Мақсат – заманауи тұлғаны қалыптастыру

20141024-07-1-120141024-07-1-2Қазіргі кезде елімізде балаларға қосымша білім беру мақсатында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталықтары, сарайлары, балалар өнер мектебі жұмыс істеуде.

Қосымша білім беру жүйесінің негізгі мақсаты – балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға, олардың сапалы қосымша білім алуына, оқушы тұлғасының дамуына, әлеуметтік және кәсіби қалыптасуына жағдай жасау болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуын Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауларында да жиі айтады. Себебі, білімі мықты ұрпақтың ертеңгі күні де жарқын болмақ.

Осы тұрғыдан өзіндік моделін құрған Сәтбаев қалалық Оқушылар сарайының ұжымы жас ұрпақты әртүрлі үйірмелерге тартып, олардың шығармашылық қабілетін шыңдап келеді. Аталмыш оқу орнының басшысы Гүлнәр Сансызбаева қосымша білім беру – заманауи тұлғаны қалыптастырудың басты негізі дейді.

Гүлнәр Сұлтанқызы, әңгімені сарайдың бүгінгі тыныс-тіршілігінен бастасақ. Қанша үйірме жұмыс жасауда, қосымша білім алуға келген балаларға қанша ұстаз дәріс береді? Материалдық базасы қандай?

Сарайымызда бүгінде 67 үйірме жұмыс істейді. Онда 1400-ден астам бала өздерінің қызығушылығына қарай әртүрлі үйірмелерде дәріс алады. Жалпы сарайдың білім беру бағыты – көркем музыкалық және көркем қолданбалы экология бөлімі болып бөлінеді. Тәрбиеленушілерге 40 жоғары және орта арнаулы білімі бар қосымша білім беру ұстаздары тәрбие береді. Біздің ұжым 2011 жылдан бастап «Балаға мейірімді Оқушылар сарайы» жобасы аясында жұмыс жасап келеді. Бұл жоба 7 бағыт бойынша жұмыс атқарады. Жыл бойы көптеген дәстүрлі сайыстар өтеді. Солардың ішінде мектеп оқушылары арасында өткізілетін «Үкілі домбыра» күй сайысы және «Сарыарқа болашағы» ән сайыстары бар. Биылғы оқу жылынан бастап шахматшылар үйірмесі жұмыс жасауда. Оған шахмат шебері әрі спорт ардагері Әзірбек Молдағалиев жетекшілік етуде. Жылдан жылға үйірмелер саны көбеюде. Материалдық базасы да қалалық әкімдік пен білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен жақсарып келеді. Сарайымызда кітапхана жұмыс істейді. Кітапханадағы кітап қоры да жылдан жылға толықтырылуда.

Сөзіңіздің барысында үйірмелерге келушілердің саны артып келеді дедіңіз. Аядай ғана ғимараттың таршылығын сезініп те жүрген боларсыздар?

Әрине, қаладағы бірден-бір қосымша білім беретін мекеме болғаннан соң, ғимараттың да кең болғаны дұрыс-ақ. Бұл мәселе төңірегінде қала басшылары заманауи үлгідегі Оқушылар сарайын салып беруді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жоспар жүзеге асып жатса, қуанышымызда шек болмас еді.

Жалпы, мұндай үйірмелерге келуге балалардың құлшынысы қандай деңгейде? Ата-аналардың балаларының қосымша білім игеруге деген көзқарасы қандай?

Осы Сарай алғаш құрылған жылдан бүгінгі уақыттың аралығында оқушылардың да, ата-аналардың да қосымша білімге деген көзқарастары өзгерді. Әр оқу жылының басында ұстаздарымыз үйірмелерді насихаттап, ақпарат береді. Білім ордасындағы домбыра, бейнелеу, тоқыма, ағылшын тілі, дизайн үйірмелеріне сұраныс жоғары, оқушылармен қатар олардың ата-аналары да бірге келіп, қатысып жүреді. Ұжым тек тәрбиеленушілермен ғана емес, ата-аналармен де тығыз қарым-қатынаста. Әр жарты жылда тәрбиеленушілердің үйірмеде үйренгендерін қосымша білім беру ұстаздары түрлі іс-шаралар арқылы ата- аналарына көрсетіп отырады.

Жалпы алғанда, ата-аналар балаларын қосымша білім алуға ынталандырып, бағыт-бағдар беріп отырса нұр үстіне нұр емес пе?

Үйірмелерге қатысып жүрген оқушылардың жетістіктеріне тоқтала кетсеңіз.

Үйірмелерге қатысып жүрген балалардың жетістіктері өте көп. Атап айтсақ, ән үйірмесінен бірнеше жылдан бері біздің тәрбиеленушілеріміз республикалық «Ақ көгершін», «Күншуақ» сынды байқаулардан жүлдемен оралып жүр. Республикадан бағы жанған «Хореография» үйірмесінің тәрбиеленушілері осы жылдың басында Польшаға барып, жүлделі І орын алып келді. Қарағанды, Жезқазған қалаларының Балалар мен жеткіншектер сарайымен тығыз байланыстамыз. Біздің тәрбиеленушілеріміз ғылыми-зерттеу жобаларымен де айналысуда. Қарағанды қаласында өткен 2-ші деңгейлі ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында «Жас биолог» үйірмесінің тәрбиеленушісі жүлдемен оралды. Енді таяуда шәкірттеріміз Алматы қаласында «Ғұмыр дария» орталығының ұйымдастыруымен өтетін VII республикалық «Таланттарды іздейміз» атты байқауда бақ сынамақ. Сарайдың тәрбиеленушілері қалалық деңгейде өтетін іс-шаралардың, сайыстардың барлығына да белсенді қатысып тұрады. Одан бөлек, көркем қолданбалы экология бөлімінің тәрбиеленушілері қалалық, облыстық көрмелерге қатысып, жүлдемен оралып жүр.

Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов. Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.