«Адал еңбек лайықты бағалануы керек»

Қала әкімдігінің мәжіліс залында осындай тақырыппен дөңгелек үстел болып өтті. Оған аймағымыздағы ірі өндіріс орындарының, кәсіподақтардың, кәсіптік арнайы білім беру орындарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді «Кәсіподақтар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аймақтық ақпараттық насихат тобының мүшесі Хансеит Бөлен жүргізді.

Биылдан бастап елімізде қыркүйек айының ең соңғы жексенбісі «Еңбек күні» болып аталып өтетін болады. Аталмыш мерекенің басты мақсаты жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру шеңберіндегі өндіруші еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы кәсібін насихаттау және жұмысшы әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайту болып табылады. Қаламызда өткен дөңгелек үстелдің де басты тақырыбы осы болды.

Іс-шара салтанатты рәсіммен басталды. Онда қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай бір топ еңбек озаттары мен ардагерлерді Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Бұдан кейін дөңгелек үстелге қатысушылар еңбекті дәріптеу, еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсету, жастарды еңбекке тарту сияқты мәселелер төңірегінде келелі ой қозғады. Жастар неге жұмысшы мамандықтарына барудан қашады? Арнаулы кәсіби мамандық алған жастар неге жұмыссыз жүр? Кәсіподақтар мен жұмыс берушінің және жұмысшының арасындағы үшжақты әлеуметтік ынтымақтастық жұмыстар өз деңгейінде ме деген сауалдар да жиналғандардың ортақ тақырыбына айналды.

Осы көтерген мәселелер төңірегінде «Қазақмыс» компаниялары тобы еңбеккерлерінің «КәсіпҚазақмыс» салалық кәсіподағы Жезқазған филиалы төрағасының орынбасары Ақылбек Төлепбергенов, «Достойный труд» кәсіподағының Жезқазған аймағы бойынша филиалының төрағасы Қанатбек Мұрзатов, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, «ҚР денсаулық сақтау еңбеккерлері қәсіподағы» ҚБ Жезқазған филиалының төрағасы Аманкелді Тілепов, «Ардагерлер ұйымы» ҚБ қалалық филиалының төрағасы Сабыр Омаров, Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлыбай Наурызбаев, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Кауһар Сағындықова, «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов, «Рудсервис К» ЖШС директоры Петр Корник өз ойларын ортаға салды.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.