Мәрттігімен мәртебелі еді

20141018-08-1Балаң шағымды ауылдың ақ таңымен атырып, алаңсыз өткердім. Мектепті тәмамдай салысымен үлкен арманның жетегінде қалаға оқуға түстім. Үлкен қалаға алғаш келуім болғандықтан ба, бойымды үрей билеп, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің табалдырығын имене аттадым.

Қазақ, орыс журналистикасына қабылданған студенттер үшін өзара танысып-білісу, оқу орнының ұстаздарымен жүздесу аса қызығушылық туғызатын. Жақынырақ танысқан сайын енді кім келер екен деп тағатсыздана күттік. Қандай дәріс өтетіні, қалай жүргізілетіні әрқайсымыз үшін де таңсық дүние. Бірінші сабақта өзіңді жақсы қырыңнан танытып қалу да біздерге бәсекеге толы бәйге еді. Бірде мұғалім келе қоймағасын арқамызды кеңге салып әңгімеге кірістік. Осы кезде есік сыртқа қарай жұлқа сермелгені. Содан болар, бірден ойымызға ашушаң немесе қатқан қатал адам кейпі келді. Алайда, айқара ашылған есіктен күн сәулесі көрінгендей әсерге бөлендік. Қолында портфелі бар, орта бойлы, еңселі, жас балаша шаттана күліп тұрған ер адам құдды бір қазақ радиосынан сөйлеп тұрғандай «Сәлеметсіздер ме?!» деп даусын жарқын-жарқын шығарды. Портфелін стол үстіне жайғастыра салысымен «Ал, журналистер, танысайық» деді.

– Мен Мартбек Тоқмырза Мекентайұлы. Журналист, сатирикпін. Бірден айтып қояйын, қарындастарым, басым бос емес. Үйленгем. Әйелім және құдай берген екі балам бар.

Барлығымыз ду күлкінің астында қалдық. Ең бірінші орынға жайғасқан маған өзің жайлы сөйле дегендей сұрағын күліп тұрып ыммен білдірді. Мен:

– Мөлдір Мұқатова Ерғазықызы. Қарағанды облысы, Шет ауданы, Кеншоқы ауылынан келдім…

– Оооо, Кеншоқы?.. Балалар, бұл жерден осы өңірдің белді ақындары санатында болған қазақтың Қара Дәулеті – Дәулет Ырысбайұлы шыққан мекен, – дегені.

Ауылым туралы жағымды сөз құлағыма майдай жақты. Көңілім босап, көзіме жас үйірілудің аз-ақ алдында қалдым. Туған жердің топырағы әркімге өзінше қасиетті емес пе?! Ал, менің ауылым ата-бабамның, ата-анамның кіндік қаны тамған жер, киелі мекен – Кеншоқы еді. Бұл жерде кеңес одағы кезінде өндірген табиғи байлық қазіргі таңда игерілмейді. Дегенмен, кенінен өзге кеңдігі де өзіне шырай беріп тұрғандай. Әлгінде Мартбек аға тілге тиек еткен Дәулет Сәтибеков бүгінгі таңда қазақтың маңдайалды ақыны болып отырған Серік Ақсұңқарұлынан тәлім алып, сол кісімен қоян-қолтық араласқан турашыл жан болды. Дәулет ағадан көзі тірісінде ақ батасын алған болатынмын. Бірден Дәулет ағаның «Сені оқуға өзім жетелеп апарамын» деген сөзін ойға алдым. Ол кісінің осыншалықты қадірлі, құрмет тұтарлық жан болғанын енді ұққандаймын. Құлағыма Мартбек аға әңгімесінің түйіндеу сәті естілді.

– Кеншоқы қара Нұраның бойында орналасқан. Ол жерде «Түйетас», «Керегетас», «Қызылшоқы» , «Алмалы» «Қазған тау», тағы басқа таулар бар.

Өзімдегі ойдың сан-саққа жүгіруімен, толқудың әсерінен осының бірін де айта алмай қалғаным. Сөйтсем, ұстазым барлығын бұл ақпараттардан құлағдар етіп үлгеріпті. Әлқиссасы барлық топтың студенттерімен тілдесу арқылы жалғасты. Таныстығымыз аяқталғанша менің кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, өзіме лайықты орта тапқандай қуандым.

