Қамқор әрі жанашыр

20141024-03-120141024-03-2-220141024-03-2-1Жүрек жылуы мен жігерін қарттарға, мүгедектерге, аз қамтылған жандарға арнайтын әлеуметтік қызметкерлердің осы апта төл мерекесі. Кәсіби мейрамды сала мамандары үш жылдан бері атап өтуде. Дәлірек айтсақ, Елбасы қаулысына сәйкес, 2011 жылдан бастап қазан айының соңғы жексенбісі «Әлеуметтік қызметкерлер күні» деп белгіленді.

— Әлеуметтік сала ауқымы кең, үлкен сала. Егемен еліміз өркениет биігіне өрлеп, экономикалық әлеуетін нығайтқан сайын қоғамдағы аз қамтылған топтарға қамқорлық жасауды өзекті мәселе ретінде қарап келеді. Алдағы уақытта да әлеуметтік қызметкерлер халықтың әлжуаз топтарына мемлекеттің беретін көмегін үйлестіруші ғана емес, мәселелердің алдын алушы дәнекер бола бермек, — дейді Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Бауыржан Әпеков.

Аталмыш бөлім қарамағындағы жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі 1988 жылы ашылған. Ал, 2003 жылы адам санының артуына байланысты мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған екінші бөлімше ашылды.

Қазіргі кезде 230 адам «Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесі қамқорлығында. Мұқтаж жандарға 55 әлеуметтік қызметкер көмек көрсетеді. Медициналық, педагогикалық білімге ие, тәжірибесі мол мамандар қатарында Күлназия Бекенова, Альмира Байдалина, Жанат Каримбаева, Бибігүл Дәулетбаева, Алтын Жамауова бар. Ал, Дүйсенкүл Арыспаева, Татьяна Козина, Лидия Мелешенко, Сәрсенкүл Жұрағатова ұзақ жылдар бойы осы салада тер төгіп, ел құрметіне бөленген еңбек ардагерлері. Көңілі жарым жандармен біте қайнасып өмір сүретін әлеуметтік көмекшілер қамқорлығындағы адамды емханаға, басқа да мекемелерге ертіп апару, ауруханаға түскен жағдайда барып тұру, коммуналдық төлемдерді төлеу, тіпті, тамақ пісіруге көмектесу, аяқ киімдерді жөндеу шеберханасына өткізу, тұрғын үй көмегін беру, қарттар үйіне рәсімдеу, құжаттарды алмастыру секілді шаруаларды атқарады.

Сәтбаев қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Асқар Шоқпытовтың айтуынша, бөлімшеде әртүрлі үйірмелер ұйымдастырылған. Балалар «Мултикид және Eduplay» бағдарламалары бойынша тақырыптық-спорттық сабаққа қатысып, кіші стадионда, жүгіру жолдарында жаттығады. Бұдан бөлек, қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі 254 баланың өнер, спорт фестивальдеріне белсене қатысып, ән салып, би билеп, музыкалық аспаптарда ойнап, жүлделі орындарға ие болғандығын атап айтты.

Статистика бойынша, әлеуметтік қызметке мұқтаж жандардың саны жыл сайын артып келеді. Әрине, бұл қуанарлық жәйт емес. Кәрілік жеңіп, «базардан қайтып келе жатқан» әке-шешені далаға тастамай, бағып-күтетін қазақ халқы үшін бұл қызметтің бастапқыда таңсық болғаны анық. Алайда, мыңдаған мүгедектер, зейнеткерлер, жалғызілікті қарттардың көмекке зәрулігі арнайы білімі бар білікті мамандарды қажет етеді. Еуропа елдерімен салыстырсақ, елімізде әлеуметтік қызмет тәжірибесі өз деңгейінде дамымай отыр. Бізде кәсіби дайындық та, оқулық та жоқ, бұған қоса, бұл мамандыққа шындап көңіл қойылмайды. Сұраныс болғанымен, оқуға ниет білдіруші талапкерлер саусақпен санарлық.

Жалақысының аздығына, жұмысының ауырлығына қарамастан, сауабы мол іс атқаратын абзал жандар Сәтбаевта жетерлік. Солардың бірі – Мағрипа Наурызбаева.

– Осы жерде еңбек еткеніме жиырма бір жылдың жүзі болыпты. Оңай деп айтуға болмайды. Қарт адамдармен сөйлесе, сырласа білу керек. Бейнеті көп кәсіп, — дейді ол.

Біз ертеңгілік жолығып, алдын ала келісім бойынша тыл ардагері Анна Данилюктің үйіне бет алдық. Қария балаша қуанып, көңілді қарсы алды.

– Күндегі әдеті осы, мені асыға күтеді, уақытында келмесем, телефон соғады, — деп жымияды Мағрипа апай.

