Ұстаз ұлағаты

Халқымыз жақсы көрген, құрметтеген қыздарын «ер азаматтай» деп бағалап жатады. Бұл сөздің астарында шын мәнінде кең мағына жатса керек. Халқымыз бұл сөзді әйелге лайық ақыл, сұлулық пен нәзіктік, ізгілік сияқты қасиеттерге ие болумен бірге, ер-азаматқа тән қайрат, жігер, парасатты тал бойына жинай білген қыздарының жақсылығын әспеттей айтқан болар.

Иә, осындай халқының мақтан тұтар қыздарының бірі, әрі бірегейі – Жанасылова Шынар Қаппасқызы.

Атақты педагог-ғалым В.А.Сухомлинский: «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі де қызықты, шым-шытырдағы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу», – деп баға берген екен. Осындай бағаға лайық, еліне еңбегімен сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге болған Шынар Қаппасқызы биылғы жылы асқаралы 60 жасқа толды. Жүрегі жомарт жайсаң жанның өмір жолына көз жіберсек, өнегелі өмірдің үлгісін көреміз.

1996 жылы Шынар Қаппасқызы Сәтбаев қалалық білім бөлімінің әдіскері, мұнан соң сол жылы білім бөлімінің басшысы қызметіне ауысты. Талапшыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары басшының алдында қажымас қайратты талап етер күрделі істер күтіп тұрды. 1996 жылы №3 орта мектепте білім алушылар үш ауысымда оқыды. Ақыры мектеп жабылып қалды. Сол мектеп 1997-1998 оқу жылында қайта ашылып, жұмыс істей бастады. Осындай игі істердің орындалуына Шынар Қаппасқызы үнемі басшылық жасады. Бұл жолда ол қиындықтан қайтпайтын бойындағы қажымас жігерімен іске кірісті. Ендігі үлкен міндет – ұлттық мектептердің ашылуы еді.

Қазақ тілінде оқытатын мектептердің ең басты мақсаты – өз ұлтының тарихын, мәдениетін, тілін қастерлейтін елжанды тұлға тәрбиелеу. Осы қағиданы үнемі жадында сақтаған білікті басшы қазақ мектептерінің ашылуына атсалысты.

2000 жылы №7 орта мектебі ашылды. Сонымен қатар, Жасөспірімдер спорт мектебі, Оқушылар сарайы жұмыс істей бастады.

2005 жылы тамыз айында үлкен білім ордасы №16 жалпы білім беретін орта мектеп ашылды. Уақыт талабына сай салынған жаңа типті бұл мектептің оқу-материалдық базасын нығайтуға, жаңа үлгідегі кабинеттерді оқу-техникалық құралдармен жабдықтауға Шынар Қаппасқызы үлкен қамқорлық көрсетті. Жаңа мектептің ашылуы ұстаздардың да шығармашылық бастамасының іске асуына зор ықпал етті. Осы сәтте де Шынар Қаппасқызы ұстаздарға үнемі ақыл-кеңесін айтып, олардың жемісті еңбек етуі үшін аса жайлы психологиялық ахуал қалыптастырды. Мұнан соң 2008 жылы желтоқсан айында №15 орта мектеп іске қосылды. Көп ұзамай «Нұрбөбек» балабақшасы бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Осындай білім ордаларының ашылуында басшы ретінде Шынар Қаппасқызы үлкен ықпал мен қажырлық көрсетті.

Ұстаз мәртебесі – ел мерейі. Ел арасында еңбегімен құрметке ие болған, елінің мақтанышына айналған, халқының сүйікті қызы Шынар Қаппасқызын 60 жасымен құттықтап:

Жігері ширай берсін дана шақтың,

Арайын шаша берсін болашақ күн!

Мерейлі мерекеңіз құтты болсын,

Жүріңіз биігінде парасаттың, – деген тілегімді білдіремін.

Қ.Смайлов, №16 жалпы орта білім беретін орта мектеп директоры.

Комментарии закрыты.