Қазақ жерінде діни алауыздық болды ма?

Қазақ жеріне исламның түбегейлі орнығуына 751 ж. Тараз қаласының маңындағы араб әскербасы Зияд ибн Салих пен Қытай қолбасшысы Гао Сяньчжи арасында бірнеше күнге созылған Атлах шайқасында арабтардың жеңіске жетуі айтарлықтай ықпалын тигізіп, тұрғылықты халық арасына ислам еш зорлық-зомбылықсыз бейбіт жолмен таралды.

Қазіргі уақыттағы Қазақ жеріне исламның таралуы бірнеше ғасырларға созылады. Бастапқыда, ислам діні оңтүстік өңірлерге ене бастады. X ғ. аяғына қарай ислам Жетісу мен Сырдариядағы отырықшы халықтың басты дініне айналады. X ғ. басында мұсылмандықты Қарахан әулеті билігінің негізін қалаушы Сатұқ қабылдап, ал оның ұлы Боғра-хан Харұн Мұса 960ж. Исламды мемлекеттік дін деп жариялайды. Сонау ықылым заманда Ислам дінін бейбіт қабылдаған ата-бабаларымыз Ханафи мәзһабын берік ұстанғандықтан, арада қаншама ғасырлар өтсе де, күні бүгінге дейін діни алауыздықсыз өмір сүріп келді.

Исламның Әбу Ханифа мәзһабы дін, қоғам мәселелерін шешуде Құран, шариғат үкімдерімен бірге халықтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін де есепке алу секілді ерекшелігі Орта Азия, соның ішінде қазақ халқы үшін де жақын болды. Осы ерекшеліктің арқасында бүгінге дейін біз Исламның ханафи мәзһабын ұстанамыз. Қазақ халқының дүниетанымы, дәстүрі, ғұрпымен үндесіп келген ислам діні, сан ғасырлар бойы қазақ мәдениетімен тұтасып, ұлт тарихының ажырамас бөлігіне айналды.

Елбасымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін – ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ ұстауымыз керек. Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол – біздің дәстүріміз» деп атап көрсетті. Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы қарамағындағы мешіттердің барлығы Әбу Ханифа мәзһабы мен Матуриди діни сенім жолымен халыққа қызмет етуде. Сондықтан, шариғат амалдарының бір болуы басқа жат ағымдар мен бүліктің еніп кетуіне жол бермей, ел бірлігі мен тыныштығын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түседі.

Бір мәзһабпен жүрудің артықшылығы – халық біртұтас, ынтымағы мен бірлігі күшті, ұйымшыл болады. Орта Азия мен Қазақстан жерінде қанша уақыттан бері діни алауыздықтың болмай, ұрыс-керіс, дау-жанжалдан іргесін аулақ салуының да бірден-бір сыры осында жатыр.

Алайда, ислам дініне енді келіп, маңдайлары сәждеге тие бастаған кейбір бауырларымыздың діни білімі және тарихымыздан мағлұматы жеткілікті болмағандықтан, әдепсіз әрекеттер көрсетіп жатқандығы алаңдатпай қоймайды. Мазһабты дұрыс көрмейтіндер бір-екі хадис пен аятты жаттап алып, шариғатқа терең үңілмей, пәтуә айтып жатады. Бұл орны толмас үлкен зардапқа әкеліп соғады.

Иә, Пайғамбарымыз с.ғ.с бір сөзінде :

«Білім алу әрбір мұсылман ер мен әйелге міндетті» деді.

Алайда біз білімді кімнен, қалай алып жатқанымызға қарауымыз керек. Себебі, қазіргі уақытта діни ақпараттар өте көп, мысалға айтар болсақ, ғаламтор, кітаптар, журналдар т.б. Бірақ, бұл діни ақпараттардың ақ пен қарасын ажыратып алатын қарапайым халықта діни білім жоқ. Міне, сол себептен адамдар адасып, ағымдардың жетегінде кетіп жатады. Сондықтан, діни білім алуға ниет еткен адам, бірінші кезде мешіттегі имамдар мен ұстаздарға жолығып, кеңес сұрағаны абзал болады. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Егер білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар!» (Нәхл сүресі, 43-аят).

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ХХІ ғасыр – технологиялық ақпараттың даму заманы, сол себепті ғаламтордан алынған мағлұматты сүзбеден өткізіп тексеру керек деді.

Қазақ халқының данасы Абай атамыз да осы орайда былай деген:

«Бір нәрсені білмекке кітабын тауып оқып, адамын тауып сұрап, сосын оны салыстыру керек».

Сол себепті бір екі кітапты немесе ғаламтордан естіп, оқып алған ақ пен қарасы ажыратылмаған мағлұматты айтып, шариғи үкім беруден аулақ болып, халық арасында діни алауыздық тудырудан сақтану керек.

Ендігі кезде жаман пиғылды мемлекеттер өзінің саяси мақсатына жету үшін діни алауыздықты дамыту жолында мол қаражаттар жұмсап жатқаны белгілі. Мұның барлығы тыныш жатқан мұсылман мемлекетінің тыныштығын, бейбітшілігін жойып, сол мемлекеттің байлығына немесе өзінің басқа саяси мақсатына жетудің амалы болып табылады. Ал, егер мұсылман мемлекеттері тыныштық, бейбітшілікте өмір сүрсе мұсылмандар дамып, жаман пиғылды мемлекеттер жер бетінен жойылып кетері анық. Сондықтан, мұсылман мемлекеттері дамып көбеймес үшін олар бұл жолда көптеген қаражат жұмсауда. Міне, сондықтан Алла Тағала мұндай жаман пиғылды адамдар жайлы Құран Кәрімде былай дейді:

«Расында сондай қарсы болғандар, малдарын Алланың жолынан таю үшін жұмсайды. Тағы оны жұмсай береді. Сонан кейін ол оларға өкініш болып, ақыры жеңіліске ұшырайды. Сондай-ақ, қарсы болғандар тозаққа айдалады. (Әнфәл сүресі, 36-аят)

Міне, сол себепті қазіргі заманда діни біліммен ғана шектеліп қалу дұрыс емес. Мұсылман адам жан-жақты болып, дүниәуи ілімді де білгені ләзім болады. Құсқа қанат қағып ұшып кетуі үшін екі қанат керек болғаны секілді, дүниәуи біліммен діни білімді қатар алып жүрген адам мұндай адасушылықтан алыс болатыны белгілі.

М.Жағыпаров, діни экстремизмнің алдын алу жөніндегі ақпараттық-насихат тобының мүшесі.

Комментарии закрыты.