Ұлытау – ұлттың ұраны, Мәңгілік елдің тұрағы

20141010-06-1-120141010-06-1-2«Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай қасиетті жерлер көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа…»

(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбатынан).

Көшесіз көне астана

Иә, қазақ жерінің қай өңірі болса да қасиетті, қадірлі екені рас. Әйтсе де, халқымыз үшін Ұлытаудың орны ерекше екені даусыз. Өйткені, дәл осы жерде елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен қысылшаң шақта қазақтың игі жақсылары бас қосып, үш биі бәтуә жасап, үш жүзі мәңгілік бірлікті қалайтынын білдіріп, тасты қашап, таңба салды. Тәуелсіздікке, бостандыққа қол созды. Басынған жауды тойтарды, ұлттың ұлттығы сақталды. Ұлытау – осынысымен құнды, осынысымен тарих үшін бағалы.

Ұлытау – халқымызбен бірге жасап келе жатқан көненің көзін көрген жер. Бұл жерде ойраттың ойранынан кейін де талай тартысты-таласты оқиғалар өтті. Патшалық Ресей шекпенін сүйреткен шегіркөздерін жіберіп бекінісін салды. Кеңес өкіметі келісті жерлерімізді керзі етігімен таптады. Сол тұстарда осы Ұлытаудың баурайында Қарсақбай мыс зауытының жұмысшыларын азық-түлікпен жабдықтау үшін Ұлытау қосалқы шаруашылығы құрылды. Ұлытаудың бөктерінде өндіріс адамдары емделіп-демалатын сауықтыру орындары ашылды. Бұл жердің болашағына Қаныш Имантайұлы Сәтбаев үлкен үміт артты. Сол кездегі жағдайға орай, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Ұлытаудың тумасы Әбдісамат Қазақбаев 1939 жылғы 16 қазанда «Ұлытау ауданын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, Ұлытау Қарсақбай ауданынан бөлініп, жеке аудан болып құрылды.

Содан беріде де Ұлытаудың басынан биліктің бишігі бірнеше рет үйіріліп өтті. Қарсақбай мен Ұлытау – екі аудан бірігіп Жезді ауданын құрады. Одан кейін 1972 жылы Ұлытау ауданы Жездіден бөлініп, тағы жеке шықты. Ал, 1997 жылы Жезді ауданы оңтайландырылып, Ұлытау ауданының құрамына қосылды. Бүгінде Ұлытау жер көлемі жағынан елдегі ірі аудандардың бірінен саналады.

Осындай тар жол, тайғақ кешулерден өткен Ұлытау ауданының шаңырақ көтергеніне биыл 75 жыл толып отыр. Торқалы той қарсаңында біз аудан әкімі Хамит Омаровқа жолығып, кіндік мекеннің өткені мен бүгіні һәм келешегі жайлы ой қозғаған едік.

– Бұл той жалғыз біздің аудан тұрғындарының ғана емес, тұтас еліміздің тойы. Өйткені, Ұлытау – ұлттың тауы. Ендеше, осы таудың етегіндегі киелі жер аттас мекеннің де тойы елдікі болуы заңдылық.

Сарыарқаның шексіз даласында салтанат құрған табиғи және тарихи-мәдени жағынан қайталанбайтын таңғажайып мекен ол Ұлытау. Ұлытау – қазақ халқының рухын көтеретін, жүрегін ұлылыққа үндейтін атамекені және тарихы терең алтын бесігі. Ұлытау – қазақ халқының далалық өркениеті мен көне мәдениетінің нақ кіндігі және ұлттық мәдениет пен халықтың әдет-ғұрпының ақ бастауы.

Түркілер түрен салған ұлы далада ұлы деп басталатын екі топоним бар: оның бірі – Қазақстанның географиялық кіндігі Ұлытау болса, екінші – Ұлытаудан батысқа қарай көсіле аққан Ұлы Жыланшық өзені. Ұлытау жері – ежелгі заманның көне сырларына толы шежірелі өлке. Қазақ елінің халық болып қалыптасуының түп-төркіні осы Ұлытаумен байланысты. Бұл – тарихи шындық. Ұлытау туралы ұлы академик Әлкей Марғұлан: «Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дәлел қазақ ұлысының негізін құрған басты-басты тайпалардың барлығының жері осы Ұлытаудан тараған» деп жазды. Ұлытау ешқашан бір ғана тайпаның, не бір ғана рудың иелігінде болмаған. Бұл берекелі жер көшпелі тайпа көсемдерінің сүйікті мекені, қасиет тұтқан киелі ата қонысы болған. Бұл мекен исі қазақтың көшесіз көне астанасы, – дейді Хамит Нұрланұлы масаттана.

