Қалдырған ізі мәңгілік

20141010-07-1-120141010-07-1-220141010-07-1-3Ұстаздық ұлағаты қай кезде мәртебелі болып саналады. Бүгінде зиялылық деген атаудың мән-мағынасын өзімізше биіктетіп алып, айналамыздан соған лайық адам таппай, тапсақ та көңіліміз қимай қалатын әдет қалыптастырдық емес пе? Ал, шын мәнінде зиялы адамдардың көкесі біз білетінде мұғалім болып есептелетін. Мұғалімнің жүріс-тұрысынан да, киім киісінен де, сөйлеген сөзі мен әрбір қимылынан да ел үлгі алмаушы ма еді?!

Бүгінде жетпістің жуан ортасына ат шалдыртып отырған Шабал Бейсенбекқызымен жүздесіп, сұхбаттасқан сәтімізде сонау кейінде қалған осындай бір сәулелі сәттер еріксіз ойымызға оралды. Ілгері буын өкілдеріне тән ұқыптылық, жинақылық, әр сөзге ерекше мән беріп, ішкі мәдениетімен сөйлескен адамын баурап отыратын қасиет бұл кісіде бірден байқалды. Сондайда осыдан отыз-қырық жыл бұрын өзімізге дәріс берген, тәлім-тәрбие таратқан ауылдағы мұғалімдеріміз еріксіз еске оралғандай болды. Иә, олардың барлығы ерекше буын өкілдері еді ғой…

Кешегі кеңестік дәуірдің соғыстан кейінгі жылдарындағы ата-аналардың қалауы – баласын не мұғалім қылу, не сот, яки прокурор етіп шығару болды ғой. Бойжеткен Шабалдың да алдында осындай таңдаулар тұрды. Оның жоғарыда аталған қай саланы болмасын толық игеріп кетуге қабілет-қарымы жоғары болатын. Мектепте жүріп-ақ белсенділер белден басып, етке өткіземіз деп күш көрсетіп тартып әкеткен әкесінің жалғыз атын, ат болғанда да нағыз ер қанаты саналатын жүйрік атын Қаныштай дара тұлғаға хатпен жеткізіп, әкесінің жоғын алып бергені, кейін қыздар педагогикалық институтында оқып жүргенде курстас құрбысына жатақханадан орын алып беруі оның өжеттігін, талапшылдығын танытып тұр емес пе?! Ал, тумысынан өжет, алған ісін тындырмайынша тыным таппайтын жанға қай саланы болмасын игеру қиынға соқпасы анық. Бірақ…

Иә, бірақ Шабал соттың да, прокурордың да оқуын емес, мұғалімдікті қалады. Кішкентайынан мұғалімдеріне еліктеп өсіп, солардай болсам деген ізгі арман алға жетелей жөнелді. Сол талабының дем берушісіндей сезілген ару Алматы сонау алыстағы қазақ ауылының ортасында өскен өжет қызды жатсынған жоқ, бірден бауырына тартты. Қыздардың мұғалімдер институтында білім алған жылдары оның ұстаз болуына ғана негіз қалап қойған жоқ, сонымен бірге рухани жан дүниесін де кеңейтті. Институт қабырғасында өтетін кездесулер мен әр түрлі жиындарды студенттер асыға күтетін. Әр жүздесу – бір тағылым. Әсіресе, сол бір елуінші жылдар қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздары өздерінің тамаша туындыларын дүниеге әкеліп, қаламгерлер арасында әдемі шығармашылық бәсекелестік орнаған шақ еді-ау. Сондай тұста Алматыда білім алып, қазақ руханиятының қайраткерлерін бірде алыстан, бірден жақыннан көріп, енді бірқатарының алдынан шәкірт болып өткенін Шабал апай қазірге дейін сағынышты сезіммен еске алады.

Сол кездер әсер етті ме екен, өзі де қолға қалам ұстайтынды шығарды. Көңілді толқытқан ойларын қағаз бетіне түсіріп, газет-журналдарға жолдайды. Әрине, мұғалім болған соң басты тақырыбы тәлім-тәрбие, оқу-білім саласы аумағын қамтиды. Кейде ұлттық салт-дәстүрлерге, тәрбие мен тағылымға, кейде аңшылықтың тылсым тақырыбына да бойлап кетеді. Айтпақшы, оның да өзіндік себептері бар. Әкесі Бейсенбек кезінде Шеңбердің қоныш-қойнауын, Ұлытау мен Арғанатының сілемдерін аралап ит жүгірітіп, аң қуған, айналаға аңшылығымен атағы шыққан адам еді. Өз тұсында Шеңбер мен Арғанатыны жайлаған елге құралайды көзге атқан мергендігімен танылған деседі. Ауыл маңындағы жалғыз мылтық пен жарау ат сол кісіде ғана болыпты. Әлгі, ауыл белсенділері әлімжеттік жасап тартып алатын ат сол – ер қанаты еді.

Анасы Бәтима да құр қол емес, қолөнермен айналысқан. Аңшының әйелі үйге әкелгенді үйлестіріп отырмаса, берекесі бола ма? Қыз ұзатып, келін түсіретіндер құс жастық, құс төсекті осы үйден келіп алып, мәз-мейрам болған. Тойдың көркі болған өнерінің өзі өз алдына бір әңгіме. Сондай шаңырақтан өсіп-өнген бала табиғатпен тамырлас болып өсері анық қой.

