Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Ресми деректер бойынша, қазіргі таңда қала бойынша 279 адам жұмыс іздестіруде. Сондықтан, мәселенің түйткілін тарқату үшін жұма күні Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Бүгінгі таңда аймағымызда негізінен дәрігерлер, психолог-мұғалімдер, жұмысшы мамандықтарына, дәнекерлеушілер мен ауыр көлік жүргізушілеріне деген сұраныс жоғары. Ал, жоғарыда аталған 279 жұмыссыздың дені заңгерлер мен экономистер. Сол себепті, көп жағдайда сұранысқа ұсыныс сәйкес келмей жатады. Алайда, «Екі қолға – бір күрек» іздеген жандар жәрмеңкеге ағылды.

Жәрмеңкеге қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай, қалалық мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Бауыржан Әпеков, қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Қазбек Ашықбаев және мекеме, ұжым басшылары қатысты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында халықтың әлеуметтік жағдайына басымдық бере отырып, еңбекке жарамды азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді ерекше тапсырған болатын. Тұрғындар тұрмысының жақсаруы, ел экономикасының өркендеуі әрбір жеке тұлғаның еселі еңбегіне де байланысты екені даусыз. Дамыған елде бос жүрген адам болмауы тиіс. Әркім өз қам-қарекетіне сәйкес өмірдің әр кетігін толтыруы керек. Сонда ғана адам өзін қоршаған ортаға масыл емес, асыл ретінде сезінері сөзсіз, – деген қала әкімінің орынбасары жұмыс іздеп келген жандарға сәттілік тілеп, жәрмеңке барысында жұмысқа орналасуға, ақылы қоғамдық жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне баруға тілек білдірушілерге жолдамалар беруді тапсырды.

Жәрмеңке барысында 24 мекеме мен кәсіпорындардан 112 бос жұмыс орындары ұсынылды. Жұмыс іздеген топ осы ұсыныстардан өздеріне қолайлы кәсіп таңдады. Нәтижесінде 22 адам жұмысқа орналасуға жолдама алды. Көптеген азаматтарға кеңестер беріліп, екінші жұмыс мамандығын алуға ұсыныстар жасалды.

Жалпы, жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы тікелей қатынасты орнату мақсатында өткен жәрмеңке өз мамандығы, кәсіптік бағдар және кәсіпорындардың қажетіне сәйкес жұмысқа орналасу ықтималдығын көбейту мүмкіндігін берді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.