Партия өкілі кенді қалада

20141003-03-1Өткен сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова Сәтбаев қаласына іссапармен келді. Сапар барысында Қадиша Базарбайқызы әуелі Жезқазған кенті мен Весовая елді мекендерінде болып, халықпен жүздесіп, маңызды деген нысандардың жұмысымен танысты.

Шағын елдімекендердегі өнер мектебі, кітапхана сынды өнер мен білімнің ордасында болған партия төрағасының бірінші орынбасары түс ауа қаладағы әділет басқармасы мен халыққа қызмет көрсету орталығының халықпен жұмыс жасаудағы бет алысын көрді.

Қадиша Базарбайқызына нысандарды таныстыру, қаланың экономикалық, әлеуметтік даму қарқыны бойынша «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев ақпарат беріп жүрді.

Қадиша Оспанова: «Халық үшін барлығы қолжетімді болуы тиіс»

Қадиша Оспанова «Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының ғимаратында мүмкіндігі шектеулі жандарды толғандырып жүрген мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдауға жергілікті филиал төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, Жұмыспен қамту орталығының басшысы Қазбек Ашықбаев, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бауыржан Әпеков қатысып отырды.

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының аясында ауылдық жерде мал шаруашылығын құруды мақсат еткен Бибайша Құмарбекова несие алуға құжаттарын орталыққа тапсырғанын айта келе, уақытты көп созбауларын сұрады.

Орталық басшысы Қ.Ашықбаев қазіргі уақытта тапсырылған құжаттардың барлығы сараптаудан өтіп жатқандығын түсіндіріп, жуық арада орталық тарапынан жауап болады деді.

Екінші топ мүгедегі Өмірзақ Оспанов Қарағандыға барып емделуге ақшалай көмек сұрай келіпті. Қадиша Базарбайқызы көмек сұрай келген азаматқа өзінің емделіп жүрген емханасынан портал арқылы кезекке тұруға кеңес берді. Сонда ғана ешқандай ақшасыз ем-дом жасауға болатындығын айтып түсіндірді.

Қабылдауға келген екі тұрғынның мәселелерінің оң шешімін табуын қадағалауға алу филиал төрағасының орынбасары мен жауаптыларға тапсырылды.

Халықты жұмыспен қамтуда қызмет жасап отырған орталық пен бөлім басшыларына Қадиша Оспанова халықтың мұң-мұқтажын шешуде партиямен біріге отырып жұмыс жасуға шақырды.

Облыстық партия төрағасының бірінші орынбасары қабылдаудан соң бастауыш ұйым жетекшілерімен кездесу өткізіп, партияның тұғырнамасында көзделген мақсаттарға жету үшін алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды пысықтады.

– Мен осы партия төрағасының бірінші орынбасарлығы қызметіне келген үш жыл ішінде қай қаланың, қай ауданның болмасын партияның алдына Елбасы Н.Ә.Назарбаев қойған тапсырмаларды жүйелі жүзеге асырудағы қызметтерінің жолға қойылғандығын көріп жүрмін. Әсіресе, Сәтбаев қалалық филиалының жұмысына оң бағамызды береміз. Әрине, халықтың партияға деген сенімін арттырып, көздеген мақсатқа жету үшін әлі де көп жұмыстар атқарылуы қажет. Бұл жұмыстарды біз партияның әр мүшесі бірігіп атқарғанда ғана шеше аламыз. Сондықтан да бастауыш ұйым жетекшілері мен партияның саяси кеңес бюро мүшелерінің жұмысы көңілден шығуы қажет. Халықтың көбісі әлі күнге дейін өздеріне жасалып отырған әлеуметтік көмектердің барын да білмейді. Жаңа ғана көз жеткіздіңіздер, азаматтың білместігі болар, портал арқылы ем алуға да мүмкіндігінің барын осы жерден естіп кетті.

Халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік нысандардың жұмысын насихаттап, түсіндіруде сіздердің қызметтеріңіз өте маңызды. Сондықтан, жұмысты ширату қажет. Тұрғындардың мәселесін оң шешіп беруде де жергілікті филиал мен атқарушы билік өкілдері қоян-қолтық жұмыс атқарса партияның тұғырнамасындағы басым бағыттардың біразын еңсеруге болады, – деді Қ.Оспанова.

Жалпы, қала бойынша партияның жанынан құрылған 13 бастауыш ұйым бар. Оның құрамына екі мыңнан аса азамат мүше.

