Шоқтығы биік Шоқтаев

20141024-05-1-120141024-05-1-220141024-05-1-3«Мәдениет саласының дамуына үлес қосқаны үшін және белсенді азаматтық ұстанымы үшін «Жезқазған маржандары» ардагерлер хорының жетекшісі Жақсылық Өтеубекұлы Шоқтаевқа «Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы» атағы берілсін» Кеншілер қаласындағы «Шарайна» газетінен осындай мәтіндегі Сәтбаев қалалық мәслихатының шешімін оқығанымда төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалғандай болды. «Азаматтың еңбегі ақыры әділ бағасын алған екен» деп қуанып қалдым. Осы атақты Ұлытау ауданы да, Жезқазған қаласы да берсе артық болмас еді. Өйткені, ел Марат атап кеткен Жақсылық Өтеубекұлы – Ұлытау-Жезқазған өңірінің мәдени өмірінде, оның ішінде хор саласын дамытуда өзіндік ізі бар жан. Оның есімі ел ішінде ілтипатпен аталады. Ол әр кез өзі қалаған өнермен қатар адами өмірдің арасында тең жүрді. Әлі де сол көштің ортасында келеді. Сол ортадан оның шоқтығы да биік болып көрінеді…

«Сарлық самалы» осылай құрылған

Біздің ауыл – өнерге жақын ауыл. «Біздің ауыл» деп отырғаным – Сарлық селосы. Сонау алпысыншы жылдың басында-ақ әкелеріміз бен ағаларымыз ауылда өнердің іргесін берік етіп тастаған. Сол бір жылдарда ауылда бір-бірімен іркес-тіркес жүретін науқандық жұмыстардың арасында уақыт тауып театр құрды. Кейін ол театр «Халықтық» атақты қорғап, сол атақты кешегі өкімет құлағанға дейін уыстарынан шығарған жоқ. Ал, сексенінші жылдардың басында ауылда өнерлі жастардың басын біріктіріп, ән-би ансамблін құру қолға алынды. Міне, сол кезде мен Марат Шоқтаевпен алғаш жүздескен едім.

«Ауылға керемет хормейстер келді. Ауылдағы «әу» дейтін жандардың бәрін жинап дауысқа бөледі екен. Ән-би ансамблін құратын болыпты», деген әңгіме гу ете қалды. Ол кезде мен мектеп қабырғасында жүргенмін. Дауысқа бөліп хор құрады деген маған таңсық. Өзіміз мектепте талай кештерде хормен ән айтып жүрсек те, оның бірнеше дауысқа бөлініп айтатынын шын айтсам білмеппін. Бәрін Марат аға келгеннен кейін көрдік. Өзімнің де өнерге талпынысым бар болғандықтан, ауыл клубынан шықпайтынмын. Мәкең келгелі үйге тек тамақ ішу үшін ғана баратын болдым. Сұңғақ бойлы, бұйра шашты жігіттің қара баянды құлаштай керіп, құйқылжыта ойнағанына қызыға қарай беруден жалықпадым. Осылай жүріп ән-би ансамблінің құрамына да кірдім.

… 1983 жылы біздің ауылдың ән-би ансамблі Алматыда көркемөнерпаздар байқауында өнер көрсететін болды. Жай ғана өнер көрсетіп қоймаймыз, «Халықтық» атақты қорғамақпыз. Қуанышымызда шек жоқ. Құрамында 70 адамы бар ансамбль сол кездегі астана – Алматыға келдік.

Өнеріміз жоғары бағаланды. Қазылар алқасы ауыл өнерпаздарының өнеріне дән риза болып, «Халықтық» атақты бірден бекітті. Сол жолы ауылымыздан шыққан асыл азамат, қоғам қайраткері, жазушы Камал Смайылов ағамыз ақ батасын беріп, ансамбльге «Сарлық самалы» деген ат қойды.

Кейін елімізге кеңінен танымал болған ауыл өнерпаздарының басын біріктірген ән-би ансамблі өмірге осылай келіп еді. Ал, оның басында Марат Шоқтаев тұрды. Мәкең жыл сайын ауылға келіп, ауыл, аудан жұртшылығы алдында «Сарлық самалы» ән-би ансамблінің шығармашылық есебін беріп тұрды. Жылда жұртшылық тың туындыларды тамашалап, өнерімізге сүйсіне қол соқты. Біржан болып шырқаған Жұмаділдин Қуанышбек көкемді, Сара болып сайраған Тілеубаева Әшік тәтемді ел үлкен театрлардың әртістерінен кем құрметтемейтін. Қуаныш аға Әбікенов пен Балаби аға Нұржанов қатар тұрып ән салғанда әйгілі Рашит пен Мүсілім Әбдуллиндерден кем түспейтін. Солардың дауыстарының үйлестігін жазбай танып, сахнада шырқату Шоқтаевтың шеберлігі екені даусыз еді.

Бала Мараттан дара Маратқа дейін

Мәкең – тума талант. Оның өнер жолы сонау балғын шақ – бала кезінен басталыпты. Әкесі Өтеубек Новосибирскіге барған бір сапарында оған кішкентай сырнай алып келсе керек. Бала Марат сол сырнайды бір күнде үйреніп алыпты. Талант емей немене?! Арғы жағында түйсік, саңылау болмаса солай болар ма еді?

