400 түп қайың отырғызылды

20141003-06-3Кеншілер қаласы мен оған қоңсылас жатқан елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстары бойынша күзгі екіайлық биыл қаламызда 15 қыркүйектен басталғаны белгілі. Қала әкімінің өкіміне сәйкес аталмыш мерзімнен бастап тазалық айлығына байланысты іс-шаралар жоспары бекітіліп, күзгі екіайлық жұмыстарын ұйымдастыру және орындалуын қадағалау жөнінде штаб құрылды. Тазалық екіайлығы жарияланғаннан бері қаламызда екі дүркін сенбілік өткізілді. Оның алғашқысы жалпықалалық болатын.

Ал, өткен аптада жалпыоблыстық сенбілік болып, оған қаламыздағы мемлекеттік мекемелер мен ұжымдар, кәсіпорындар белсенділікпен қатысты. Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметтеріне қарағанда, бұл күні қаламыздағы 425 ұжымнан 14 мыңға жуық адам тазалық және сәулеттендіру жұмыстарымен айналысты. Күл-қоқыстарды тазартуға 37 техника жұмылдырылды. Осылайша, сенбілік барысында мекемелердің жан-жағы ретке келтіріліп, көлік жолдары, көшелер, саябақтар мен демалыс орындары тазартылды. Сонымен қатар, әрбір ұжым өздеріне бекітілген орындарда тазалық жұмыстарын жүргізіп, Б.Бұлқышев көшесі мен «Төртіншім» дүкені жанындағы, гараждар шоғыры маңы мен Жезқазған кентіндегі белгіленбеген жерге тасталған қоқыстар толығымен тасылып, аршылды.

Сенбілікте қоршаған ортаны жасыл желекпен жайқалту ісі де қолға алынды. Бабалардан қалған «Бір тал кессең, он тал ек» деген нақыл сөзді ардақ тұтқан тұрғындар бұл күні қалада 1500 дана көшеттер отырғызып, 4000-нан астам ағаш бір келкі етіп кесілді.

Жалпыоблыстық сенбілік күнгі ерекше бір айта кететін жайт, бұл күні қаламыздағы «Балалық шақ» саябағында 400-ге жуық ақ қайыңдар отырғызылды. Осы саябақты ашқанда, қала әкімі Әнуар Омар бұл жерде ақ қайыңдар аллеясы болатынын айтып еді. Міне, сол уәде бүгінде орындалып жатыр. Қайыңдарды «Тазалық – 2020» кәсіпорнының ұжымы отырғызды. Ал оған қала әкімінің орынбасары Серік Оразбаев пен осы мекеменің басшысы Қайрат Керімқұлов және дендролог-маман басшылық жасады.

Сонымен, күзгі екіайлықтың екінші сенбілігі де аяқталды. Бұл күндері бірталай іс тындырылды. Дегенмен, көпшіліктің тазалыққа әлі де болса немқұрайлы қарауының салдарынан сыпырып-жиналған жерлер қайта қоқыстануда. Елдің еңбегін еш ету азаматтығымызға сын екенін айтпағанның өзінде, тазалықтың денсаулық кепілі екенін есте ұстайық. Осы орайда 11 қазан мен 1 қараша күндері өтетін жалпықалалық сенбіліктерге біркісідей қатысайық демекпіз.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.