Шешендік сөз өнерін қалай бағалап жүрміз?

20141018-06-3Қазақ әдебиетінің аса бір күрделі жанрларының бірі – шешендік сөз өнері. Бұл өнер түрі адам ойын өрістетіп, тапқырлыққа баулып, үлгі-насихат арқылы тыңдаушының таным дүниесін кеңейтіп, биік адамгершілік қасиеттерге үндеп қана қоймайды, олар сонымен қатар, қазақ даласында әлеуметтік қызмет атқару ерекшелігімен де дараланған. Сондықтан да дана халқымыз шешендікті терең меңгерген адамды киелі санап, жүйесін тауып сөйлеген сөзге тоқтаған.

Сөздің мәйегін, маңызын сарқып айтатын шешендеріміздің сөздерін қайта қолданысқа енгізу мәселесі бүгінде әдебиеттегі үлкен мәселе болып тұр. Осы мәселенің күрмеуін шешуде, жастар арасында сөз құдіретін насихаттауда жастар өз тараптарынан сәтті қадамдарға баруда. Соның бірі – жерлесіміз, қазіргі күнде Астана қаласында «Сөз құдіреті» шешендік өнер орталығына жетекшілік жасап отырған Айтуған Ноғай. Оның шешендік сөз өнерін дәріптеудегі бастамасы көпке үлгі боларлықтай.

Өткен жексенбі күні туған жеріне келіп, шешендік өнердің маңыздылығы мен қолданысы төңірегінде сөз қозғаған Айтуған Ноғай Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада семинар-тренинг өткізді.

Семинар тренингке санаулы-ақ адам қатысқанымен, екі жарым сағатта шешендік сөз өнерінің қалыптасу тарихы мен бүгінгі ахуалы жөнінде орамды ойлар айтылды.

– Бұл орталықты құрудағы негізгі мақсат – қазақ қазақ болып қалыптасқан тұстан бері ұлтымызбен бірге біте қайнасып келе жатқан шешендік өнерді бүгінгі қоғамда қайта жаңарту, түлету. Әрине, бізді бірден қолдап, «мына бастамаларың жақсы екен» деп, басымыздан сипап, қолтығымыздан демеген ешкім болмады. Қайта, «не пайдасы бар, әуре болмаңдар» деген қарсылыққа тап келдік. Алайда, шешендік өнерге жақын жастардың басын біріктіріп, шешендік өнерді ортамызға қайта оралтудың қам-қарекетін жасаудамыз. Үш ай бұрын ашылған орталыққа астаналық жастар да қызығушылық танытып, дәріс те алып жүр. Бұл орталықтың басым-бағыттарын түсіндіру үшін Алматы қаласында да жастарымен кездестік, – дейді кенді қаланың тумасы А.Ноғай.

Семинар барысында тақырып төңірегінде жергілікті ақындарымыз – «Ұлттық өнер» орталығындағы ақындар үйірмесінің жетекшісі Ғалил Жәнібеков, №19 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі Дәуренбек Бұланбаев және «Ұлттық өнер» орталығының шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі Бейімбет Бралинмен қатар жастар да пікір алмаса отырып, Айтуған Ноғайдың ақпаратының негізінде шешендік өнердің қыр-сырына қанықты.

Осы орайлы тұста айта кету керек, ұлтымыздың сөз мәдениетіндегі жауһары шешендік өнердің біздің қалада дәріптелуіне бірден-бір ықпал жасаған жеке кәсіпкер Дулат Төлегенов болса, қолдау білдірген қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі.

Ұлттық тіліміздің мәйегіне айналған шешендік сөз өнерінің маңыздылығын жойып алмау, оны келер буынға аманаттау мәселесінде осындай кездесулердің жиі болып тұрғаны, ана тіліміздің дәріптелуіне себепкер болмақ.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.