Атаулы мереке айшықты шарамен астасты

Өткен аптада қаламыздағы Баубек Бұлқышев атындағы орталықтандырылған кітапханада «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына 25 жыл толуы мен қазақ жазушысы, драматург, аудармашы, әдебиет зерттеуші Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 125 жыл толуына орай аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған Жезқазған, Сәтбаев қалаларынан қазақ тілі мұғалімдері мен тіл мамандары қатысты.

20140926-06-01

Конференцияны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш ашып, қатысушыларды Тілдер күнімен құттықтады.

– Тіл байлығы – әрбір елдің, ұлттың мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып келе жатқан баға жетпес мұра. Туған тілдің абыройын асқақтату – әрбір азаматтың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениетіміз бен тілімізде жатыр. Бүгінгі атқарылып отырған шара да осыны негізгі бағытқа алған. Осындай келелі істе баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді өз сезінде Қанат Жанділдаұлы.

Конференция өз жұмысын екі бағытта жүргізді. Оның бірі Алаштың аймаңдай тұлғасы, қазақ қара сөзінің құлжасы Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығына орайластырылды. Ол «Қазақ тіл білімі және Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылығы» деген тақырыпта өтті. Бұл бөлімде №19 мектептің жас мұғалімі Амангелді Қайратұлы «Ж.Аймауытов – әдебиет сыншысы» деген тақырыпта баяндама жасады.

Конференцияның екінші бөлімі қазақ тілін оқыту мәселелерін қамтыды. «Мемлекеттік тілді оқытудың өзекті мәселелері, заманауи әдістері» деген тақырыптағы бұл бөлімде Жезқазған поселкесіндегі №2 орта мектептің мұғалімі Мадинат Игенберлина «Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны» тақырыбында баяндама жасаса, Жезқазған қаласындағы №6 балалар бақшасының қазақ тілі маманы Нұргүл Аяшева мектепке дейінгі жастағы өзге ұлт балаларына қазақ тілін үйретудің тиімді жолдары жайлы өз тәжірибесімен бөлісті. Конференция соңында осы іс-шараға арнайы шақырылған тіл жанашырлары – қалалық «Шарайна» газетінің бас редакторы Майра Жаппасбаева, Шынболат Ділдебаев атындағы мұражайдың жетекшісі Гүлсара Жиенқұлова, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ләззат Ибраева сөз сөйлеп, конференция жұмысына өз бағаларын берді.

Ізтай Белгібайұлы. Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.