Еңбекте озат атанғандар

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осыдан екі жыл бұрын адамның шынайы мәртебесін көтеретін еңбек екенін, қоғам үшін оның аса қажет екендігін нақтылай түскен «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы жарық көрген болатын. Елбасы мақаласында барша қазақстандықтарды ел игілігі жолында еңбек етуге шақырды.

Бағдарламалық мақалада еңбек әлеуетін арттырып, адал еңбегі арқылы құрметке бөленген ел ағалары мен ортаңғы буындағы көзге түсіп жүрген азаматтардың ісін жастарға үлгі етуді басты назарға алу қажет делінген. Еңбек адамына деген ықылас пен қамқорлықты нығайту мақсатында былтырғы жылы Президент Еңбек күнін атап өтуге байланысты Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлықтың негізінде биыл елімізде алғаш рет қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді.

Осы атаулы мереке қарсаңында өз саласында адал еңбегімен көзге түсіп жүрген азаматтар жайында сыр шерткелі отырмыз.

«Ерен еңбегі үшін» белгісінің иегері

20140926-03-02-1Иманжан Аяшев – бір салаға адал берілген азаматтардың бірі. Ол 1968 жылы Весовая елді-мекеніндегі №10 орта мектепті бітірісімен, бірден Жезқазған кентіндегі жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына жұмысқа орналасқан. Содан бері арада 44 жыл өтіпті. Өз ісін бүгінде ұршықша иіретін Имекеңді қатарластары «кәсіпорынның абызы» деп мәртебесін көтеріп жүр. Марқұм әкесі Мирам Жезді станциясында жол көрсетуші болып еңбек етті. Бала жасынан әкесінің еңбекке деген құлшынысы мен адалдығын көріп өскен Иманжан өз ісінде де тазалықты, ұқыптылықты басты назарға қойды. Оның өзіне деген талапшылдығы, жұмысқа деген жауапкершілігі басшылық назарын аудартты. Бұл мекемеге келгенде ол құбыр жүйелерінің не себептен сыр беріп, қай көшеде қандай ақау барын бірден ұғынып, санасына тоқи білді. Арнаулы білімі болмаса да сол кездегі білікті мамандардан ол іс-тәжірибе арқылы үйреніп, қыр-сырын әп-сәтте меңгеріп алды.

– Мен бала жасымнан еңбекке араластым. Оның ішінде мен өте жауапты міндетті мойныма алған едім. Себебі, халықты уақытылы сумен, жылумен жабдықтау – жауапты іс. Мен еңбек өтілімнің 44 жылында шаршауды, еңбектен қажуды білмеппін. Өйткені, бұл мамандық – өзімнің жүрегіммен қалап, өмірлік жолымды қалыптастырған сүйікті жұмысым.

Әу баста кәсіпорынға келгенде слесарь болып еңбек етіп, көзге түстім. Екі жыл міндетті әскери борышымды өтеп келген соң, кәсібіме қайта кірісіп, бригада басқардым. Қарамағымдағы жігіттерге өз үйренгендерімнің барлығын айтып, түсіндіріп отырдым. Жиырма бес жыл бригадирлік қызметті атқара жүріп, бірнеше шәкірт дайындадым. Әлі күнге дейін өзіммен бірге бір кәсіпорында еңбек етіп жүрген Ибрагим Мағзұмов, Қалдыкен Дүйсенбеков бүгінде өз істерінің білгірі атанды. Олар да кейінгі буынды еңбекке тәрбиелеуде тынымсыз еңбек етіп жүр.

Зейнет жасына шықсам да еңбектен қол үзіп кете алмадым. Қазір осы шағын цехтың кезекші слесарі болып еңбек етемін, – дейді өз ісінің білгірі Иманжан аға.

Иманжан Мирамұлы өзінің еңбекке деген сүйіспеншілігі арқылы құрметке бөленген жан. Ол 1975 жылы Никольский қалалық кеңесіне депутат болып сайланған. Әрине, бұл жауапты міндетке елдің мәселесін білетін азаматтарды сайлайтынын ескерер болсақ, Иманжан аға сол кездегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын, оның ішінде құбыр жүйелерінің мәселесін бес саусағындай меңгеріп, тіпті дипломы бар «менмін» деп кеуде соққандардың бұл істе алдын орап кететін. Алғырлығы мен еңбекке деген құлшынысы оны марапаттан кенде қылмады. Кеңестік кезеңде бірнеше мәрте Социалистік жарыс жеңімпазы атанды. Ал, осыдан төрт жыл бұрын Имекең «Ерен еңбегі үшін» арнайы төсбелгісін омырауына тақты.

