Ұлық мерекені ұлықтаған күн

Аллаға мадақ айтылып, құрбандық шалынды

20141010-04-1-1Ең қасиетті де ұлы мереке – Құрбан айтты сәтбаевтық мұсылмандар қауымы үш күн бойы атап өтті. Мерекенің бірінші күні көпшілік Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешітке жиналып, айт намазын оқыды. Сәждеге бас ұрып, Жаратушы иемізге мадақ айтып, еліміздің тыныштығын тілегендердің қатарында қала басшысы Әнуар Омар да болды. Әнуар Серікбайұлы мешітке жиналған жамағатты мерекемен құттықтап, жылы лебізін арнады.

– Сан мың ғаламды жаратқан Алла тағаланың пендесіне деген зор нығыметі болар, бүгінгі күні сіз бен біз Құрбан айт мерекесінде бас қосып отырмыз. Бұл мереке – мұсылман әлеміндегі ұлық мейрамдардың бірі. Біз бұл мерекені өзіміздің ата-дәстүріміздің негізінде ұлықтап келеміз. Игіліктің, мейірімділіктің мерекесі саналатын бұл күні біз бір-бірімізге қамқорлықпен қарап, шын көңілден ілтипат білдіруіміз қажет. Алла тағаланың нығыметін сезініп, берген несібесі мен ырыс-берекесін жақсылыққа, иман жолында құрбандыққа шалу бұл дүниедегі азды-көпті күнәларымыздан арылуға себепші болады. Сондықтан, қастерлі мерекені қазақ халқы нәубет жылдарында, дінге атеистік тұрғыдан қараған қоғамда да жасырын тойлап келді, әрі қасиетін жоймады. Бүгінгі буын да осы мейрамның ұлылығын ұғына білсе дейміз. Жаратушы иеміз мұсылман жамағатпен келер жылғы Құрбан айтта аман-есен қауышуға жазсын, – деді қала басшысы Ә.Омар.

Әкім құттықтауынан соң барша жамағат мешіттің бас имамы Бауыржан Балтабаевқа бір кісідей ұйып, айт намазын оқып, құлшылық жасады.

Бұл мерекенің басты сауабы – құрбандық шалу. Мүмкіндігі келіп тұрған жанға құрбандық шалу – парыз. Осы мұсылмандық парызын қала басшысы Әнуар Омар да атқарды. Өз отбасының атынан сиыр малын құрбандыққа шалды. Оның бір бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға үлестірілсе, бір бөлігіне мешіт асханасында қайырымдылық ас беріліп, құран бағышталды.

Мереке күні Кеншілер алаңына жиналған жамағат «Құрбан айт – құтты мереке!» мәдени-сазды бағдарламасын тамашалады. Бағдарлама аясында жергілікті өнерпаздар діни әндер шырқап, театрландырылған көрініс қойды. Одан бөлек, жиналғандардың арасында викториналық ойындар ойнатылып, діни сұрақтар қойылды. Дұрыс жауап бергендерге сыйлықтар тапсырылды.

Әкімдіктің қолдауымен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері алаңдағы жұртшылыққа бауырсақ, ыстық шай таратты.

Күннің райы құбылмалы болғанымен, халықтың мерекедегі бір-біріне деген ықыласы ерекше болды.

Ұлттық ойындар да алаңда көрініс тапты. Қазақша күрес, асық ату, арқан тарту, кір тасын көтеру сайыстары мереке көркін қыздырды.

Қорыта айтқанда, Сәтбаев қаласының тұрғындары ұлық мерекені өз деңгейінде ұлықтай білді.

Түбі бір түркі ұрпағы бір дастархан басында

20141010-04-1-2Ислам дінінен нәр алып, түркіден өрбіген мұсылмандарға ортақ мереке Құрбан айтта татар-башқұрт этно-мәдени орталығы жақсы бастаманы қолға алды. Орталық төрайымы Руфина Абузярованың ұйытқы болуымен мереке аясында «Тайм-аут» мейрамханасында түбі бір түркінің ұрпақтары бас қосты.

Татар-башқұрт ұлтының өкілдері өздерінің қонақжайлығымен қазақ, орыс, украин ұлтының өкілдерін құшақ жая қарсы алды.

Мейрамханадағы басқосуға қала әкімі Әнуар Омар да қатысып, мерекелік құттықтауын жеткізді.

– Бүгінде талай ұлтқа ортақ шаңырақ болған Қазақстан – бейбіт өміріміздің, ынтымағымыздың мекені. Осының барлығы ұлттар татулығының жемісі. Қазіргі мамыражай тіршілігімізде өзіміздің ұлттық, діни мерекелерімізді тойлаудамыз. Осы тату да тәтті, берекелі өмірімізді Алла ұзағынан қылғай, – деді Әнуар Серікбайұлы.

Дастархан басына жиналған сан ұлттың өкілдері оқылған құранға қол жайып, елдің амандығын тілеп, бата қайырды. Одан кейін татар-башқұрт ұлтының азаматтары жайған дастарханнан дәм татуға шақырды.

Өзге этно-мәдени орталықтардың жетекшілері мен өкілдері жиналғандарды мерекемен құттықтап, татар-башқұрт этно-мәдени орталығына қонақжайлығы үшін алғыстарын білдірді.

Кездесу соңында сөз алған орталық төрайымы Р.Абузярова барша бауырластарымызды діни мерекемен құттықтап, шақыртуды қабыл алып, қуанышты бөліскендеріне ризашылығын айтты. Руфина Рафикқызы, сондай-ақ, өз ұлттарының мәдениетін, дастархан мәзірін көрсетіп, қонақтарын қарсы алуға мол мүмкіндік жасаған «Тайм-аут» мейрамханасының иесі Мария Киекбаеваға жемісті еңбек тіледі.

Ұлтаралық татулықты көрсеткен осы бір кеңпейілділік алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.