«Қазмысқұрылыс» мекемесінде отыз жылдан астам тер төккен Анна Данилюк әлеуметтік қызметкер тобындағы тоғыз көмек алушының белсендісі. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан еңбек ардагерінің санасы сергек, жүрісі ширақ. Балалары мен немерелерінен он бір шөбере сүйіп, қызық-қуанышқа кенеліп отыр. Тек, жанына бататыны – балаларының жырақта жүргендігі. Он жылдан бері қарт ананы бағып-қаққан Мағрипа туғанындай болып кеткен.

– Әңгімешіл. Мен келгенде көрген-білгенін айтады. Қартайғанда адам бала сияқты, сондықтан, мереке сайын, туған күнінде кішкентай болса да сыйлық жасауға тырысамын. Олар сағына күтіп отырады, — дейді Мағрипа Наурызбаева.

Анна Данилюктің мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне араластырған әлеуметтік көмекшілерге айтар алғысы шексіз. Ауа райы жақсы күндері таза ауада серуендегенді ұнататын ол таныстарының «Қасыңдағы адам кім?» деген сұрағына «Қызым» деп жауап береді.

Мағрипа Наурызбаева тек үй тіршілігіне ғана емес, моральдық-психологиялық жағынан да көмек көрсетуге тырысады. Себебі, қариялардың дені барға қанағатшыл, жоққа жабықпайтын төзімді, ой-пікірін әдемі сөздермен әдіптеп, татымды тұздықтап, майын тамыза айтатын әңгімешіл. Араларында балаша бұртиып, сәл нәрсеге өкпелеп қалатындары да бар. Қарттардың бірі жастық шағын сағынып, өткенді қозғап отырса, бірі ел саясатына пікірін білдіреді, тағы бірі балалары мен туыстарына ренжіген тұстарын әңгімелейді. Сондай сәтте Мағрипа қамқорлығындағы қамкөңіл жандарға құлақ түріп, қажет тұста қолдау танытады.

Әлеуметтік қызметкерлер таңның атысы, кештің батысы бір тыным таппайды. Әр үйге аптасына екі рет соғып, 1,5-2 сағаттай қызмет көрсетеді. Бір күнде төрт адамның үйіне барып үлгеруі тиіс.

Түстен кейін көмекке мұқтаж бала Ольга Казначееваның үйіне беттедік. Бізді Ольганың ата-анасы Игорь мен Марина қарсы алды. Бір қарағанда дені сау балалардан еш айырмасы жоқ Ольга туғаннан талма ауруына шалдыққан. Светаға әбден үйренген жеті жасар бүлдіршін «Бүгін немен айналысамыз?» деп сұрағанда «Сурет құрастырайық» деп қалды. Сурет салғанды, логикалық тапсырмалар орындағанды жақсы көретін Ольга ашық түстерді көп қолданады екен. Бала жаны қызылды-жасылды көз қызықтыратын бояуларға құмар. Балалардың өз-өзін қамтамасыз етуіне, оқуына, жазуына, қоғамдық ортаға бейімделуіне айтарлықтай ықпал еткен Света Баймағанбетова он жылға жуық осы салада еңбек етіп, қарауындағы тоғыз баланың тілін тапқан өз мамандығының майын ішкен нағыз майталман.

– Шарасыз хәлдегі балаларды көргенде көзіме жас келіп, жүрегім сыздайды. Оларға әбден бауыр басып кеттім. Кейде өзімнің жеке өмірімді ұмытып, солардың жағдайын ойлап кетемін, – деген Света мүгедек жандардың мұңын жақсы түсінеді. Себебі, өзінің екінші баласы да осындай күйде.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері болған Мағрипа Наурызбаева мен Света Баймағанбетова табиғатынан жоқ-жітікке жанашыр, қажығандарды демегіш, жолдас-жораға қамқор. Олармен бір күнде екі үйге бас сұқтық. Көмекке мұқтаж екі жанмен барынша сыр бөлістік. Жан дүниесін түсінуге, жан жарасын жеңілдетуге сәл де болса үлес қосуға тырыстық. Әлеуметтік қызметкерлерді қайдам, өзім екі үйден де шаршаңқырап шықтым. Бір қарағанда үйлерді аралап, әңгіме айтып жүрген сияқты көрінгенімен, жұмыс барысы тым ауыр. Бұдан кейін қамкөңіл жандардың жанына жігер беруге тырысқан жандарға разы болмасқа шараң жоқ.

Байқағаным, қиналғандардың мұңын тыңдап, жұбатып, өмірге деген құштарлығын арттыру үшін темірдей төзім, салқын сабыр, үлкен күш, қажыр-қайрат керек. Бұл кәсіпке үлкен жүрек иесі ғана бара алады дер едім.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ, Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.