Нан өнімдерін шығаратын жаңа нысан ашылмақ

Өткен аптада Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібековтің төрағалығымен аймақтық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Осы отырыста аймағымыздағы кәсіпкерлік саладағы жобалар талқыланып, оларды қолдау мәселесі қарастырылды.

Онлайн режимінде өткен селекторлық жиында Сәтбаев қаласында жүзеге асырылатын жаңа жобаның барысы да пысықталды. Жеке кәсіпкер Асхат Жармұхамбетов Сәтбаев қаласында итальяндық технологиямен нан және тоқаш өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр. 14 жылдан астам осы салада тәжірибе жинақтаған жеке кәсіпкер нан өнімдерін шығару барысында қазір сұранысқа ие, әсіресе, қант диабетімен ауыратын адамдарға арналған нан өнімдерін шығаруды жолға қоймақ. Сондай-ақ, кондитерлік цех ашу да кәсіпкердің жоспарында бар.

Атап өтейік, жалпы Сәтбаев қаласында 4 наубайхана және нан пісіретін «Сары-Арқа-Нан» ЖШС жұмыс істейді. Олар тәулігіне 12 тонна нан өндіреді. Ал 2 тоннаға жуық нан өнімдері Қарағанды, Жезқазған қалаларынан және Жезді кентінен тасып әкелінеді. Бұған қоса үй шаруашылығындағы әйелдердің өз үйлерінде пісіретін нан өнімдері тағы бар. Яғни, осының барлығы тұрғындар сұранысының тек 72 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар жиын барысында үйлестіру кеңесінің мүшелеріне осы жобаның кеншілер қаласының тұрғындары үшін қаншалықты маңызы зор екенін жеткізе келе, оны бірауыздан қолдауды сұрады.

Облыстық үйлестіру кеңесінің шешімімен кәсіпкер Асхат Тұрсынғазыұлының бұл жобасы бірауыздан қолдау тапты. Енді кәсіпкер Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша мемлекеттен 14% несие алатын болады. Оның 10% мемлекет тарапынан өтелсе, кәсіпкер тек 4% өтейтін болады. «БанкЦентрКредит» АҚ Жезқазған филиалы да аталмыш жобаны қолдап, оны қаржыландыруға дайын.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.