Бала кезден қалыптасқан сол сергектік бұл адамға әлі күнге дейін серік болып келеді. Өткенге ой жүгіртіп отырса, институтты тәмамдағаннан кейінгі оның өмірі қайнаған еңбектен бір сәт тысқары болмапты. Мұғалімдіктен мектеп директорлығына дейінгі аралықта бала тәрбиесімен ден қоя айналысқан Шабал апай күні бүгінге дейін осы бір өзі серік еткен мамандықтан қол үзбей келеді.

Ұстаздың еңбегі жаспен шектелмейді. Зейнет демалысына шыққанда да қарт мұғалім қажеттігі сезілді. Қаламыздағы қазақ мектептерінің қарашаңырағы, кеше өзі шаңырағын тіктеп, керегесін кеңейткен №27 мектеп Шабал апай мұғалім болып келгенде қуана қарсы алды. Оны айтасыз, мектепке басшылық жасауды да ұсынды.

Негізінде еңбек елеусіз қалмайды. Шабал Бейсенбекқызы өзінің ұстаздық ұзақ жолында көптеген алғыстар алды, жоғары басшылықтардың Құрмет грамоталарын иеленді, кеудесіне медальдар тақты. «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атанды. Өз заманының озық бағаларының бірі – «Социалистік жарыс үздігі» белгісіне төрт рет ие болды. «Ана даңқы», «Күміс алқа» белгілері мен «Құрмет» ордені бір төбе.

Шабал Бейсенбекқызы тағылымы мол мұғалім ғана емес, ибалы келін, адал жар, ақжарқын ана. Ахановтар отбасының жылуы мен шуағы мол отанасы. Шабал апайдың Құдай қосқан қосағы Мұзараф Аханов қатардағы геологтан кәсіпорын басшысы, партия кеңес қызметкері, қалалық атқару комитетінің төрағасы сияқты үлкен-үлкен қызметтерге сатылап өсті. Осы жолда оның демеушісі де, ақылшысы да Шабал апай болды. Тумысынан қызба, қызуқанды, шарт кетететін тік мінезі бар Мұз-ағаңды сабасына түсіріп, сара жолға салып отыратын да осы Шабал апай болды. Оны Мұзағаңның өзі де мойындайды. «Осынша жыл отасқанда бір рет те Шабал апаларыңның алдына түсіп көрмеппін» дейді аға ағынан жарылып. Мұның бәрі, әрине, сыйластықтың, бір-біріне деген шынайы сезімнің белгісі.

Соңында осындай мәңгілік өшпес із қалдырған ұлағатты ұстазды жуырда ұжымы қимастықпен зейнет демалысына шығарып салды. Зейнет демалысы дегенде елу жылға жуық білім беру саласында қызмет еткен жанды жетпістің жуан ортасына келгенде ғана зейнеткерлікке шығарған екен деген ой қалыптаспасын. Шабал апай да ел қатарлы зейнет жасына жеткен күні-ақ еңбегінің зейнетін көруге бел буған еді. Бірақ, осынша жыл балалардың ортасында жүріп, бар білгенін бала тәрбиесіне сарп етуге дағдыланған жан екі қолын алдына сыйдырып үйде отыра алмады. Қайыра қарашаңырағына оралған еді. Содан бері де сынаптай сырғып жылдар ілегі өте шығыпты. Алдынан сексеннің сеңгірі көрінгенде барып Шабал апай өзінің тым алысқа ұзап кеткенін ұққандай, айналасындағыларға «Қой, мен үйге қайтайын» дегенді аңғартты. Ұжымы қимаса да ақылшы болған, мектептің қамқоршысы болған жанды демалысқа жіберуге келісім берді. Жәй ғана жіберген жоқ, «Ұлағаты – ұрпаққа үлгі» деген атпен тамаша кеш өткізіп, шығарып салды. Осы кеште Шабал Бейсенбекқызының еңбек жолдарына арналған альбом-кітаптың да тұсауы кесілді.

Кешке қала әкімі Әнуар Омар мен қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, қалалық мекемелер мен қала мектептерінің басшылары, Шабал апайдың бұрынғы жылдардағы шәкірттері мен Мұзараф аға бастаған отбасы мүшелері қатысты.

Салтанатта қала әкімі Әнуар Омар сөз сөйлеп ұлағатты ұстаздың қырлары мен қасиеттерін, тағылымдары мен тәрбиелі істерін жіктеп-жіктеп айтып өтті.

Жиында, сондай-ақ, №27 мектептің директоры Жеңіс Әлмағамбетов, қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова, Шабал Бейсенбекқызынан дәріс алып, бүгінде өздері де бір-бір мектептің басшысы болып жүрген шәкірттері атынан Гүлбану Сүйінжанова, қалалық мұрағаттың басшысы Айгүл Төлендина, ата-аналар атынан Жанар Ибраева, Шабал апайдың әр жылдардағы бірге қызметтес болған жандар атынан Нәсіп Исатаева, ұстаздың бүгінгі әріптестері №27 мектептің ұстаздары атынан Жұмағали Құлманов бастаған мектеп ұжымы шығып ардагер ұстазға деген өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, гүл шоқтарына орады.

Салтанатты кеште Шабал Бейсенбекованың өмірі мен еңбек жолдарын баяндайтын бейнефильм көрсетіліп, мектеп оқушыларының күшімен ұстаздың жастық шағы мен есейіп, ержету сәттері сахналық қойылымдар арқылы бейнеленді.

Кеш соңында Шабал апай мен Мұзараф ағай осындай тамаша әсерлі кеш сыйлаған мектеп ұжымына, қала басшыларына алғыс сезімдерін білдірді.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.