Ұлытаудың тойы – Ұлттың тойы

20141018-12-1-320141018-12-1-1Қаламызбен қоңсылас жатқан Ұлытау ауданы үшін биылғы жыл берекелі де мерекелі жыл болды. Аудан болып Жезді кентінің 70 жылдығын атап өтіп жатқанда, ұлт ұясының төрінде Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз – Нұрсұлтан Назарбаев сұхбат беріп, Ұлытаудың қадір-қасиетін күллі әлемге танытты. Іле-шала Ұлытауда халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, Елбасының сұхбатында көтерілген өзекті мәселелер төңірегінде ой қозғалды. Ой ғана қозғалып қойған жоқ, ілкімді істерге де бастамашы болды. Оған жеті жұрттан ғаламдар мен өнер тарландары келіп қатысты. Енді, міне, осындай шат-шадыман күйде отырған ел өткен аптада ауданның 75 жылдық торқалы тойын дүбірлетіп тойлап өтті.

«Ұлытаудың тойы – елдің тойы» деп, біздің кеншілер қаласының жақсылары мен жайсаңдары да қолдан келгенше қолдау көрсетті. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген сол емес пе, тойлы ауылдың шашбауын көтеріп, шашуы мен тарту-таралғысын да молынан апарды.

Едіге тауының етегі бүгін ерекше бір күйге енген. Таудан құлай аққан бұлақтың екі жақ қапталын қуалай өскен шоқ тоғайдың бойында ақшанқан кигіз үйлі ауыл орнығыпты. Ақбоз үйлерден әріректе қоңыр үйлер мен қостар тігілген. Олардың маңында қазанда бүлкілдеп ет қайнап жатыр. Ақ самаурындардың мұржасынан шыққан түтін шудаланып көкке көлбеп барады.

Ауыл бұйығы емес. Әлдебір ұлы думанға дайындалып жатқандай. Әр үйдің жасауы өзінше бір керім. Күлдіреуішінен бастап желбауына дейін оқаланған. Керегеге түлкі мен қасқыр терісі, үкілі домбыра мен бүлдіргісіне жез сақина кигізген алты өрім қамшы ілінген. Кейбір үйлердің төрінде батыр бабалардың бес қаруының бірі – бұзаубас шоқпар мен қалқан ілініпті.

Міне, осы тойлы ауылдың басында Сәтбаев қаласының білім бөлімі мен кәсіпкерлер қауымдастығы тіккен қос ақбоз үй де сонадайдан менмұндалап тұрды. Күтушілер құрақ ұшып, қонақтарды қарсы алып, төрге жайғастырып жатыр. Той меймандарын қала әкімі Әнуар Омар мен қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Жанасылова және қалалық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Алаш Тұрлыбек бас болып қарсы алуда.

Сәні мен салтанаты жарасқан ауылды аралап ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар жүр. Бір-бірімен төс түйістіріп, «Той құтты болсын!», «Той – тойға ұлассын!» деген ақжарма тілектерін ақтарып жатыр.

Иә, бүгін мұнда үлкен той, ұлы думан. Едіге тауының етегінде бүгін Ұлытау ауданының 75 жылдық мерейтойы дүркіреп өтпек. Осынау торқалы тойға алты Алаштың игі жақсылары жиналып, үш жүздің баласы қасиетті Көктөбенің бауырында бас қосып жатыр…

Тарихы көне заманнан бастау алатын, дәуірлеу кезеңі өткен ғасырдың 39-жылынан басталған Ұлытау ауданының 75 жылдық мерейтойының шымылдығын Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков құттықтау сөзбен ашты.

Аймақ басшысы кең байтақ дархан даламыздың қай түкпірі болмасын қасиетті де қастерлі екенін айтып, ұлт үшін Ұлытаудың орны өте ерекше екеніне тоқталды. Бұл өңірдің еліміздің тұғырлы тірегі, тарихымыздың алтын діңгегі екенін айта келіп, мейман бүгін қасиетті топыраққа тәу етіп, халықпен жүздесіп тұрғанына өте қуанышты екенін жеткізді.

– Ұлытау – біздің ата-бабаларымыздың мыңдаған ғасырлық рухани ордасы болған. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біздің Ұлытауымыз бен Ордабасымыз – досымызға да, дұшпанымызға да ұялмай көрсетер айбарымыз, ардағымыз, асылымыз болуға тиісті», деп үлкен баға берген еді. Тұңғыш Президентіміздің Ұлытау төрінде айтқан даналық пікірлері де барша қазақстандықтарды біріктіріп, әсіресе, жастарға рух бергені сөзсіз.

Ұлытау – ұлттың табысқан төбесі, ұйысқан іргесі. Бұл ұлағатты жерден талай атақты адамдар шыққан. Олардың қатарында қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Серікбай Асатов, белгілі публицист-жазушы Баубек Бұлқышев, жазушы Мұқан Иманжанов, Камал Смайылов, академиктер Өмірхан Байқоңыров, Мұхамеджан Қаратаев, Төрегелді Шарманов, Айтмұхамбет Абдуллин, «Халық Қаһарманы», армия генералы Мұхтар Алтынбаев және басқа да тау тұлғаларымыз бар.

Ал, бүгінде Ұлытау ауданының жұртшылығы осы ағалардың жолын абыроймен жалғастырып, Президентіміздің бастамасымен аймағымызда іске асырылып жатқан реформаларға үлкен үлес қосып келеді, – деп ойын түйіндеген облыс әкімі сөз соңында Ұлытау топырағына тамыр жайып, қоныс тепкен әрбір отбасына құт-береке, баянды бақыт тіледі.

Бұдан соң сөз кезегі тойдың қадірлі қонағы, Ұлытаудың ұланы, Қазақ тағамтану академиясының академигі, профессор, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы Төрегелді Шармановқа берілді.

