Бар құрмет бала жанының бағбандарына

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деп атап өткен болатын. Еліміздің келешегі кемелді, болашағы жарқын болуы тікелей бүгінгі жастардың тәрбиесі мен біліміне байланысты. Ал, сол жастарды қалыптастыратын ұстаздар қауымы екендігі ақиқат. Шәкірттеріне білім мен тәрбие, өмірдің өнегелі жақтарына ұмтылуға бағыт-бағдар берген осы мамандық иелеріне қай кезеңде болмасын ерекше құрмет көрсетілген. Бүгінде сол үрдіс Сәтбаев қаласында өз жалғасын табуда.

20141010-05-1-1

20141010-05-1-3     20141010-05-1-5     20141010-05-1-2     20141010-05-1-4

Қала мектептерінің үздік ұстаздарын ұлықтау салтанаты құрметті қонақтар мен ұлағатты ұстаздарға гүл шоқтарын тапсырумен басталды. Ұстаздар қауымын құттықтаған Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Серік Иманбай, қалалық мәслихаттың аппарат жетекшісі Қарлығаш Махамбетова білім мекемелерінде іс-тәжірибесімен жетістіктерге жеткен мұғалімдердің бір тобына қала әкімінің, мәслихаттың Құрмет грамоталарын табыс етті.

Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ұстаздардың ұстазы Шабал Бейсенбекова, №1 мектеп-гимназиясының директоры Сәния Сағынтаева мен қазақ тілі пәнінің мұғалімі Таңатар Ақмолдаева, №4 Абай атындағы мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсім Баяхметова, қалалық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Бахтаева, жалпы білім беретін №19 орта мектеп директорының әдістеме жөніндегі орынбасары Гүлзия Жүнісова, №7 мектеп мұғалімі Балдырған Саринова облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.

ҚР білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы орталық комитеті, ҚР «Жезқазған аумақтық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасы, Сәтбаев қалалық ішкі істер бөлімінің Алғыс хатымен өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде зор үлесі қосқан ұстаздардың тағы бір тобы марапатталды.

Сәтбаев қаласында үлгілі де ұлағатты ұстаздар жетіп артылады. Жас ұрпақтың рухани сәулеткеріне айналған саналы ой, салмақты мінез иелеріне ел болашағы сеніммен тапсырылған. Олар сол сенімді ақтай отырып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде. Білім мен өнердің, мәдениет пен парасаттың, адамгершілік пен ізгіліктің бастауы болған осындай ұстаздарға қала әкімінің арнайы сыйлығын табыстау сәті де келіп жетті. Аталмыш жүлдені жеңіп алудың үлкен мәртебе әрі төккен тердің жемісі мен нәтижесі екендігі белгілі. Сонымен, 17 номинация бойынша үмітін үкілеген 46 үміткердің арасынан үздіктер топ жарды. С.Сейфуллин атындағы гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зада Айбекова «Үздік тіл маманы», білім бөлімінің әдіскері Құралай Жарылғапова «Әдіскер ұстаз», жалпы білім беретін №15 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлбану Ыдырысова «Ұйымдастырушы ұстаз», №7 мектеп мұғалімі Гүлбақыт Әбдіғалиева «Жаңашыл ұстаз», №3 білім ордасының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмира Макишева «Тапқыр ұстаз», №1 мектеп-гимназиясының мұғалімі Рахат Бекмағамбетова «Стратег-мұғалім», №27 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Руслана Капарова «Білікті ұстаз», №5 балабақша мұғалімі Ақмаржан Тоқтамысова «Балалар әлемін танытушы» номинацияларын жеңіп алды. Ал, балалар өнер мектебінің театр бөлімі меңгерушісі Светлана Быстрова «Өнерімен өнеге», №1 «Ертегі» балабақшасының меңгерушісі Рысқал Ярышева «Ұлағатты ұстаз», №25 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Людмила Гусева «Үздік жетекші», №10 балабақша мұғалімі Айгүл Жақыпова «Білімге жол ашқан», №4 мектеп-лицейінің жаратылыстану және биология пәнінің мұғалімі Назым Әбдікерова «Ең үздік тәлімгер», №5 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Іргебай Әбдікәрімов «Шешен ұстаз», Сәтбаев индустриалдық колледжінің өндірістік оқыту шебері Мүкарама Байшорина «Білім беру ісінің үздігі», балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Сұлтан Жұмабек «Үздік бапкер-жаттықтырушы» номинацияларын еншіледі. Барлық жеңімпаздарға 70 мың теңге сыйақы мен дипломдар тапсырылды. Жүлдеге ілінбей қалған үміткерлер де құр қалған жоқ. Оларға 15 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйақысы мен арнайы сертификаттар табыс етілді.

Ал, сыйақы мөлшері қомақты, атағы айтарлықтай «Жыл мұғалімі — 2014» номинациясына жалпы білім беретін №16 мектеп директоры, жоғарғы санатты математика пәнінің мұғалімі Қайрат Смайылов лайық деп табылды.

Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы бабамыз:

«Ұстаздық – ұлы қасиет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардауға міндеттіміз» деп, өте орынды атап көрсеткен. Бүгінгі шара жақсысын ұлықтаған, ерін ұмытпаған ел екендігімізді тағы бір танытты, — деп ағынан жарылды 100 мың теңгені қанжығасына бөктеріп, негізгі жүлденің иесі атанған Қайрат Смайылов.

Шын мәнінде, ұлы ұстаз шабытыңды оятады, алға ұмтылдырып, көкірек көзіңді аша түседі. Ертеде шығыстың бір ойшылы: «Менің өмірге келіп жер басып жүруіме себепші болған – ата-анам, ал бойыма қанат бітіріп, жерден биіктеп өсіп шығуыма себепші болған ұстазым» деген екен. Қалай деп айтсақ та, ұстаздар еңбегі бағалауға тұрарлық адал еңбек. Алғаш “Әліппенің” бетін ашып, әріпін танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімдер бейнесі көңіл төрінде қала бермек.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.