Бағаны тежеу назарда

Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тежеу мәселесі сейсенбі күні өткен аппараттық жиынның күн тәртібінде қаралды. Қала басшысы Әнуар Омардың төрағалығымен өткен аппараттық жиында ауылшаруашылығы және ветеринария, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімдерінің жетекшілері есеп берді.

Ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің басшысы Әбусағит Әбдікеровтың мәліметінше, бүгінгі таңда кеншілер қаласында азық-түліктің бағасын тұрақтандыру бағытында әр сенбі сайын өтіп тұратын жәрмеңкенің маңызы зор. Жыл басынан бастап осы уақытқа дейін қаламызда бас-аяғы 47 рет ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, құны 166 млн. теңге көлеміндегі өнімдер сатылған. Қала базарлары мен дүкендердегі бағаға қарағанда өнімдері 10-15 пайызға арзан сатылатын әр жәрмеңке сайын 100 тоннадай өнім түрлері сатылады. Мұндағы тиімді бағамен сатылатын ет, сүт өнімдері, көкөніс-жемістер халықтың тарапынан мол сұранысқа ие.

Облыстық тұрақтандыру қорынан бөлінетін көкөніс өнімдері де бағаның шарықтап кетпеуіне септігін тигізуде. Жалпы, жыл басынан бері осы тұрақтандыру қоры арқылы жәрмеңкеде 15 тонна картоп, 2 тонна сәбіз және 2 тонна қырыққабат сатылды.

«Азық-түлік келісім шарт» АҚ арқылы жыл басынан бері бөлінген 1-ші сұрыпты 546,6 тонна ұн қаламыздағы наубайханаларға бөлініп, 45 теңгеден сатылды. Бүгінде әлеуметтік нан бағасын тұрақтандыру мақсатындағы осы меморандумды қазан айында да жалғастыру қарастырылып жатыр. Жақында Қарағанды қаласынан жеткізілген 1-ші сұрыпты ұнның 47 тоннасын «Сарыарқа Нан» ЖШС сатып алды. Осы наубайханада пісірілетін әлеуметтік нан өнімдері сауда нүктелеріне шығарыла бастайды. Айта кетейік, ауылшаруашылығы бөлімі басшысының мәліметінше, бүгінгі таңда Сәтбаев қаласында нанның төменгі бағасы 60-65 теңгеге сатылуда.

Қарағанды облысының статистикалық мәліметі бойынша, қыркүйек айында Сәтбаев қаласында макарон өнімдері 156 теңгеден 161 теңгеге көтерілген. Кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін атқарушы Александра Квашнинаның айтуынша, бұл өсім өнімді жеткізетін дилерлер тарапынан көтерген бағаға байланысты болып отыр.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын үнемі тек жәрмеңкелерді өткізу арқылы тұрақты ұстап тұру мәселенің түбегейлі шешілуіне жол ашпайды, – деді қала басшысы Әнуар Омар жиын барысында. Азық-түлік, жем-шөп қорын сақтайтын қойманың не болмаса коммуналдық базардың іске қосылмауы, сырттан әкелінген тауар мен жергілікті өнімдер бағасының бірдей болуы – мәселенің оңтайлы шешілуіне кедергі жасап отыр. Ауылшаруашылығы тауарларын өнім өндірушілерден тікелей сатып алып, өздеріне қолайлы үстеме ақысымен сататын делдалдарға қолданатын шара да тиімсіздігін көрсетіп отыр. Бұл ретте ауылшаруашылығы өнімдерін шығарумен, не болмаса мал азығын дайындаумен айналысатын кәсіпкерлік саласының дамымай отырғандығы да жиында кеңінен талқыланды.

Негізсіз баға өсімінің алдын-алуға бағытталған тиісті шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысы жан-жақты пысықталған аппараттық жиында Әнуар Серікбайұлы күн тәртібінде көтерілген мәселеге жауапты мекеме басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, оның орындалысын мейлінше ширату қажеттілігін қадап айтты. Өзектілігі жоғары бұл мәселе әрдайым бақылауда болатынын жеткізіп, бағаны бақылайтын жұмыс тобының белсенділігін жандандыру қажеттілігіне баса назар аударды.

Сәтбаев қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Комментарии закрыты.