Келелі мәселелер талқыланды

Қала әкімдігінде кеңейтілген аппараттық жиын өтіп, қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты бірқатар мәселелер қаралды.

Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар жиынды бастамас бұрын психо-неврологиялық диспансердің бас дәрігері Сергей Гик-Сенович Тёны актив атынан туған күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, қала басшысы «Сәт Тазалық» ЖШС жаңа басшысы лауазымына тағайындалған Әділхан Әметовті қала активіне таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Бұдан кейін кеңейтілген аппараттық жиналыстың күн тәртібіндегі маңызды мәселелері қаралды. Сәтбаев қаласында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы туралы баян еткен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш қала басшысына атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Жалпы, соңғы үш жылда мәдениет саласына бөлінген қаржы жыл сайын өсіп келеді. Айталық, 2012 жылы — 1 млн. 390 мың, 2013 жылы — 2 млн. 988 мың теңге қаражат тартылса, биыл мәдениет саласына 3 млн. 320 мың теңге бөлінді. Әнуар Серікбайұлы қаржы неғұрлым көп бөлінген сайын, соғұрлым қаламыздағы іс-шараларды ұйымдастыру деңгейі де жоғары болуы тиіс деген талап қоя отыра, мәдени-рухани шаралардың деңгейі мен сапасының көбінесе көңілден шықпайтынын айтты. Мемлекеттік мекемеде қызмет ететін қызметшілердің қазақ тілін жетік меңгеру мәселесі де кенжелеп тұрғанын айтып, құжаттарды мемлекеттік тілде рәсімдеу күн тәртібінен түспейтіндігіне тоқталды. Аппараттық жиында сондай-ақ, 2011 – 2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалысы бойынша баяндама тыңдалды. Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігі басшысының міндетін атқарушы Батима Айтпаеваның мәліметінше, кеншілер қаласындағы демографиялық жағдайдың оң ілгерілеушілігіне қарамастан, ана мен бала денсаулығы алаңдатып отыр. 2014 жылы нәресте өлім-жітімінің деңгейі қаламызда 1000 тірі туғандарға шаққанда 11,1 пайызды құрады. Нәресте өлім-жітімінің негізгі себептері перинаталдық кезеңде туындаған жағдайлардан орын алып отыр. Яғни, диагностиканың жеткіліксіздігі, ата-аналардың саламатты өмір салтын сақтамауы, қолайсыз әлеуметтік жағдайлар да ана мен бала денсаулығының төмен көрсеткішіне әкеліп отыр. Бұл орайда, медициналық қызметкерлердің тарапынан жіберілетін кемшіліктер мен кәсіби біліктілігінің төмендігі де аталып өтті. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша іштегі нәрестенің туа біткен ақауы бар деген себеппен 29 әйелдің жүктілігі медициналық жолмен тоқтатылды. Сондай-ақ, қажетті медицина мамандарының тапшылығы да денсаулық саласына өз әсерін тигізіп отыр. Бүгінде Сәтбаев қаласы жалпы саны 16 білікті мамандарға зәру.

Туберкулезбен күрес бойынша 2014 – 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының орындалысы да аппараттық жиында қаралды. Туберкулезге қарсы диспансер директорының міндетін атқарушы Нұрбол Жолдыбаевтың мәліметінше, үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша құрт ауруымен ауыратын адамдардың көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда 2012 жылмен салыстырғанда 50 пайызға төмендеген. Өлім-жітім көрсеткіші 2012-2014 жылдар аралығында 34,7 пайызға төмендеген.

Жиында қала активі денсаулық саласына қатысты көкейкесті мәселелерін ортаға салып, оны шешудің жолдарын қарастыруда өз ұсыныстарын айтты. Әнуар Серікбайұлы жиынды қорытындылай келе, талқыланған мәселелер бойынша бірқатар жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді. Қала активін мазалаған денсаулық саласына қатысты сұрақтардың оң шешімін табуда ықпалдастық жасайтынын да жеткізді.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.