Зайырлылық қағидаларын жүзеге асыру

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына арнаған тарихи Жолдауында еліміздің зайырлы мемлекет екендігін ерекше атап өтті. Елбасы осы орайда Қазақстанның өзіне тән дәстүрлері мен зайырлы қоғамы бар екеніне тоқтала отырып, мемлекетіміздің өз азаматтарының ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, алайда дәстүрлеріміз бен заңнамаларымызға қайшы келетін қандай да бір әрекеттер арқылы қоғамға өз нормаларын таңғысы келетін талпыныстарға қатаң тойтарыс берілетіндігін нықтап айтып өтті.

Елімізде қандай да бір ресми немесе міндетті діннің жоқтығын Қазақстандағы мемлекеттік-конфессиялық қарым-қатынастың басты сипаттамасы ретінде анықтауға болады. Бұл біздің еліміздің ар-ождан және діни сенім бостандығын мойындайтындығы мен қамтамасыз ететіндігін, азаматтардың өз еркімен және қандай да бір мәжбүрлеусіз дінге қатынасын анықтай алатынын немесе өзін қандай да бір дінмен байланыстырмай және белгілі бір діни институттарға жүгінбей-ақ өмір сүре алатындығын білдіреді.

Біздің ойымызша, мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты ұйымдастырудың осындай тәсілі елімізде мәдени және дүниетанымдық саналуандылық пен плюрализмнің орнығуына жағдай жасап отырған заманауи көпұлтты және көпдінді Қазақстанның үйлесімді даму мақсатына толыққанды сәйкес келеді.

Қазақстан мемлекет ретінде жалпыұлттық негізде қабылдаған ел Конституциясы мен заңдарына сүйеніп қызмет атқарады. Сәйкесінше, діни талаптар мен ережелер, діни бірлестіктердің құжаттары біздің елімізде құқық негізі болып есептелмейді және мемлекеттік органдардың тікелей қызметіне әсер ете алмайды. Қазақстан заңнамалары қандай да бір діни нормалармен байланысты емес және оны басшылыққа алмайтын болса да діннің жалпыадамзаттық және гуманистік құндылықтарын үнемі назарда ұстайды.

Біздің елімізде тіркеліп қызмет атқарып отырған барлық діни бірлестіктердің теңдігі және олардың діни ұстанымдарына тәуелсіз азаматтардың теңқұқықтығы қамтамасыз етіледі. Ел Конституциясы әр адамның ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік береді және конфессиялық белгісі бойынша шеттетудің кез-келген формасына тыйым салады. Мемлекетіміз дінді ұстанушылар мен ұстанбайтын азаматтардың және әртүрлі діни бірлестіктердің арасында бір-біріне қатынастағы өзара төзімділік пен түсіністіктің орнауына септігін тигізеді.

Қазақстанда мемлекеттік білім беру және тәрбие жүйесі де қатаң зайырлы сипатқа ие екенін және оның діни білім беру жүйесінен ажыратылғандығын баса айта кеткен жөн. Бұл жағдайда зайырлылық мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастардың бойында белгілі бір нақты дінге көзқарасын қалыптастыруға тыйым салынатынын білдіреді. Діни көзқарас қалыптастыру құқығы заң талабына сәйкес діни оқу орындарын аша алатын республикалық немесе аймақтық мәртебеге ие діни бірлестіктерге ғана берілген

Қазіргі күнде еліміздің жоғары оқу орындары мен орта мектептердің білім беру бағдарламалары жүйесіне «Дінтану негіздері» мен «Дінтану» пәндерінің қосылғанын айта кеткен жөн. 2009 жылдан бастап орта білім беру мекемелерінің 9-сынып оқушыларына таңдау бойынша «Дінтану негіздерінен» арнайы курс оқытылады. Аталған курстардың енгізілуі дін мәселелері бойынша жастармен жүйелі ағартушылық, жұмыстарды жүргізуге және олардың бойында керағар діни ағымдардың теріс идеологиясына қарсы тұра алатын иммунитет қалыптастыруға бағытталған. Осы курстарды оқыту жастардың өмір сүріп отырған діни сенімдер мен мемлекеттің зайырлы қағидаттары туралы ғылыми түсініктерін қалыптастыруға бағытталған. алайда бұл қандай да бір дінді насихаттауды немесе дінді оқыту дегенді білдірмейді.

Қазіргі күнде аталған курстың мемлекеттің зайырлы принциптері мен Қазақстан қоғамының дәстүрлі құндылықтарын түсіндіру бөлімдерінің мазмұнын жетілдіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Осыған сәйкес курс атауын «Зайырлылық және дінтану негіздері» деп өзгерту жоспарланып отыр. Сәйкесінше жаңа оқу бағдарламасы мен оқулықтар әзірленуде. Сонымен қатар, курс мазмұнына өзекті толықтырулар енгізіліп, оған антиэкстремистік және антитеррористік тақырыптарға арналған тараулар қосылатын болады. Курсқа енгізілетін осындай ауқымды өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, аталған пәннен сабақ беретін мектеп оқытушыларының біліктілігін көтеру курстарын жүйелі әрі толыққанды дайындау жоспарланып отыр.

Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтау мемлекеттің алдында тұрған аса маңызды міндеттердің қатарына жататындықтан, Қазақстандағы зайырлылық мәселесі мемлекеттің өз азаматтарын олардың діни сеніміне тәуелсіз медициналық тұрғыдан қамтамасыз ету талабымен тікелей байланыста көрініс табады. Дегенмен, кейбір ата-аналар өздерінің діни сенімдерінің немесе ақпараттарының жоқтығының әсерінен өз балаларын қауіпті аурулардың алдын алу үшін жасалатын екпелерден бас тартып, медицина ғылымының жетістіктерін мойындағысы келмейді. Мемлекеттің мұндай жағдайдағы міндеті — Қазақстанда екпе жасау мәселесі мешіттің не болмаса православие шіркеуінің немесе басқа діни бірлестіктердің құзырында емес екендігін азаматтарға жеткізуге бағытталады. Бұл парасаттылық пен мемлекетіміздің зайырлы сипатын басшылыққа ала отырып шешімін табуы тиіс әлеуметтік мәселе. Ғылым баяғыдан-ақ жаппай екпе жасаудың тиімділігін, қауіпсіздігін және заңдылығын дәлелдеп берді, өйткені екпе – өркениетті әлемнің қол жеткізген озық жетістігі, өз азаматтарының денсаулығын бағалайтын дамыған мемлекеттердің игілігі.

Осы орайда, дәстүрлі діндер аурудың алдын алуға тыйым салмайтынын және шектемейтінін, керісінше адамдардың өз денсаулықтарын дұрыс сақтауына шақыратынын айта кету керек. Мәселен, екпе жасау ислам мемлекеттерінде кең таралғандығын Сауд Арабиясына қажылыққа барудың немесе Египет, Араб әмірліктері, Иордания және тағы басқа елдердің жоғары оқу орындарында білім алудың міндетті талап екендігі айғақтай түседі.

Мемлекеттік және құқық қорғау органдарында, білім беру, денсаулық сақтау мекемелері мен әскери бөлімдерде діни ұйымдардың қызметіне және діни рәсімдерді өтеуге тыйым салыну — Қазақстандағы зайырлылықтың тағы бір құрамдас бөлігі болып табылады. Дегенмен, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері діни рәсімдерге мемлекеттік мекемелерден тыс жерлерде қатыса алады және мұндай жағдайда өздерінің дін бостандығына қатысты құқықтарын толық пайдалана алады.

Мемлекет діни бірлестіктерді маскүнемдік, нашақорлық, қылмыстың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, отбасы бірлігін нығайту, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа қажетті жоғары руханилық пен өнегелілік қалыптастыру тәрізді әлеуметтік мәселелерді шешу ісіне тартуға ұмтылады. Мемлекет діни бірлестіктерді тікелей қаржыландырмайды, дегенмен оларға діни ғимараттарын жөндеуден өткізуге, мәдени және тарихи маңызы бар ғибадат үйлері мен ғимараттарды қайта қалпына келтіруге көмек көрсетіп отырады.

Мемлекет діни бірлестіктермен қоғамдағы келісімді, өзара түсіністікті, төзімділік пен өзара құрметті сақтау мәселелерінде бірлесіп әрекет етеді. Діни бірлестіктер Қазақстан халқының дәстүрлі діни құндылықтарын сақтау мен дамытуға бағытталған қоғамдық маңызды іс-шараларды өткізуге қатыстырылады. Мәселен, біздің елімізде мемлекет пен діни бірлестіктердің тұрғындар арасында діни экстремизмнің алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарындағы ынтымақтастығы қарқынды дамуда.

Осы орайда мемлекеттік органдар үйлесімді және дамуды мақсат тұтқан қазақстандық қоғамды орнатуды көздеп отырған мемлекет әрекетіне қолдау білдіретін барлық конфессиялармен конструктивті қарым-қатынас орнатуға талпынады.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтып өткендей, Қазақстанның болашағы рухани және діни құндылықтар мемлекет пен қоғамымыздың дамуына қолғабыс ете алатын зайырлы мемлекетке тұғырланады.

Бұл – дамуды, сапалы білім алуды, өзін жүзеге асыруды, адам құқығын сақтауды және еліміздің демократиялық болашағын көздейтін зайырлылық.

Ғалым Шойкин, ҚР Дін істері комитетінің төрағасы.

Комментарии закрыты.