Кездесу барысында Қ.Оспанова халықтың жақсы тұрмыс-тіршілік кешуі үшін барлық саланың қолжетімді болуы қажеттігін ескерте келе, жастардың да бірсыпыра мәселелеріне тоқталып өтті. Әсіресе дін төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізудегі партияның өзіндік бағдарламалары болуы қажеттігін атап өтті.

Бастауыш ұйым жетекшілері жиын барысында сұрақтарын қойып, пікір алмасты.

Қадиша Базарбайқызы кездесуді қорытындылай келе, Елбасы Н.Ә.Назарбаев партияға жүктеген міндеттерді қалтқысыз атқаруда белсенділік танытуға шақырды.

Жиын соңында Жаңбырбай Әбсәметұлына партияның жаңа үлгідегі кәулігін тапсырды.

Жастармен өткен ашық әңгіме

Қадиша Оспанова бастауыш ұйым жетекшілерімен өткен жиыннан соң, Оқушылар сарайында жастармен жүздесті.

Қаладағы жастар ресурстық орталығының «Жас жалын» пікір-сайыс клубының ұйымдастыруымен өткен кездесуде Қадиша Базарбайқызы жастармен ашық-жарқын әңгіме құрды. Жастар саясатын жүзеге асыру мәселелерінен бөлек, жастардың болашағы, қандай мәселелер толғандырып жүргендігінен сұхбат арқылы сыр суыртпақтаған төрағаның бірінші орынбасары жастарға өзінің ақыл-кеңесін де берді.

– Жастар – бұл біздің болашағымыздың негізі. Біз сол болашаққа сенімді болу үшін қазірден бастап оларды рухты, ұлтжанды етіп тәрбиелеуіміз қажет. Әрине, балаға деген тәрбие, ұлтына деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Қазір елімізде отбасы құндылығын арттырып, жастарды қазақи рухта тәрбиелеуде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Сіздер сол атқарылып отырған іс-шаралардан, ата-ана берген тәрбиеден өздеріңізге азық болатындай дүниелерді саналарыңызда қалыптастыруларыңыз қажет. Адам ең алдымен азамат болып қалыптасуы үшін оқу мен еңбек басты назарда тұрады. Бүгінгі қоғамда кейбір жастар өмірдің кішкентай ғана сынағына төтеп бере алмай, әртүрлі жолдарға түсіп жатыр. Біздің жастардың басты кемшілігі осы болып тұр. Осы ұрымтал тұсты пайдаланған әлдебіреулер өздерінің пайдасына жастарды бұрып алып кетуде. Ойланыңыздар! Сіздер қазақ елінің ұлтжанды азаматтарысыздар. Болашақ сіздермен жарқын. Бүгін мынадай аудиторияда жүздесіп, бір-бірмізбен пікір алмасып, ашық әңгіме өткізу сіздердің өмірге деген мақсат-міндеттеріңізді жақсы арнаға бұрып, қоғам үшін еңбек етіп, ізденуге мол мүмкіндік береді деп сенемін.

Қазіргі күні партия тарапынан жастардың бастамаларын қолдау үшін бірнеше бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Осы жылдар ішінде «Жас Отан» жастар қанаты сіздердің сенімді серіктеріңізге айнала білді. Бұл ұйымның да жастарды қолдаудағы атқарып отырған жұмыстары көңілге қонымды. Тек жастар тарапынан жақсы ойлар мен бастамалар болса, – деді Қадиша Базарбайқызы.

Кездесу барысында бүгінгі күнде адасушылыққа түсіп, ұлтымызға тән емес қылық шығарып жүрген жастардың ісін қайталамаса деген оймен арнайы бейнебаян көрсетілді.

Кездесуге нүкте қойған жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбай Наурызбаев жастарға орамды ой айтып, пікір алмасқан Қадиша Оспановаға алғысын білдірді.

Түйін

Еліміздегі бас партия өкілінің Ұлытау аймағына келіп, әлеуметтің әлеуеттік тынысын бағдарлап, алдағы мақсат-міндеттерді айқындағаны партияның халықпен тығыз қарым-қатынаста екенін көрсетті.

Сапар барысында орын алған кем-кетіктерді түзетуде партияның ықпалы арта түссе елдің де партияға деген сенімі селкеусіз болатыны хақ.

Бағдат Қазкенов. Суреттер атвордікі.

Комментарии закрыты.