Алыстан хабар алғызған

Бүкіләлемдік пошта күні 1969 жылдың 9 қазанынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі халықаралық мереке ретінде тойлануда. Адаммен бірге жаралған ақпарат беру, хабар алмасу, сәлемдеме, хат тасымалдау секілді қызметтің бұл түрінің тамыры тереңде. Ресми түрде пошта бөлімдері ашылмаған тұста қазақ даласының о шетінен бұ шетіне хабарды арнайы қызметкерлер жеткізген. Жаушы, елшілер мақсатының түп-төркінінде бір жерден екінші жерге ақпарат жеткізу мұраты тұрған. Қалай болғанда да, дәл қазіргі күні өмірімізді поштасыз, пошташыларсыз елестете алмаймыз. Бірнеше жүздеген жылдар бұрын пайда болып, бүгінде үлкен реформадан өткен бұл саланың қоғам игілігіне тигізіп отырған пайдасы ұшан-теңіз. Өткен аптада төл мерекесін атап өткен Жезқазған қалалық пошта байланысы торабының бүгінгі жай-күйі, тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында мекеме бастығы Нұрлан Мұхиядиновпен жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді.

20141018-03-1

– Өзіне тән ерекшелігі бар, қиын да қызықты пошта байланысы қызметінің басқа кәсіптерге қарағанда бұрындары бәсі мен беделі жоғары болатын. «Қуаныш сөмкем толы арқалаған, сәлем хат әр ауылдан, ей, әр қаладан» деген көңілді әннің пошташыларға деген сүйіспеншіліктен туғаны анық. Қазіргі күні кәсіпорында 140 адам жұмыс жасайды, оның 39-ы — пошта тасушылар. Біздің қызметкерлер «Қазпоштаның» тұрғындарға көрсететін қызметтерінің барлығын өз деңгейінде атқарып келеді. Қазір пошта жай жазбаша хат-хабарлар, басқа да пошталық жөнелтілімдер тасымалдау, ақша аудару, жазылым бойынша мерзімді баспасөз басылымдарын тарату секілді қызметтерді көрсетеді. Бұған қоса бірнеше қаржы қызметтерін атқарады. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттен және жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлем мен әлеуметтік жәрдемақыны жеткізу, трансфер-агенттік қызмет, депозит қабылдау, жеке тұлғалардың және заңды тұлғалардың банктік шотын ашу және жүргізу, еңбекақы, стипендия және басқа ақшалай аударым операцияларын жүргізеді, сонымен бірге «Хоум Кредит» несиесін рәсімдеу, басқа да банктердің несиесін өтеуді қабылдайды. Осы сияқты басқа да пошта жөнелтімдерін жедел түрде Қазақстанның және әлемнің түкпір-түкпіріне жеткізе отырып, тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға көмек көрсетеді. Басты мақсатымыз бен міндетіміз — халыққа қалтқысыз қызмет көрсету.

– Пошта байланысы торабының қанша бөлімшелері бар? Олардың материалдық-техникалық базасы қандай?

– Біздің кәсіпорынның желілері ауқымды. Тұрғындарға қызмет көрсететін жиырма жеті бөлімшенің біреуі биыл жаңадан ашылды. Оның он төрті автоматтандырылған. Пошта жөнелтімдерін үнемі бақылауды қамтамасыз етіп отыратын жаңа «Sort center», «Колвир» бағдарламаларымен, электронды пошта арқылы сапалы жұмыс жасауға мүмкіндігіміз мол.

– Қазір конвертпен хат жазудан әлдеқайда жеңіл, әлдеқайда тез баратын «электронды пошта», «скайп», «мобильді агент», «факс», «ұялы телефон» секілді бірнеше байланыс түрлері бар ғой. Тұрғындар арасында хат жазу азайған шығар?

– Бұрынғыдай көп болмағанымен, соншалықты азайды деп айта алмаймын. Адамның жан сезімін жеткізуде қай заманда болмасын хаттар бірінші орында тұратын секілді. Өткен жылдың тоғыз айында біздің пошта арқылы 69144, биылғы жылы 64984 жазбаша корреспонденция мен сәлемдеме жөнелттік. Хат-хабарды сұрыптау бөліміндегі қызметкерлеріміздің жұмысы қауырт болғандықтан, бос уақыттары бола бермейді.

– Қазір газет-журналға жазылу науқаны жүргізіліп жатыр…

– Иә, қыркүйек айынан бастап келесі жылға газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. Оқырмандар үшін алты мыңнан астам алуан түрлі қызықты әрі пайдалы басылымдарды алудың ең қолайлы мүмкіндіктерін жасауға тырысып жатырмыз. Басылымдар тікелей үйге, жұмыс, оқу орнына жеткізіледі. Сонымен қатар, бірнеше басылымға толық бір жылға жазылғандарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен зейнеткерлерге жеңілдіктер жасалады. Қазір тұрғындардың қазақ тіліндегі басылымдарға аңсары ерекше, 80 пайызы мемлекеттік тілдегі басылымдарды таңдайды.

– Шешімін таппай тұрған қандай мәселелер бар?

– Тұрғындар пошта жәшігіне қатысты жиі шағымданады. Көп қабатты үйлердің көбіне орнатылмаған. Ал жәшіктің жоқтығы пошта тасушыларға көп қиындық туғызып отыр. Бұл — жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешілетін мәселе. Сонымен қатар, тұрғындарға сенімді қорғаныс болып, тазалық пен қауіпсіздікті сақтап тұрған көп қабатты үйлердің кіре берістеріндегі домофон да жұмысымызға кедергі келтіруде. Көп ретте пошта тасушыларымыз газет-журналдарды уақытында тапсыра алмай кейін қайтып жатады.

– Пошта тарихында есімі қалуға тиісті азаматтар жөнінде айта отырсаңыз?

– Нұрлан Қапаров, Мұхамеджан Әбішев, Евдокия Украинская, Тамара Нетведская, Галина Лаврова секілді өз ісінің шеберлері аса күрделі де қиын кезде пошта қызметінің аяғынан тұрып кетуіне, оның дамуына, жоқтан бар жасауға, сөйтіп қазіргі қалыптасу деңгейіне жетуге көп еңбек етті. Бұлар — Жезқазған аймағындағы пошта тарихында есімі қалуға тиісті азаматтар. Олардың жолын бүгінде Нұрбану Түсіпова, Роза Жақыпова, Айжан Тоқбергенова, Перизат Сұлтанова, Валентина Солдатова, Гүлнар Шагаутдинова, Әсел Әбілова, Ажар Оразбаева, Нина Буторина, Күлайра Күлбаева, Сергей Иванов, Наталья Голева секілді мамандар лайықты жалғастыруда. Бүкіләлемдік пошта күні қарсаңында Қазақстан поштасын әлемдік деңгейге көтеру жолында қызмет еткен майталман мамандарды еске алмау, ұлықтамау мүмкін емес. Елге сіңірген еңбектің ескерусіз қалмайтыны белгілі. Мерекелеріңізбен!

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.