Аймақ басшысы маңызды нысандармен танысты

Сейсенбі күні Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жұмыс сапарымен Сәтбаев қаласында болды. Сапар барысында аймақ басшысы «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС Спорттық-сауықтыру кешеніне арнайы келіп, «Арена-2005» мұз айдыны мен бассейннің материалдық — техникалық базасын көрді. Кешеннің бұқаралық спортты дамытудағы басты бағыттарын «Қазақмыс-спорт» директоры Нұрлан Алтынбеков баяндады.

20141010-02-1-1

Нұрмұхамбет Қанапияұлы, сондай-ақ, кешеннің қонақүйін аралап көрді.

Өңір басшысы «Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған Кешенді бағдарламасы» аясында Сәтбаев қаласының шығыс бөлігінде тұрғызылып жатқан 24 екібасты коттедждің құрылысымен танысты. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС қарасты «КазЦентрСтрой» ЖШС қызметкерлері жүргізіп жатқан құрылыс қарқынын көріп, жұмысты ширата түсуді тапсырды. Бүгінгі таңда 1 үйдің құрылысы толық аяқталса, 9 үйдің төбесі жабылған. Сонымен қоса, 4 үйдің шатырын және 3 үйдің терезелерін орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде. 12 үйдің қабырғалары қаланып, 2 үйдің іргетасын қалау жұмыстары толығымен аяқталды.

Шаһар басшысы Әнуар Омар жүргізіліп жатқан коттедж құрылыстарының бүгінгі жағдайымен облыс әкімін ақпараттандырып, мердігер компаниялардың жұмысына тоқталды. Жоба бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен, байланыс желілерімен толық қамтылып, коттедж маңын абаттандыру жұмыстары да қолға алынатындығын жеткізді. Бұл жұмыстарды «Самға», «Ремстрой», «ЖезСвязьСтрой» ЖШС жергілікті құрылыс фирмалары атқармақ.

Бұл кешенді бағдарламаға сәйкес, пайдалы қазбалар кенін алу мақсатында мемлекеттік қажеттілік үшін Жезқазған кенті мен оған көршілес жатқан Весовая, Крестовский, Перевалка және ГРП елді-мекендерінің жер телімдерін мәжбүрлі түрде босату қаралған. Бұл мақсатта аталмыш елді-мекендердің тұрғындарын кезең-кезеңімен көшірудің алғашқы легі көзделіп отыр. Жезқазған кентінің оңтүстік бөлігі және ГРП елді-мекендерінің тұрғындарын көшіру ағымдағы жылдың желтоқсанына жоспарланған. Ал, 2015-2016 жылдары Жезқазған кентінің қалған бөлігін, Весовая, Крестовский және Перевалка елді мекендерінің тұрғындарын көшіру қолға алынбақ.

Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.