Жылуды да үнемдей білейік

20141010-03-1Қыр астындағы қыстың мезгілі таяп қалды. Қысқа әзірліктің сыналатын кезі де осы. Кенді қаланың жылу беру маусымына дайындығын білу мақсатында қала әкімінің орынбасары Серік Оразбаевты әңгімеге тартқан болатынбыз.

– Серік Төкенұлы, биылғы жылу беру маусымына дайындық барысында қандай шаруалар атқарылды және қысқа әзірлік қай деңгейде?

– Сәтбаев қаласы мен жақын орналасқан елді мекендерді 2014-2015 жылғы жылу беру маусымына дайындау мақсатында энергиямен жабдықтаушы «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-нің «Энергожелілері» Сәтбаев аймақтық кәсіпорны, «Жылу энергетикасы» кәсіпорны, «Электр желілері» кәсіпорны желілері мен қондырғыларына күрделі және ағымдық жөндеуден өткізудің іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Осы жоспарға сәйкес, «Жылу энергетикасы» кәсіпорнының тарапынан №1 және №2 жылу станцияларының 2 қазандығына және №1 жылу станциясының технологиялық құбыр желілеріне күрделі жөндеу, 6 қазандыққа ағымдық жөндеу жүргізілді. «Энергожелілері» Сәтбаев аймақтық кәсіпорнының тарапынан атқарылған жұмыстар бойынша айтар болсақ, 124,18 км магистральдік, 308,04 км орамдық жылу желілері жаңғыртылды.

Жалпы алғанда қаланы жылумен қамтамасыз ету толығымен жүзеге асырылды.

– Жоғарыда аталған екі жылу беру станцияларының көмір және мазутпен қамтылу көрсеткіштеріне тоқтала кетсеңіз.

– Екі жылу станциясында бүгінгі күні 244814 тонна көмір, 678 тонна мазут бар. Көмір қоры 3 айға, ал мазут 1 айға жинақталған.

– 2014-2015 жылдардың жылу беру маусымына дайындық шаралары барысында қанша нысанға әзірлік жұмыстары жүргізілді?

– Биылғы дайындық барысында 779 нысан қамтылды. Оның 710 көпқабатты үйлер болса, 24 білім беру мекемесі, 16 мектепке дейінгі мекемелер. Денсаулық сақтау нысандарының саны 17 болса, 2 спорт нысаны және 5 мәдени нысандарда дайындық жүргізілді.

– Жалпы алғанда қысқа әзірлікті жергілікті билік көктем шыға сала қолға алатыны жасырын емес. Осы тұрғыда алты ай бойы атқарылған жұмыстардың нәтижелі болуы тікелей тұрғындарға да қатысты. Осы орайда қандай ой айтасыз?

– Әлбетте, әркім өз пәтерінің жылы әрі ыңғайлы болуын қалайды. Атқарушы билік тек нысандарға дейін келетін құбырларды жөндеп, жаңартып беру мәселесін түбегейлі шешіп отырғандықтан, ішіндегі жылуды сақтау – тікелей тұрғындардың немесе нысан иесінің құзырындағы міндет. Сондықтан, қала тұрғындарына айтарым, үйлеріңіз жылы болсын десеңіздер өздеріңізбен бірге қоян-қолтық жұмыс жасайтын пәтер иелері кооперативі мен тұрғын үй коммуналдық цехтарымен кез-келген жағдайда түсіністікте болсаңыздар дейміз. Тағы бір айта кетерлік жағдай, көпқабатты үйлердегі жылуды сақтау үшін кіреберіс есіктерді орнату, терезелеріне әйнек салу, төбе люктерінің жабылуын қадағалау да қолға алынған. Барлық тұрғын үйлер қалалық әкімдік бөлімдеріне бекітіліп, апта сайын аталған шаралар бойынша ақпарат ұсынылып, қалалық штаб отырыстарында қадағаланады.

Қорыта айтқанда, қаламыз жылу беру науқанына дайын, тек халық оны үнемдей білсе болғаны.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.