Нақты әрекет етуді жоспарлауда

20141018-04-2Республикамыз бойынша діни қақтығыстардың алдын-алу шаралары үздіксіз жүргізілу үстінде. Осы мақсатта қаламызға Қарағанды қаласы дін істері агенттігінің басшысы Серік Тілекбаев, теолог Ержан Бедеров келіп, №25 мектепте жиын өткізді. Іс-шараға қаламыздағы барлық мектеп оқушылары шақырылды. Сондай-ақ, қалалық діни сенім сұрақтары жөніндегі орталықтың мамандары қатысып отырды.

Жастарымыз жан түршігерлік аяусыз әрекеттерге бармас үшін теолог мамандардың уағыздары, ата-ана қамқорлығы қажет. Теолог мамандар бүгінгі таңда дін саласы бойынша нендей жұмыстар жасалып жатқандығына тоқтала кетіп, әлі де болса қарқынды жұмыс жасалуы тиіс екендігін айқындап айтты. «Елімізде 2012 жылы дін туралы заң қабылданған болатын. Заңға алдағы уақытта нақты өзгерістер енгізілмек. Сол кезде діндегі олқылықтардың орнын толтыру үшін екі есе жұмыс жасалатын болады» деді Серік Болатұлы. Ислам дінін керісінше түсініп, Араб шейхтарының пікіріне сүйеніп, жиһад, халифат құру идеяларына сену арқылы көп жастарымыз жүгенсіздікке бой алдыруда. Серік Болатұлы өзге елдің жекелеген мәселелері үшін сабылып кеткендердің әрекетін Сирия, АҚШ, Арабия үшін соғысуға кеткендер деп бағалады. Ал, шын мәніндегі жиһад сөзінің түп мағынасын меңгеру үшін ислам дінінің, қазақы салт-санамыздың құндылықтарын терең ұғыну үшін де осындай теолог мамандардың қажеттігі белгілі. Дін жөніндегі басқосулардың негізгі мақсаты – Қазақстан халқының патриоттық сезіміне ықпал ету.

Мөлдір Мұқатова. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.