Тауға қарап өскен тау баласы осы өлкенің қадір-қасиеті туралы тебірене толғады. Талай жақсылар мен жайсаңдарға құтмекен болған Ұлытаудың келешегін де тілге тиек етті. Сөз соңында өзінің бірнеше еңбектерін той шашуы ретінде аудан әкімі Хамит Омаровқа табыс етті.

Өз кезегінде сөз алған Ұлытау ауданының әкімі Хамит Омаров тамыры тереңге тартқан тарихтан сыр шерте отырып, қасиетті өңірдің бүгіні мен келешегі, ауданның экономикасы мен әлеуметтік жағдайы жайлы баяндама жасады.

Салтанатты жиында сондай-ақ, «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің әкімшілік директоры Дархан Ранов ұлытаулықтарды мыңдаған металлургтер мен кеншілер және байытушылар атынан мерейтоймен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

Торқалы тойға арнайы келген Еуразия Ұлттық Университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Серік Мақыш та өз кезегінде Еуразия Ұлттық Университеті мен Ұлытау ауданы әкімдігі арасында үлкен бір бастама, игі шараға мұрындық болып отырғандарын айта келіп, өздерінің тойға ала келген тарту-таралғыларын табыс етті.

Салтанатты жиыннан соң кезек театрландырылған көріністер мен әуелете шырқалған әуезді әнге берілді. Мұнда театр әртістері желмаясын мініп, жер ұйығын іздеген Асан қайғы бабамыздың толғаулары мен Абылай хан мен қазақтың үш биі – Әйтеке, Қазыбек, Төле билердің төскейде кеңес құрған кезеңдерінен тамаша көріністер көрсетіп, Ұлытаудың арғы-бергі тарихынан тамтұмдап сыр тарқатса, Қыдырәлі Болман әннен шашу шашып, той сәнін келтіре түсті.

Ұлытау талай тарланды тәрбиелеп, талай дүлділді дүбірге қосқан қасиетті өлке. Ұлытаудың ұлылығынан үлгі алған Камал Смайылов, Төрегелді Шарманов, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов, Жақсыкелді Сейілов сияқты ел үмітін ақтаған ұлдарымен халқымыз мақтанатыны сөзсіз. Ауданның 75 жылдық торқалы тойына осындай біртуар азаматтар мен бүгінде арамызда жоқ тұлғалардың жақындары арнайы шақырылды.

Осынау киелі мекенде дүниеге келмесе де оны өз өлкесімен тең көрер, қасиетті өңірге жырын арнап, шексіз сүйіспеншілікпен Ұлытауды сүйіп өткен жандар да бар. Олар – Кәкімбек Салықов, Қуаныш Ахметов…тағы да басқа азаматтар. Осы тойға Қуаныш Ахметовтің ұлы Марат Ахметов пен Кәкімбек Салықовтың ұлы Ерлан Кәкімбекұлы да арнайы шақырылып, ерекше сый-сияпат жасалды.

Жалпы, ауданның мерейтойына 800-ден астам мейман шақырылған еді. Олардың бәрі тайлы тұяғымен келді. Той қонақтарына арнап 50-ден астам кигіз үй тігіліп, сол үйлерде мерекелік дастархан жайылып, ас берілді. Әр үйде әуелете ән шырқалып, аталы сөздер айтылып, ақсақалдар бата берді.

Қазақтың қай тойы ұлттық спорт ойындарысыз өтіп еді. Мұнда да балуандар боз кілемде белдесіп, құйрығы шарт түйілген сәйгүліктер бәйгеге қосылды. Балуандар белдесуінде ұлытаулық ұландар Ернат Төлеш пен Асқар Дүкенбаев өз салмақ дәрежелері бойынша бірінші орынды жеңіп алса, түйе балуанға шыққан жаңаарқалық жігіт Асыл Бәрменовтың бәсі басым болып, «Лада гранта» автокөлігін иемденді. Ал, түйе балуандар белдесінде екінші орын алған ұлытауылық Бауыржан Искаковқа жерлестері, жеке кәсіпкерлер өз аттарынан жеңіл көлік сыйға тартатындықтарын жеткізді.

Түс ауа тау бөктерінде ат спорты басталды. Оған Қарағандыдан, Жаңаарқа, Ақшатау, Ұлытау, Жезді, Қарсақбайдан кіл жүйріктер келді. Тоқ бәйгеде 10 ат шауып, ұлытаулық Қайрат Исаевтың жүйрігі топ жарды. Екінші орынды Қарсақбайдың қазанаты, үшінші орынды Сәтбаев қаласының сәйгүлігі иемденді.

Аламанда 11 ат шауып, мұнда да ұлытаулық Ерлан Жарасбаевтың жүйрігі керме сызығын бірінші кесті. Екінші, үшінші орынды Ақшатау мен Бұқар Жыраудың тұлпарлары өзара бөлісті.

Бірінші орын алған екі аттың иесіне де аудан әкімі Хамит Омаров «Лада» автокөлігінің кілттерін табыс етті. Ал, екінші және үшінші орын алған аттардың иелеріне бір-бір ұшқыр мотоциклдердің кілті берілді.

Едіге тауының етегінде осындай бір той өтті. Бұл той Ұлытаудың ұлылығын, халқының мәрттігін тағы бір рет танытып, жерінің ырысты, жұртының берекесі мен бірлігі берік екенін көрсетті. Алыстан ат арылтып келгендер де, ауылдың өз жұрты да тойдан мәре-сәре болып тарасты. «Ең жаман деген күніміз осындай болсын» деген ақжарма тілектерін де айтып жатты.

Ізтай Белгібайұлы. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.