Қарияларға қамқорлық

20141003-02-3-120141003-02-3-2Бұл бір ерекше күн. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылы 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялады. Биыл 24-ші рет аталынған Қарттар күні Сәтбаев қаласында да кеңінен мерекеленіп, ерекше іс-шаралар ұйымдастырылды.

Бүгінде Сәтбаев қаласын мекендеген 7200 зейнеткердің 1100-і тыл ардагері болса, 16-ы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Оларға барынша мән беріліп, үкімет тарапынан жан-жақты қамқорлық жасалуда. Мерекенің құрметіне сексеннің сеңгіріне шыққан сегіз жүзіне үш мың теңге, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген жүзіне азық-түлік себеттері таратылды. Ұйымдастырылған ұтымды шаралар мұнымен біткен жоқ. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, қала басшысы ақылдың кенін арқалаған айбынды аталар мен ақ жаулықты аналардың үйін жыл сайын аралауды дәстүрге айналдырған. Қалыптасқан қағида бойынша қала әкімінің орынбасары Серік Имамбай бастаған бір топ Ұлы Отан соғысының ардагері Манап Тұрлыбектің шаңырағына атбасын тіреді. Биыл тоқсанның төртеуіне келген Манап ата өмір бойы Сәтбаев қалалық сумен, жылумен қамтамасыз ету кәсіпорнында слесарь болып еңбек еткен. Он үш бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жан.

– Жыл сайын осы атаулы күнді асыға күтемін. Елеп-ескеріп келіп, жайымды сұраған балаларыма алғысым шексіз. Қазіргі күніме разымын. Бала-шағамның, немерелерімнің ортасында аман-есен отырғанымның өзі баға жетпес байлық, өлшеусіз бақыт, – деп ағынан жарылды ақсақал.

Ал, Иван Онигдюк – кенші. Қырық жылға жуық шыңырауда шыңдалып, шахтада тер төккен оның екі баласы, бір немересі бар. Қазіргі күйіне өкпесі жоқ. Тоқсанның бесеуін құрықтаған ақсақал сөзінен жаңыла қоймаған, санасы сергек, денсаулығы тың. Тоқсанның төріне шыққан Нина Шульгина да қала басшысының құттықтауы мен сый-сияпатын жылы қабылдап, шынайы алғысын білдірді. Қарт ананың күйі кеткен шағын пәтеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге уәде еткен әкімдік қызметкерлері төзім мен даналықтың үлгісі болған жандарға азық-түлік себеттері мен 5 мың теңге табыстап, ізгі лебіздерін білдіріп, өтініш-тілектеріне құлақ түрді.

Бұл күні еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбіт те тыныш өмір кешуіне өлшеусіз үлесін қосқан ардақты да аяулы қарттар №16 жалпы білім беретін орта мектепте «Сағындырған әндер-ай!» мерекелік концертін тамашалады. Зейнеткерлікке жетсе де қаланың мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген ардагерлер жетерлік. Солардың бірі — облыстық «Ардагерлер ән салады!» облыстық фестивалінің алты дүркін дипломанты «Самоцветы» хоры құлақ құрышын қандыра ән айтып, «Нұр шашу» тобы сахнада биден өрнек салды.

М.Қашқари: «Жасы үлкенді қадірлесең – құт болады» деген екен. Қоғамымыздың алтын қазынасы іспетті қарттарға құрмет көрсетіп, сүйеу болып, қамқорлық жасаудан танбасақ, еліміздің гүлденіп, елдігіміздің нығая берері сөзсіз.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.