Тіл жастар арасында

«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде». Елбасының осы бір сөзі бүгінде қанатты қағидаға айналды. Ал, оны жастарымыз қалай түсініп, қалай қабылдады? Тақырыбымыз тіл төңірегінде өрбігендіктен, жастар арасындағы қазақ тілінің мәртебесін айқындамақ ойда қаламыздың жас қызметкерлерімен тілдескен едік.

Руслан Гамаюнов, «Сәт-Тазалық» ЖШС-нің дәнекерлеушісі:

20140926-06-03-1– Мен араласатын ортада «сен орыс ұлтынансың» деп ешкім айтпайды. Қалжыңдап «Таза қазақ» деп жүреді. Ең алғаш көрген адамдардың «қазақшаға судай екенсің» деп таңданып жататыны да бар. Ал, мен қазақша сөйлегенімді қалыпты құбылыс деп білемін. Себебі, отбасымызбен Сәтбаев ауылында тұрғанбыз. Қазақ жерін, қазақ ауылын мекен ете тұра оны білмеу мүмкін емес қой. Қазақша оқыдым, тоқыдым. Үйде де тек қазақша тілдесеміз. Дәнекерлеуші болып екінші жыл жұмыс істеп келемін. Мамандығым бойынша орта білімім бар. Мемлекеттік тілде еркін сөйлегендіктен, адамдармен тіл табысып кетуім тез. Қазақ тілін білмейтіндер үшін оны үйрену парыз деп білемін. Кей қазақ баласы өз тілін таңсық қылып жүргені рас қой. Мұны ұяты барлар өзіне ар санауы тиіс.

Руслан Есентеміров, жастар ресурстық орталығының бас маманы:

20140926-06-03-2– Біз отбасымызбен Қостанайдан Сәтбаев қаласына қоныс аудардық. Анам орыстілді болғандықтан, мен кішкентайымнан орыс тілінде сөйледім. №15, №4 мектептерді орысша тәмамдап, 2011 жылы Жезқазғандағы «Қазақ жол қатынастар» университетінің орыс бөліміне түсіп, заңгер мамандығын игердім. Осы себепті қазақ тілін толық меңгеруге мүмкіндігім болмады. Дегенмен, ана тілімде мүлдем сөйлемеймін деп те айта алмаймын. Жолдастарымның басым көпшілігі қазақтар. Менің кемшілігім – көбінесе отбасында, күнделікті өмірде орысшаға бейімдігім және әдеби тұрғыдағы сөздерді түсінбейтіндігім. Қазақ бола тұра өз тілімде таза сөйлей алмайтыныма ұяламын. Сондықтан, қазақ тілін игеруге деген талпынысым артып келеді. Ол еңбегім де еш кетіп жатқан жоқ, себебі, осы жұмысымда құжат толтыру кезінде бұл маған үлкен септігін тигізуде. Өзім сияқты жастарды ана тілімізді ардақтауға, бір-бірімізбен қазақша сөйлесуге шақырамын.

Біз бұл мысалдарды бекер келтірген жоқпыз. Жастарға ой салсақ, тіліміздің мәртебесі көтерілсе деген көзқараспен жазып отырмыз. Мұхтар Әуезов «Алтын анам, Отаным, сенен аяр жаным жоқ деп, сенен іркер күшім жоқ, ер қайратыңа мін дағы, өрге бас» деген. Ендеше адамдықты, ерлікті, батырлықты, еліміздің бірлігін сақтаған татулықты айта жүріп, тілімізді де биіктерге көтерейік!

Мөлдір Мұқатова. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.