Алғашқы сенбілік сапалы өтті

20140926-05-02-120140926-05-02-2Сәтбаев қаласы әкімінің 2014 жылдың 12 қыркүйектегі № 56 «Сәтбаев қаласы және жақын орналасқан елді-мекендер аумағында санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандырудың күзгі екі айлығын өткізу туралы» өкімінің талабына сай 19 қыркүйек күні жалпықалалық сенбілік өткізілді. Оған қаламыздағы ірі және шағын кәсіпорындар, мемлекеттік ұжымдар, мектептер мен аурухана, емхана ұжымдары қатысып, қала көшелерін, аулалар мен алаңдарды тазарту жұмыстарын жүргізді. Сенбілікті басынан аяғына дейін бақылаған Сәтбаев қалалық тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы басшының міндетін атқарушы Гаухар Жалмурзинадан алған мәліметке қарасақ, сенбілік сапалы өтіпті.

– Сенбілікке барлығы 253 ұжымнан 5770 адам, 14 көлік шығарылды. «Тазалық-2020» ЖШС Бұлқышев көшесіндегі жиналған қоқысты, қаладағы барлық ірі көшелердің бойындағы қоқысты сыртқа шығарды. № 3 Байыту фабрикасы №5 шағын аудан төңірегін тазартып, тас жолдар бойын сыпырып, әктеді. Осы шағын аудан кеңесіне бекітілген «Сәтбаев қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарлама бөлімі» ММ-нен ұйымдасқан түрде 75 адам қатысып, Ерден, Құсайынов көшелерін қоқыстан тазартып, арам шөптерін жұлды.

Шығыс Жезқазған кенішінің ұжымы да өздеріне бекітілген, тас жолдар жиегін тазартып, әктеді. Бұл ауданда мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен 45 адам қатысып, шағын аудан көлемінде, Тәуелсіздік даңғылы, Ерден көшелерінде тазарту іс-шараларын атқарды. № 13 шағын ауданға бекітілген ПАТиМ ұжымы Гурба, Ұлытау және Наурыз көшелерінде сапалы жұмыс атқарды.

«Баланың істегені білінбес» дегендей, №№ 27, 14, 1, 15, 16, 19 орта мектептердің оқушылары қаланың көптеген жерлерін тазартып, қураған шөптерді жинады.

Сенбілікте толық тазартылмай қалған Комаров көшесі болды. Бұл №5 шағын аудан кеңесіне (ШЖК) бекітілген. ПАТП кәсіпорнына бекітілген Гурба көшесінің бір жақ беті, Бабыр би, Шәкәрім көшелерінің бойы тазартылмай қалды. Бабыр би көшесінде №5 орта мектеп ұжымы ғана сенбілік тапсырмасын орындады. Энергоуправление, ЖЖДК, РЕСХ, ССМУ ЖРП, №№45, 65 шахталардың ұжымдары сенбілікке мүлдем шыққан жоқ. Сонымен қатар, қаладағы шағын және орта бизнес нысандары да өткізілетін қалалық, облыстық сенбіліктерге толық шықпайды. Маңайын тазартып, таза ұстау керектігін ескерту мен түсіндірме жұмыстарынан кейін ғана атқарады.

Қала тұрғындарына да есіктерінің алдын, қоқыс жәшіктерінің маңайын таза ұстау керек екендігін ескертеміз. Қаланың батыс және шығыс аймақтарында орналасқан бірқабатты жекеменшік үйлердің тұрғындары да аулаларын тазартып, қоршау сырттарын сырлап, тегістеп, жинаулары керек. Тұрмыстық қалдықтар жиналып қалған жағдайда 2-3 көрші жиналып, көлікке тапсырыс беріп, жиналған қоқысты шығарулары керек, – дейді Гаухар Шәріпқызы.

Жалпы, сенбілік барысында мамандар тарапынан 7 нысанға ескерту жасалып, 22 түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта 27 қыркүйек күні қалалық әрі облыстық, 11 қазан және 1 қараша күндері қалалық сенбіліктер өткізіледі. Сонымен бірге, әр апта сайын тазалық бейсенбілігі өткізіледі. Бәріміз қаламыздың тазалығына атсалысайық!

(Өз тілшіміз). Суреттерді түсірген Б.Бірманов.

Комментарии закрыты.