Дәулетке сәулет сай келген

Ұлытаудың тарихын аңыз етіп айтсақ, таңға таусылмайтын, жылға жеткізбейтін, ғасырға қол ұсындырмайтын ұшы-қиыры жоқ ұлан даланың дәл ортасынан орын тепкен Атажұрт, Данажұрт – бірліктің ғана емес, несібе-ырзықтың қайырлы құт мекені. Әңгіме барысында сартап тарихтан біраз сыр суыртпақтаған аудан басшысы оның бүгіні мен келешегі жайлы да келелі ойлар қозғады.

– Ұлытаудың өткені туралы қанша айтсақ та артық болмас. Және ол таусылмас, сарқылмас мол мұра. Ал, оның бүгінгісіне тоқталсақ, кешегі істеген істердің нәтижелі болғанын көреміз.

Ауданның экономикасы жылдан-жылға жаңа табыстармен молайып, толыға түсуде. Бұл орайда ауқымды жұмыстардың басын біріктіріп, арнайы қабылданған мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа биіктерді белгіледік. Бұл жолда басты бағыт жұмыссыздықты болдырмау және үдемелі индустриалық-инновациялық жобаларды дамытудың нақтылы шарттарын жасауға негізделді. Осы орайда әсіресе Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданғанын, оны Елбасының өзі тікелей назарда ұстап отырғанын ерекше атап айту ләзім. Осы кешенді жоспарлар бүгінде қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Күні кеше ғана, тамыз айының соңғы апталарында, Қазақстан Республикасының Перзиденті – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ұлытау аймағына арнайы сапармен келіп, «Ғасыр жобасы» атанған Жезқазған-Бейнеу, Арқалық-Шұбаркөл темір жол қатынасын салтанатты жағдайда іске қосты. Бұл бүтін қазақ елінің болашағына салынған инвестиция, ал біздің өлке үшін дамудың екінші тынысының ашылуы, жаңа дәуірдің басталуы.

Аудан экономикасының басты тірегі – ауылшаруашылығы. Бүгінде аудан бойынша 882 шаруа қожалығы бар. Оның 45-і – егін шаруашылығымен, 837-сі мал шаруашылығымен айналысады. Үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 4597,2 млн. теңгенің ауыл шаруашылық өнімдері шығарылды. Ет – 101,1 процентке, сүт – 100,5 процентке, жұмыртқа 100,6 процентке орындалды.

«Жері байдың – елі бай» деген. Жерінің асты қазына, үсті ырысты Ұлытау өңірінің негізгі байлығы жер бетінде де, астында да жетерлік. Атағы алысқа кеткен «Қазақмыс» корпорациясы, «ДостауЛитос» ЖШС, Құмкөл кенішіндегі мұнай өндіруші «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз», «Торғай Петролеум», «Қор» Мұнай компаниясы сынды акционерлік қоғамдардың кәсіпорындары жыл сайын ауданның бюджетіне пайда келтіріп отыр. Өндіріс орындарымен байланысымыз да жоғары деңгейде дами түсуде. Ең бастысы, өндіріс басшылары ауданға өздерінің қолдарынан келетін мүмкіндіктеріне орай нақтылы көмектерін беріп, ауылшаруашылығының екінші тынысының ашылуына көмек қолын созуда.

Сонау кеңестік кезеңде республика бойынша артта қалға елу ауданның қатарында болған Ұлытау егемендік алғаннан кейін елдің ерекше назар салатын қасиетті мекеніне айналып, көпшіліктің көз алдында көркейіп келеді. Сәулетті үйлер, сәнді сарайлар бой көтеруде. Аудан орталығында соңғы қырық жылдан бері қолға алынбаған құрылыс саласы қарышты дамуда. Соңғы бірер жылда жаңа шағынаудан салынып, пайдалануға берілді. Орталықта әлі де ондаған заманауи үлгідегі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Орталық алаңда салынғын Европа мен Азияның сәулет үлгілерін ұштастырған жазғы эстрада ауданның сәулетіне сән беріп тұр. Аудан орталығы мен ауылдардағы жолдар да жаңғыртылып жатыр. «Ақбұлақ», «Балапан» бағдарламалары ауданда сәтті жүзеге асырылуда.

