Өзінің емес өзгенің қауіпсіздігін ойлайды

20141018-07-1Елімізде 19 қазан күні құтқарушылар төл мерекелерін атап өтеді. Қауіп-қатер төнгенде өлім мен өмірдің арасында тұрған адамды құтқаратын жауапты мамандық иелері қандай құрметке болса да лайық.

Қаламыздағы «Айнакөл» маңында орналасқан суда құтқару станциясының шағын ұжымы өздерінің кәсіби мерекелеріне табыспен жетіп отыр. Мереке қарсаңында станцияның бүгінгі жай-күйімен танысып қайтқан едік.

– Бұл станцияның жұмысы 2002 жылы басталған. Алғаш құрылған жылдары мұнда 3-4 адам қызмет етсе, қазір 7 адам еңбек етеді. Сәтбаев қалалық суда құтқару станциясының қамтитын аумағы кең. Қалаға жақын маңда орналасқан су қоймалары мен көл, өзендермен қатар, Ұлытау ауданының су қоймалары кіреді.

«Айнакөлге» жаздың күні демалуға келген адамдардың сақтығын басты назарға қоямыз. Биыл күннің қатты ысуына байланысты көлдің маңында демалушылар да көп болды. Екі адамды суға кетуден аман сақтап қалдық. Ұжымда бірнеше жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Берік Хұсайынов, Мұрат Баймановтың ісінен жас маман Қаныш Нұрпейісов үлгі алуда. Станцияның жас медбибісі Бибінұр Әбсамат та өзінің ісіне мығым. Білікті басшы Нұрбала Жакенұлы Байзақов басқаратын шағын ұжым адам жанының арашасы бола білуде, – дейді станция басшысының орынбасары Ербол Жәнібеков.

Батырлықты, өжеттікті қару еткен құтқарушылар қандай жағдай болмасын өздерінің өмірін өзге үшін сарп етуге әзір. Өйткені, олардың көмегінің арқасында талай адам өмірін сақтап қалады. Сондықтан да құтқарушы мамандығы қауіпті де жауапты. Сол жауапкершілікті кенді қаланың әр салада еңбек етіп жүрген құтқарушылары жете түсіне біледі.

Бағдат Қазкенов. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.