– Ақпарат, тіл, білім майданында сендердің сүрінуге хақыларың жоқ. Осы бастан өздеріңді төртінші биліктің иесі боламын деп емес, мен журналистпін деп санаңдар. ҚарМУ-дың қара шаңырағына қош келдіңдер!

Жылы жүздесуіміз уақыт өткен сайын шәкірт пен ұстаз арасындағы айтып жеткізе алмайтын үлкен махаббатқа ұласты. Ұстазымыздың өзгелерден ерекшелігі, білімділігі ешкімді елең еткізбей қоймайтын. Ол кісі жүргізген әр дәріс өзінше бір әлем, тұтас тұнып тұрған тарих, күнделікті ағылып келіп жатқан жаңа ақпарат іспеттес еді. Аудиториядағы қызықты, ұмытылмас, сынға толы сәттерге қалам тербеп, өткен шақта сөйлейміз деп ешбіріміз ойламадық. Бірде Мартбек аға:

«Адам дегеніміз – кешегісін сағынатын, ертеңгісін армандайтын, ал бүгінгісіне көңілі толмайтын жұмыр басты пенде» — деді. Мұның астарына бойламаппыз. Өйткені, ол кісі үнемі өз жанынан шығарған осындай пәлсапаларын айтып жүретін. Әлгіндегі сөздің мағынасын кейінірек білдік. Ертеңгісін армандап жүрген Мартбек ағаның күндері санаулы болып шықты. Қос бірдей бүйрегінен айырылған. Аурудың белгісі анықталған сәтте дәрігерлер бір жылдан артық жүруі мүмкін емес дескен. Алайда, әлемге деген сүйіспеншілігі, өмір сүруге айрықша құлшынысының арқасында ақ халаттылар белгілеген межеден артық жасады. Медициналық аппаратқа тәуелділігіне қарамастан үнемі шат күлкімен, шабыттанып, қасқайып тұратын еді. Сол сәттері ол кісіден артық тіршілікке разы, жаңашыл, тың идеясы тасыған жан кездестірмедік. Үнемі бастаған ісін тезірек аяқтауға тырысатын. Сырқатына сынбастан бес уақыт намазына, дәрісіне, өзі бастамашыл болған, өзге де көптеген қоғамдық жұмыстарға біркісідей үлгеретін.

Мартбек Мекентайұлының кім болғаны бүгінгі таңда көпке аян. Сатира жанрына қалам тартқан қарымды сатириктің көзі тірісінде «Мәселенің мәні», «Жымиясың сен неге?» атты кітаптары жарық көрді. Белді журналист «Азаттық» радиосы, «Қазақстан — Қарағанды», «Қазақстан» ұлттық телеарналарында сапалы қызмет жасаған. Еселі еңбек жылдарында өмірінің соңына дейін Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде оқытушы міндетін абыроймен өткерді. Теле-радио журналистиканы тереңінен меңгерген маман, қазақ телевизиясында ұлттық ток-шоу бағдарламасының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. Мартбек Тоқмырза өзіндік қолтаңбасын қалдырған «Біз жанбасақ», «Білгенге маржан», «Езу тартар» авторлық бағдарламалары тележурналистикаға алапат төңкеріс әкелген-ді. Адуынды азамат арқалы келеді емес пе. Мартбек ағаның сөзінен де, жас та болса бас бола біліп істеген ісінен сегіз қырлы жан екенін аңғару қиын емес. Тілім деп тебіреніп, қазақ ұлтым деп, туған жерім деп үздігіп тұратын еді марқұм. Қазақтың салт-дәстүрін, тарихын, мәдениетін, әдебиетін санасына өшпестей етіп сайлап алған. Өзінде бар рухани байлықты өзгелерге беруге құмар жан, шәкірттерінен тек үйреткенін еселеп қайтаруды талап ететін.