Келешегі кемел кіндік мекен

Қазақта «Тойың тойға ұлассын» деген тамаша бата бар. Биылғы жыл Ұлытау ауданы үшін осындай думаны думанға жалғасқан дүбірлі жыл болды. Жуырда ғана Елбасы, Ұлт көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осы Көктөбенің бауырында көсіле отырып сұхбат берді. Оның ізін ала Ұлытауда жеті жұрттың мәдениет жанашырлары мен ғалымдары бас қосқан алқалы жиын өтті. Осы басқосуда Ұлытаудың келешегі жан-жақты сөз болды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қасиетті Ұлытау – Қазақ елінің баяғыдан бергі тарихи және саяси кіндігі», деп анықтап көрсетті. Бүгінгі ұрпақ Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Едіге би, Тоқтамыс хан, Ақназар, Абылай, Кенесары сынды ұлы тұлғаларға ұлттық, елдік тұрғыдан қарау бақытына ие болды. Желмаясына мініп жерұйық іздеген Асан-қайғының Ұлытаудың ұшар басынан мәңгілік тыныс алуы – ұлтымыздың ұлылығының ұясы осы мекен екендігін дәлелдейді.

Міне, осы құндылықтарды дәріптеу мақсатында Ұлытауда жуырда тағы бір айшықты шара болып өтті. Халықаралық деңгейде өткізілген бұл мәдени форум мен ғылыми-практикалық конференцияның басты мақсаты – Елбасы сұхбатына арқау болған Ұлытау жерінің ұлылығын дәріптеу, ел санасына бірлік пен тәуелсіздік тағылымын сіңіру, рухани құндылықтарды насихаттау.

Аталмыш форум ел қуанатындай ауқымды шараларға арқау болып отыр. Форум қорытындысында Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен және тікелей қолдауымен салынған «Мемлекеттің тұтастығы мен Қазақстан халықтары бірлігінің белгісі» монументі құрылысының екінші кезеңін іске асыру, Ұлытау селосына кәріз жүйесінің құрылысын жүргізу, орталықтандырылған жылу қазандығын салу, ауданда 50 орындық аурухана, 150 адамдық емхана салу, «Ұлытау-Ел» дәстүрлік-мәдени орталығын салу, 50 орындық қонақ үй салу, «Ұлытау» ұлттық қорық-мұражай экспозициясын құру, аудандық өлкетану мұражайын салу, «Асанқайғы» ескерткішінің екінші кезеңін жүргізу, Әулиетау шыңына баспалдақ жасау, жарықтандыру, «Теректі әулие» тағзым үйін салу, туристік бағыттардың жобасын іске асыру, «Бұланты шайқасы» тақырыбын кеңінен зерттеу, «Ұлытау» туралы фотоальбомдар, буклет, туристік карта мен кітаптар шығару, Астана, Алматы қалаларына Ұлытау жайында көрмелер көрсету, туризм кластерін дамытуға бағыттап келешекте облыс және республика деңгейінде шешімдер қабылдау, Ұлытау өңіріндегі тарихи маңызы бар ескерткіштерге баратын автокөлік жолдарын жөндеу, Археологиялық база, Архитектуралық ұстахана ашу, «Хан ордасы» мемориалдық кешенінің құрылысын аяқтау, маңызды ескерткіштерге түсініктеме тақта орнату, Астана–Ұлытау арасындағы 480 шақырым тікелей тас жолды жөндеуден өткізіп, іске қосу, «EXPO – 2017» халықаралық көрмесінің қонақтарына арнап Ұлытау тарихи-мәдени ескерткіштерімен таныстыру үшін туристік бағыт ұйымдастыру сынды ауқымды істер тізбектелген шешім алынды. Мұның өзі ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға тікелей ықпал ететін игілікті бастамалар. Бір сөзбен айтқанда – Ұлытау үшін жаңа дәуір басталды.

Міне, ұлт ұясы атанған Ұлытау өзінің 75 жылдық тарихында осындай кезеңдерден өтіп келеді. Алда әлі қаншама тарихи оқиғалар күтіп тұр оны. Оның бәрін келер ұрпақ зерделеп, зерттей жатар. Ұлттың – ұраны, Мәңгілік елдің тұрағы болған қарт Ұлытаудың тойы тойға ұласа берсін.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.