Әлеуметтік желі әлемі

Әлеуметтік желі өзінше бір әлем саналады. Статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың қорытындысы бойынша әлем халқының 57% шынайы жүздесіп тілдескеннен, әлеуметтік желі арқылы хабарласуды жөн санайды екен. Барлық әлеуметтік желі турасында жік-жікпен түсіндірсе көптеген ақпарат ұсынуға болады.

Қазір желінің «Мой мир», «В контакте», «Facebook», «Instagram», «WhatsApp», «Twitter» деген ең әйгілі түрлері кең көлемдегі қолданысқа ие болып отыр. Біздің көздеген негізгі мақсатымыз – осы байланыс жүйесіндегі сауатсыздық мәселесін көтеру. Алысқа бармай өз қаламыздың төңірегінде, оның ішінде қала жастарының қарым-қатынасынан мысал келтірсек. В контактедегі «One million Satpaev stories» және «Признавашки Сатпаев» парақшаларындағы ұл-қыздарымыздың атынан жарық көрген мына бір сөйлемдерге назар аударайық:

«Ерикендер ата ананы тындау керек не деп айтсада олар просто сен ушин аландайды уайымдайды карагандынын озинде адамдар жогалып жатса кандай Китай».

«Мен другымды жаксы корем. А ол менин полдугамды.(((

«Ата Анасы орамал тагуга немесе хиджаб киюге руксат етпейтиндер бар гой. Бырак ниеттенетиндер каншама. Адамдардын ишине кирип шыккандай соилеит .».

«Мынандайларнды признавашки га жазбаисндарма».

«мен осы жазда бир улды кордим площядьтын алдынан велосипед тебип журед.устинде кара футболка и асты тоже кара.оны Бакош дид.бирак толык атын билмейм.мен последний раз велосипед тепкенимде артында кишкентай карындасы отырды.кароче сен маган унап калдын!».

«Ауру болды ще мына вк. Соткадан кол босамайд еще сразу признавашкига кирип обновление карайсын)шай ишсенда жатсанда турсан да вк) наркоман сияктымын уже)».

Сарапқа салсақ әркімнің бұл жазбаларға көптеген міні табылары анық. Тіл тазалығын былай қойып, жастарымыздың грамматика, пунктуация, стилистика дегенге мүлде бас қатырмайтындығы тайға таңба басқандай көрініп тұр. Мұндай мысалдар бұқаралық ақпарат құралдарының арқасында әрдайым айтылып, көрсетіліп жүр. Алайда, қол жеткізіп отырған дәрежеміз көңіл көншітерлік емес. Ең әуелі өзімізге деген сыйымызды жоғалтпай, тіліміздің сиқын кетірмеуге тырысайықшы. Орыс ұлтының өкілдері керек десеңіз есімдеріне дейін қысқартып, «тебя» сөзін «тя» деп айтуға бейім тұрады. Алайда, қазақ тіліндегі қысқарған сөздің өзі сөйлемнің мағынасын ашып, мәнерін беріп тұрмап-па еді?! Қазақ тілінде қысқарған, біріккен сөздердің жазылу емлесі қалыптастырылған. Басым көпшілігіміз бастапқыда жаңа технология жадына қазақша қаріптің енгізілмегенін сылтау еттік. Жарайды, солай-ақ болсын. Қазақша қаріп жоқ болса, ең болмағанда басқа қателерді болдырмауға болады. Мына мысалдың бірінде қыз баланың атынан хабарлама жазылыпты. Қазақы салт-дәстүрді бойына сіңіріп, ар-намысты бағым деп бағалаған қазақ қыздары, ер балаға сөз айтқан қай атаңнан қалған қылығың?..

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.