Заңсыз саудаға тосқауыл керек

«Кеншілер қаласындағы заңсыз сауда-саттық қатаң бақылауға алынып, бұл бағыттағы жұмыстарды барынша күшейтуге тиіспіз» деді қала басшысы Әнуар Омар сейсенбі күні өткен аппараттық жиында.

Қала басшысы әсіресе, көше бойында тамақ өнімдерін сататын саудагерлердің заңсыз әрекетіне тосқауыл қоюымыз тиіс деді. Өйткені, ешқандай санитарлық талаптарды сақтамайтын көше саудагерлерінің бұл өнімдері қауіпсіз екеніне ешкім кепілдік бере алмайды. Қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Зәуреш Таянованың мәліметінше, көбінесе көше саудасы «Тұрар» базары аумағында, «Универсам» дүкенінің алдында орын алады. Базар әкімшілігінің тарапынан ұсынылған тиісті бос орындарға қарамастан, саяжай өнімдерін көшеде сатуды әдетке айналдырған азаматтар санының артуы да мәселені ушықтырып тұр.

Қала тұрғындарының денсаулығына қауіп төндіретін заңсыз сауданы ауыздықтау үшін Әнуар Серікбайұлы көше саудасымен айналысатын азаматтардың әлеуметтік паспортын жасап, апта сайын осы мәселені шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қадағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер қауымдастығы, кәсіпкерлер палатасы, кәсіпкерлік және өндіріс бөлімінің бірлесе отырып әрекет жасауы тиіс екенін де шегелеп айтты. Ішкі істер бөлімінің тарапынан да бұл бағытта жұмыстарды мейлінше күшейту қажеттілігін ескертті. Айта кететін бір жайт, көше бойында сатылатын өнімдерді тұтынатын тұтынушылардың тарапынан талап күшті болса, көше саудасын тоқтатуға бағытталған жұмыстар да өз жемісін берер еді!

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.