Діннің бүгінгі жағдайы талқыланды

Сейсенбі күні индустриалдық колледж студенттерімен кездескен діни ақпараттық-насихат тобының мүшелері діннің бүгінгі жағдайын жастар арасында талқылады.

Қарағанды қаласы орталық мешітінің найб имамы, «Нұрлы білім» ҚБ мүшесі Серік Құрманов, теолог, «Нұрлы білім» ҚБ Сәтбаев қаласы бойынша өкілі Нұрсұлтан Мәмедалиев, Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешіттің бас имамы Хамит Мырзагелдиев және діни наным-сенім орталығының сектор меңгерушісі Жанат Ізтілеуов жастарды ашық алаңға шақырып, дін төңірегінде ой алмасты.

– Баршаңыз жақсы білесіздер, қазіргі күні ислам дінін ұстанушылардың арасында екі топ қалыптасты. Біз ақ дегенді қара дейтін, қара дейтінді ақ дейтін топтар пайда болды. Бұл неден шыққан бөлінушілік? Әрине, діннің түпкі тарихын зерттеп, зерделеп, оның қазақ елінің әдет-ғұрпы, салт-санасымен тығыз байланыстылығын ой елегінен өткізе алмаған жандардың амал-әрекеттерінен туындап отырған жағдай. Жалпы ислам діні татулықты, бейбітшілікті, сонымен қатар адам баласының бауырмалдығы мен сыйластығына үндейтін әлемдегі ең қасиетті де қастерлі дін. Осы асыл дінімізді дұрыс түсіне алмай жүрген жастардың қатары көбейгені жалпы қоғамдық мәселеге айналып отыр. Еліміздің болашағы деп сенім артқан жандар біреудің жалған ақпаратының жетегіне еріп, осы өмірге әкеліп, өсіріп, бағып-қаққан ата-анасының көңіліне көлеңке түсіруі кездесіп жатыр. Бұл дінде де, адами құндылықта да нағыз адасушылық болып есептеледі.

Егер де ислам дінінің нағыз бастау бұлағынан дәріс алып, оның құндылығын үйренемін деп ниет етсеңіздер, әуелі мешітке барып, ондағы имамдардан дәріс алғандарыңыз жөн. Көшеде кетіп бара жатып, бейтаныс адамнан дін туралы ақпарат тыңдағандардың ісі сан соқтырып отырғанын естеріңізден шығармаңыздар, – деді дін өкілдері жастарға.

Ислам дінінің қалыптасуы, дамуы, бүгінгі күнде осы дін төңірегінде туындап отырған мәселелер жайында сөз қозғалған кездесуде студенттер топ мүшелеріне сұрақтарын қойып, өз пікірлерімен бөлісті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.