«Келешегіңді ойласаң арақтан аулақ бол»

Менің кейіпкерім көз алдымда тек жұмысбасты, жаман қылықтардан бойын аулақ салатын, темекі мен ішімдікке әуестігі жоқ тұлға ретінде қалыптасқан. Сөйтсем…

– Аға, сіз кезінде арақ ішкенсіз бе? – деп сұрадым бірде мен одан.

– Мен бе? О о о-ой, мен бәрін де көргенмін. Темекіні де, ішімдікті де құр жібермедім. Мен саған айтайын, сен тыңда.

Ол ағынан жарылды. Барлық жайды бүкпесіз жайып салды.

– Ең алғаш ішімдіктің шарап деген түрінен сегізінші сыныпта жолдастармен жиналған отырыста дәм таттым. Ол кезде мұның соңы кейін өкінішке апаратыны мүлдем ойландырмады мені. Қызық қуамын деп жүріп шоқ бастым. Бұл арақ деген адамды байлап, санасын тұмандатып, өз жетегінде жетелей береді екен. Сол шақтарда мен өзімді ешқашан маскүнем санаған емеспін. Өйткені, мәдениетті алқаш болдым. Көше кезіп, тұла бойы араққа малынғандардан бар айырмашылығым басымда баспанам, қасымда отбасым, үстімде бүтін киім-кешегім бар. Ал «стопкаға» келгенде олардан асып түспесем кем түспедім.

Ел қатарлы үйленіп, өз алдыма отау тіктім. Жарым үнемі түсіністікпен қарап, шыдамдылық пен сабырлылық танытты. Әке атандым. Сонда да арақтан бас тартпадым. Ондай ой басыма кіріп те шықпайтын. Қызметім де өз алдына дөңгелеп жүріп жатты. Осы күнгі беделім болмаса да біліктілігімді көрсете алдым. Жұмыста арақты қоса алып жүрген соң не қадір-қасиетім қалды дейсің?.. Қу арақтың кесапаты көп болды. Жұмысыма да біраз кедергілерін келтірді.

Бір ішсем тоқтаусыз, баспалата бердім. Ауырып-сырқаған соң ғана бір-екі ай, апта, бірнеше күн үзіліс жасап өзімше қалыпқа келгендей серпіліп алатын едім. Ең сорақысы, іздеп жүріп шөлмектің соңын қуалап кеткенімді кеш аңғардым. Сол сайтаннан бір жұтым жұтқанша жанымды беруге әзір тұратын едім. Мақсатыма жету үшін қаражат жеткіліксіз кезеңдерде үйдегі дүние-мүлікті араққа саудаладым. Мысалы, айлық 10 000 сом болса, дүкенге алдын-ала қарызданып-қауғаланып жазып қойған ақшам 7000 сомға баратын. Әйелімнің шыдамы шегіне жетіп төркіндетіп кеткен уақыты да болды. Ақыры емшінің көмегіне жүгіндім. Ол кісінің «Сенің өзіңде арақты мүлдем доғаруға деген мақсат болмаса халық емінің де, медицинаның да көмегі болмайды» деген сөзі санамның саңылауын ашып бергендей еді.

Бір күні таңмен таласа оянып алдым. Қарасам бетім күп боп ісінген. Қолым аузыма жетпей бір жұтым суға зарығып қалған жайым бар. Қолымды иығыма асыра байлап барып мөлдір судан ауыз тигенде хәлімнің мүшкіл екендігін ең алғаш сезіндім. Енді ішпеймін, отбасымды ұйытып отырған берекемнен айырылмаймын деген сөздер миымда азан-қазан қайнап жатты. Мақсатыма жетер жолда ауылымның септігі көп болды. Науқан уағында Ұлытауға барып жарты жылдай арақсыз тынбай еңбек еттім. Ішкі түйсік содан бері арақ пен темекіге бет қаратпады. Мұның бірі де мақтанып, ауыз толтырып айтуға тұрмайды. Себебі, өтті, кетті дей алмаймын. Денсаулығыма келтірген зияны бүгінде біртіндеп көрініп жатыр. Басымнан өткен бар сырымды жастарға өсиет ретінде айтып отырмын. Қазір немерем бар. Өз балам ғана емес, жастардың барлығы біз жүрген жолды айналып өтсін деймін.

Иә, «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген. Ағаның басында болған жайт өзгелерге сабақ болсын деген ниетпен жастарға жеткіз деген аманатын айғақ ретінде ұсынып отырмыз.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.