Бүгін өзімізше түсінік беруге тырысып жүрген «ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» ғашықтар күнін ең алғаш жаңғыртқан, қазақ жастарына қолдау көрсеткен де осы Мартбек Тоқмырза болатын. «Мұсылманша, оның ішінде өзіміздің қазақтың төл мерекесі. Қандай ғажап!?» деп кең көсіліп баяндап беруші еді біздерге. Ол кісінің көз жұмар алдындағы ең тәтті арманы Қарағанды қаласында үлкен махаббат аллеясын ашу еді. «Маңдайшасын ұлыларымыздың бір көркем сөзімен қазақ тілінде әрлесек. Әрбір демалатын орындардың да өзіндік мәні болатындай етіп айқындап қойсақ. Үнемі оркестрдің сүйемелдеуімен тірі музыка жаңғырып, төрінен Қозы мен Баянның құрметіне ескерткіш орнатылса» дейтін. Ендігі осы бір арман, махаббат аллеясы өз бойын тіктеуі үшін біздер, яғни шәкірттері жауаптымыз деп ойлаймын өз басым.

Жылдан жылға жаңғырып, дәстүрге айналса екен деп бастаған осы бір мерекені ол кісі көзі тірісінде облыстық деңгейде дүркіретіп өткізіп жүрді. Қазір бұл игі істі замандасымыз Күнтуған Оханұлы жалғастырып жүр. «Валентин күні» деп еліріп есі кеткен жастарымыздың көзін ашып, намысын қайрау үшін, әрине, тек бір концерттің аздық ететіні шындық еді. Өйткені, қазіргі жастардың басым көпшілігі театр, қазақ концерттерінің өтетін орнына бас сұға бермейтіні тағы бар. Сондықтан, Мартбек аға «Нәтиже» сүт фабрикасымен келісімге келіп, қазақ тілді ашық хаттар шығара бастады. Ана тіліміздегі поэзиямен толықтырылған мұндай ашық хаттар барлығының дерлік көзқуанышына айналды. Ашық хатты тек қана махаббат күніне орай емес, әз наурыз сынды өзге де төл мерекелерімізге арнайы өлең жолдарын әзірлеп мағынасы мен мәні бар сыйлық ретінде дайындады. Бұл жоба қаланың ірі сауда орындарынан бастап кіші сауда нүктелеріне дейін тегіс таратылып, сатылымға қойылды.

Ұстазымыз бірінші сәуір – күлкі күнін де дәл осындай әзірлікпен қарсы алатын. Мерекені арзан күлкіге айналдырмай, салмақты ой, салиқалы әзілдермен астарлап жеткізу мақсатында бұған баса назар аударды. Ал, бүгінгі таңда күлкі күнін Қарағанды шаһарында Мартбек Тоқмырза есімінсіз елестету мүмкін емес. Әрдайым дара тұлғаның есімімен байланыстырып өткізуде. Шындығында, сатира саңлағының жан дүниесі әдемі әзіл өрнектерімен біте қайнасып туылғандай. Мартбек ағаның сатира әлемінде айтылып кеткен, айтылып та жүрген көптеген әзілдері халық арасында кең тарап, үлкен сахналарға шығып үлгерді.

Ол кісінің арқасында білікті деген, ел-жұртым деп шұрқыраған ел ағаларымен таныс болдық. Олар – Мартбек ағаның айнымас достары бола білген белгілі Абайтанушы ғалым Омар Жәлелұлы, демократия деп ащы шындықты толыққанды атай алмай жүрген шағымызда қоғамның шыншыл сыншысы, қазақ қаламгерлерінен өзге әлем алпауыттарының кемшілігіне көз жұма қарамай, өзіндік пікірін жасқанбай айқын айтатын Амангелді Кеңшілікұлы. Адамды досына қарап танимыз ғой. Мартбек аға шығармашыл жан болса, достары да солай үнемі ізденіс үстінде жүреді.

Ұстазымыз өмірден өтіп соңғы сапарға аттандырғанымызда, аға буын өкілдері «Шәкірт пен ұстаз арасындағы мұндай риясыз сенім мен мейірімді ешбір жерден көрген емен» десіп жатты. Кемеңгерден көз жазып қалсақ та, өлгенді жоққа балау әбестік болар. Біз үшін ол кісі беріп кеткен тәрбие, білім байлығы ұшан-теңіз, аса құнды, қастерлі дүние. Өмірінің соңына дейін күрескен қайраткерден біз күресуді, ешқашан ештеңеден түңілмеуді үйрендік.

Мөлдір ЕРҒАЗЫҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.