Қарапайым еңбектен зор табысқа жеткен азамат Иманжан Аяшев өз ұжымында сыйлы әрі ақылшы ұстаз атанды.

Жан жары Рахила апай Жезқазған кентіндегі Оңтүстік-Батыс жылу беру қазандығында көп жылдан бері абыройлы еңбек еткен жан. Иманжан ағаның балалары да еңбексүйгіш азаматтар.

«Шамшырақ»

20140926-03-02-2Ия, оны әріптестері мен замандастары «шамшырақ» деп атайды. Өйткені, оның саусақтары тиген электр сымдары бірден іске қосылып, үйдің, мекеменің, тіпті қала көшелерінің шамдары жарқырап сала береді.

Марғұлан Қапаров еңбек жолын теміржол саласында бастаған. Кейін Солтүстік Жезқазған кенішінде жалғастырса, 2012 жылдан бері «Тазалық-2020» ЖШС-де жемісті еңбек етіп жүр.

– Қазіргі күні сұранысқа ие мамандықты мен мектеп бітірісімен-ақ іс-тәжірибе арқылы меңгеріп алдым. Арнайы білімім болмаса да, беделді деген электриктің бірімін, – дейді әзіл-қалжың араластырып Мәкең.

Бүгінде мекеменің энергетигі дәрежесіне көтерілген Марғұлан Қапаров учаске басқарып жүр. Қарамағындағы білікті электриктер Мүбәрак Өмірзақов пен Еламан Құтжолов Сәтбаев қаласы мен Жезқазған кенті көшелеріндегі шамдардың түнде үнемі жанып тұруына тікелей жауапты мамандар. Күн демей, түн демей тынымсыз еңбекке еті үйренген Мәкеңнің адалдығы басшылық назарынан тыс қалған емес. Ол көбіне-көп сол басшылардан мақтау естиді.

Жалғандықты жанына жат көретін азамат еңбек ұжымында өте сыйлы әрі құрметке ие.

Құдай қосқан қосағы Айнаш «ПлатСервис» мекемесінде жемісті еңбек етуде.

Білікті маман

20140926-03-02-3Еңбек күні қарсаңында мақалаға арқау болып отырған үшінші бір кейіпкеріміз – банк саласында өзіндік ізденісімен көзге түсіп жүрген білікті жас басшы Дулат Бейсенбаев.

Ол 2005 жылы Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған соң, Халық Банкінің Сәтбаев қалалық филиалында еңбек жолын бастады. Әуелі кассир мамандығынан банк саласының ұңғыл-шұңғылын зерттеп, зерделеген Дулат арада бір жылға толар-толмас уақыт ішінде менеджер болды. 2007 жылдан бастап Дулат Елімбайұлы «БанкЦентр Кредит» Жезқазған қалалық филиалына қарасты Сәтбаев қаласындағы бөлімшесінде жемісті еңбек етуде. Д.Бейсенбаев банк бөлімшесінде басшылықта болған Рақыш Мусина, Татьяна Балтабекова сынды осы саланың білгірлерінің іс-тәжірибесін меңгере жүріп, үлкен табыстарға қол жеткізді. Қазір құрылымдық бөлімшедегі 15 қызметкерге басшылық жасап отыр. Басшылар Дулаттың білімді әрі еңбекке деген сүйіспеншілігін және жауапкершілігін ескере отырып, мекемені сеніп тапсырды. Әзірше басшылықтың сеніміне селкеу түсірген жоқ. Түсірмейді де. Өйткені, өз ісінің маманы ретінде бұл саланы бес саусағындай меңгерген Д.Бейсенбаев адал еңбек абырой биігіне жетелейтінін түсінген азамат.

– Менің еңбек жолымда өз ісінің мамандары атанған білікті басшылар кездесті. Сол кісілердің арқасында банк саласындағы барлық сатыларды бірте-бірте өтіп келемін. Менің де бұл салада еңбек еткеніме 10 жылға таяп қалыпты. Үйренгенімізден әлі үйренеріміз көп қой. Өзім басқарып отырған құрылымдық бөлімшеде бірнеше жыл қоян-қолтық араласып, еңбекте қатар табысқа кенеліп келе жатқан Алуа Сүлейменова, Шарбат Әбдірахметова сынды мамандардың халыққа қызмет көрсетудегі істері ізімізден ерген жастарға үлгі, – дейді Дулат.

Міне, сәтбаевтық еңбексүйгіш азаматтар елдің әлеуметтік, экономикалық саласының өсіп-өркендеуіне өзінің адал еңбегі арқылы үлестерін қосуда.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.