… Бала Мараттың өнерге ынтасы барын байқаған сұңғыла Шынболат оны Жезқазған поселкесіндегі Асылхан Оразаев жетекшілік ететін ансамбльге жетелеп алып келеді. Мұнда Мәкең контрабаста ойнайды. Арада азғана уақыт өткенде-ақ Марат Шоқтаев ансамбльдің баянмен сүйемелдеушісі болып шыға келеді. Ол кезде ауылда теледидардың өзі жаңа таныла бастаған шақ. Елдің бәрі қолдары босаса киноға, концертке келетін. Сол кездерде өз ортасына танымал талай әншілерді Мәкең баянмен сүйемелдеп, елдің ықыласына бөленді.

… Қабілет-қарымы көзге ұрып тұрған өнерлі жігітті Карағандының музыка училищесінің мамандары да байқамай қалған жоқ. Әскер қатарынан келген жігітті бірден екінші курсқа қабылдады.

Өнер өзінің өмірлік серігі боларына көзі жеткен Мәкең енді оны тереңдетіп меңгеруге ден қойды. Училищені аяқтаған соң құжаттарын Алматыдағы консерваторияға тапсырды. Сынақтан сүрінбей өтті. Кешегі әкесі әкеліп берген қара сырнай мен әскер қатарында жүріп баянда әр ұлттың сазын шалуды үйренгені, түрлі пьесалар құрастырғаны оған осы кезде өз пайдасын тигізді. Шеберлігі бар, келешегінен зор үміт күттіретін жігітті Алматы да уысынан шығарғысы келмеді. Марат аға бас қаланың белді өнер ұжымдарында музыкант болды. Мемлекеттік ән-би ансамблінде, Құрманғазы атындағы оркестрде баянда ойнады. Ауылдан шыққан жігітті Алматының жұрты да тани бастады. Бірақ…

Өмірдің жолы әрдайым тегіс емес. Бұралаңы мен соқтықпалы соқпағы көп. Сол жол Маратты ауылға алып келді. Үйдегі қарт әке-шешесін бағып отырған інісі кенеттен апатқа ұшырап, қайтыс болды. Марат Алматыдан Арқаға оралды.

Хор өнерінің королі

 

Жезқазған жеріне келгеннен кейін Марат осы аймақта хор өнерін шындап қолға ала бастады. Ол халық әні «Маусымжанды», Ескендірдің «Жезқазған жастарының маршын» шағын хор арқылы бірнеше дауыста шырқатты. Елге ұнағаны сондай, кейін қалада қандай концерттік бағдарлама болмасын хордың өнерімен ашылып, аяқталатын болды.

… Марат Шоқтаев үшін өнердің үлкен белесі жетпісінші жылдардың бел ортасында өмірге келген Ұлытау ауданының «Тау гүлі» хор ұжымы болды. Осы ұжым Марат Шоқтаевтың есімін кешегі Кеңес Одағына кеңінен танытты. Мәскеуде өткен Бүкілодақтық байқауда «Тау гүлі» лауреат атанды. Шалғайда жатқан ауыл үшін бұл қандай жетістік болса, сол кездегі дүйім ел бас иетін Одақ үшін бұл сондай тосын еді. «Тау гүлі» халықтық атақ алып, сол тұстағы көптеген социалистік елдерде өнер көрсетті. Одақ бұған көнгісі келмесе де өнер оны мойындатты. Шағын ауданнан келген өнер ұжымының керемет өнеріне шетелдіктер орындарынан тік тұрып қол соққанда хордың алдында сұңғақ бойлы, бұйра шашты, ауылдан шыққан хормейстер – Марат Шоқтаев тұрды қасқайып.

… Зымырандай зулаған уақыт өтіп барады. Кеше ғана тегеуріні мықты, талабы күшті Марат аға да жетпістің жетегіне еріпті. Жоқ. Оның бойынан қажығандық, қалжырағандық байқалмайды. Рас, өкініш пен сағыныштың сызы білінеді. Өкінетіні – талай ойлаған жоспарының жүзеге аспай қалғаны. Кешегі кезеңдердей емес, аймағымызда хор өнері кенже қалып барады. Оны қорғайтын, қолдайтын орта жоқ.

Сағынатыны – сол бір сазға толы сағаттары көз алдына жиі оралады. Кешегі өнердің өр толқынына қарсы жүзген замандастарының көбі өзі сияқты жетпістің жетегіне жегілген. Алды одан да ілгері кеткен. Тіпті, келместің кемесіне мінгендері қаншама? Сонау сағынышқа толы сағым жылдарда «Сарлық самалын» бірге құрған жандардың алды бүгінде жоқ. Соңы Рахымбек Сырлыбаев пен Кенжебек Саханов та кеше жетпіс жастарын тойлады. «Тау гүліндегі» талай жандар да көзден кеткен. Осының бәрі еске түскенде көңілді мұң торлайды…

Бүгінде ел Марат Шоқтаевты әбден танып болған. Оның өнеріне де тәнті. Өнерді бағалай білетін жұрт Мәкеңді «Хор өнерінің королі» деп атайды. Бұл елдің берген атағы…

Дәулет Рақымбекұлы.

Комментарии закрыты.