Тіл жанашырлары марапатталды

20140926-02-01Өткен аптада Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында Қазақстан Республикасының «Тілдер туралы» Заңының қабылданғанына 25 жыл толуына және Халықаралық тілдер күніне орай облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын тапсыру салтанаты өтті.

Үшінші мәрте ұйымдастырылған тіл жанашырларының байқауына журналистер, мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, ұзын-ырғасы 50 адам қатысқан. Соның 18 ғана ақтық сынға өтіп, 6 адам сыйлық иегерлері атанса, қалғандары номинант атанды.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, тіл тазалығын сақтау баршамызға абыройлы міндет дей келе, «Тіл майталманы» атағын жеңіп алған Ибрагим Ислямовқа жарты миллион теңге тапсырды.

Қалған 5 номинация бойынша жеңімпаз атанғандар 400 мың теңгемен марапатталды.

Елімізде Қарағанды облысында ғана үшінші рет өткізілген бұл тіл жанашырларының байқауына әріптесіміз Бағдат Қазкенов та қатысып, облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының «Тіл жаршысы» аталымы бойынша номинант атанды.

Мемлекеттік тілдің жетістіктері мен кемшін тартқан тұстарын жария етуде үлес қосып жүрген Бағдат Айтөреұлының бұл жеңісі редакция ұжымы үшін үлкен қуаныш болды. Әріптесімізді жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыстар, мол ізденіс тілейміз.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.