Құжаттарын тапсырып, сертификат алды

20141018-06-1Бүгінгі күні Сәтбаев қалалық мұрағаты қаланың дамуына үлестерін қосқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және Социалистік Еңбек ерлерінің жеке құжаттарын қорға жинақтау жұмысын қолға алып отыр. Мұрағат басшысы Айгүл Төлендинаның бұл бастамасына қолдау білдірген қаланың Құрметті азаматтары да аз емес.

Өткен бейсенбі күні құжаттарын қорға тапсырған азаматтарға мұрағат қызметкерлері сертификат тапсырды. Дөңгелек үстел басына жиналған Ұлы Отан соғысының ардагерлері Шермұхамбет Байбосынов, Әкбар Аманжолов, Социалистік Еңбек ері Федор Лукинский, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Шынболат Ділдебаевтың жары Гүлсара Жиеналиева, ақын Мәуия Бекмағамбетова мұрағаттың тың бастамасына өздерінің ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да тарихи, құнды құжаттар мен жәдігерлерді, деректерді мұрағат қорына тапсыруға уәде етті.

Салтанатты шараға Қарағанды облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттар басқармасының бөлім бастығы Ләззат Байкенжина, Ұлытау ауданы мұрағатының басшысы Гүлмира Рыспаева қатысып, мұрағат басшысы А.Төлендинаның ардагерлерді ардақтаудағы ісінің көпке үлгі екендігін айта келе, өздеріне қымбат құжаттарды мұрағатқа сеніп тапсырған азаматтарға алғыстарын жеткізді.

Одан кейін құрметті қонақтар қорда жинақталған құжаттармен танысты.

Мұрағат қорында жоғарыда аты аталған азаматтармен қатар, Ж.Үншібаевтың, Б.Сүлейменовтың, Қ.Қалиевтың, Д.Баймағамбетовтың, Қ.Кентаевтың, Т.Ысмағұловтың, Ш.Бейсенбекованың, З.Чумакованың, Ә.Иманғалиевтың жеке құжаттары сақталған.

Құрметті оқырман! Сізді шаһар тарихынан сыр шертетін деректер немесе жеке тұлғаның өмірбаяны қызықтырса, осы мұрағат қорынан ақпарат алуға мол мүмкіндігіңіз бар. Ал, егер де қолыңызда қаланың өткен шежірелі жылдарынан сыр шертетін деректер немесе қаланың қалыптасуында зор еңбек сіңірген әр саланың азаматтарының құжаттары болса, мұрағатқа тапсыруларыңызға болады. Ол үшін мұрағат қорының есігі айқара ашық.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.