айтқаны дұрыс емес деуден аулақпыз. Бізге ондай үзілді-кесілді пікір айтуға ешкім құқық та берген жоқ. Бірақ, осы қаланың әкімі ретінде мен үшін ең қажет нәрсе – елдің тыныштығы. Ұлтаралық, дінаралық алауыздықтың болмай, барлық жамағаттың бір атаның баласындай тату-тәтті, бірлікте, ынтымақта, өмір сүруі. Ал, менің басты мақсатым – оларға өскелең заманға сай лайықты өмір сүруге жағдай жасау, – деп түйіндеді әкім сөзін.

Пікір-сайыс алаңының тізгінін қолына алған модератор күн тәртібіндегі мәселеге тағы бір мәрте қысқаша шолу жасап өтті.

– Ең өкініштісі сол, ұлттық руханиятымыз жан-жақтан қыспаққа алған жаһанданудың шабуылына ұшырап жатыр. Мұны ашығынан айтқанымыз абзал. Өйткені, ұлттық бейнені жоғалту оның руханиятының әлсіреуіне, ұлтқа тән құндылықтарды мансұқтаудан басталады. Қазақ бола тұра қазақша білмесек, ең сорақысы сол, соған ешқандай да қысылып-қымтырылмасақ, бұл біздің бойымыздағы ұлттық намыстың өшкенін айғақтамай ма. Немесе, «әлімсақтан бері мұсылманмын» дейтін қазақ баласы басқа діндегі әртүрлі секталарға барып, адасып жүргенін қалай түсінуге болады? Тіпті, бір Ислам дінін ұстанып жүрген бауырлар неге бір-біріне алакөздене қарайды. Бүгінгі күні «мешіттерді, имамдарды тыңдамайтын қауым қайдан шықты» деген жауабы қиын сауалдарды алдыға тартқан модератор мұсылман бауырлардың белгілі бір бөлігінің имамдардың уағызына ұйымау себебі неде деген ортақ сұрақты ортаға тастады.

Көтерілген мәселеге орай қаламыздағы Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің имамы Бауыржан Балтабеков бүгінгі жастар имамнан гөрі интернет желілеріндегі уағызға көбірек назар аударатынын айтса, Қазақстан Діни Басқармасының Жезқазған аймағы бойынша өкіл имамы Жұмабек Қабылбеков кездесуге қатысқан намазхандарға хақ жолмен жүрудің халқымызда ертеден келе жатқан дәстүрі мен ұстанымдары жөнінде кеңірек тоқталды.

Кездесу барысында қатысқандар имамдарды тыңдамаудың негізгі себеп-салдарына үңіліп, салт-дәстүрімізді мойындамайтын жастардың қоғамға тигізер қасіретін де әңгіме өзегі етті. Бүгінде жастардың санасын жаулап алған интернеттегі тыйым салынған сайттар тізбегі де осы пікірталас отырысында қызу талқыланған тақырып болды. Пікірталас отырысы барысында қатысушылар діни наным сұрақтарына қатысты көптеген мәселелерін ортаға салып, өз ойларын айтты, туындаған сұрақтар төңірегінде пікірлерін білдірді.

Ашық пікірсайыс барысында салтымызбен біте қайнасып кеткен ислам діні турасында бейнероликтер көрсетіліп, экстремизм мен терроризмді насихаттап жүрген түрлі жат ағымдардан сақтанудың жолдары да түсіндірілді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.