Рухани келісім — шынайы құбылыс

Қазақстанды мекендейтін халықтар оның ең басты байлығы болып табылады. Ұлан-ғайыр жерімізді 130-дан астам ұлт өкілдері ауызбіршілік пен ынтымақтастықты, рухани сыйластықты сақтай отырып мекен етуде. Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын түрлі ұлт өкілдерімен конфессияаралық және мәдени келісімді, достық қарым-қатынасты танытатын «Рухани келісім күніне» орай Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар діни бірлестік өкілдерімен кездесті.

20141024-02-1

Дөңгелек үстел басындағы басқосуда қала әкімі Әнуар Омар: «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен 1992 жылы 18 қазан – Рухани келісім күні деп белгіленген болатын. Содан бері бұл еліміздің өмірінде маңызды мерекелердің бірі ретінде аталып келеді. Бүгінгі кездесуіміз осы мереке аясында, елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтау мәселелерін ортаға салу үшін ұйымдастырылып отыр», – деп, кездесудің өткізілу мақсатын ашып көрсетті. Балмағамбет Балқыбайұлы мешітінің бас имамы Бауыржан Балтабеков, Қасиетті әулие Илья Украиндық Грек-католиктік шіркеуінің жетекшісі Олег Голушка, Катихид шіркеуінің ұстазы Мирослава Голушка, «Агапе» шіркеуінің пасторы Сергей Самохвалов, «Жаңа өмір» Евангельдік Сенім Христиандары шіркеуінің басшысы Дмитрий Задорожный секілді кең тараған ислам, православие, иудаизм бағыттарындағы дәстүрлі діндердің, сонымен қатар, католицизм, протестантизм және дәстүрлі емес діндердің өкілдері кіршіксіз таза ниеттерімен, көкейлерінде жүрген сауалдармен бөлісті. Жастар арасында дінаралық төзімділікті таратуға мүмкіндік туғызу, аймағымызда бейбітшілікті, қауіпсіздікті, тұрақтылықты нығайту үшін діни бірлестіктердің рухани ықпалы мен қорын пайдалану турасындағы ойлар ортаға салынды. Дін бостандығы мен басқа дін өкілдерін сыйлау, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздікті бекітудегі діни жетекшілердің рөлі сияқты мәселелер талқыланды. Рухани дағдарысты жеңу, келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу, діндер жұмысын біріктіру сияқты мәселелер қозғалды.
Сәдуақас Ошақұлы атындағы мешіттің бас имамы Хамит Мырзагелдиев қала орталығындағы мұсылман мешіті мен христиан шіркеуінің қатар орналасқандығының өзінен елімізде конфессияаралық және мәдени келісімнің толығымен қалыптасқандығын көруге болатынын атап айтты. Сонымен қатар, діни ағымдар наным-сенімдерінің келеңсіз мәні мен мағынасынан діни экстремизмге тән идеялар туындайтынын қала тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын белсенді қолға алу қажеттігі айтылды. Азаматтардың қоғамдағы діни бостандығына шектеу қоймау, рухани келісімді бекіту, ұлтаралық қатынастарды нығайту, ұлттық мәдениетті дамытуға жағдай жасау жолындағы қала әкімінің еңбегі ерекше бағаланып, діни бірлестіктердің арнайы Алғыс хаты табыс етілді.

– Рухани келісім күні — көкейтесті мәселелерді қозғауға, оның шешімін табуға, бүгінгі мен өткенді түсінуге, күнделікті өмір құндылықтарын бағалауға, қазіргі ұрпақтың болашағы жайында маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Қазақстанның біртұтас халқы түрлі ұлт өкілдері біріге отырып, туған еліміздің болашағына жоспар жасауымыз керек, – дейді Сәтбаев қалалық православие шіркеуінің иерейі Андрей Афанасьев.

Айтса айтқандай, еліміздің достық қарым-қатынасы, дін саласында тұрақты мемлекеттік саясат ұстануы, конфессиялар мен мәдениеттер диалогын құра отырып, тұрақтылықты бекіту мақсатында түрлі ұлт өкілдерінің осындай бас қосуы, қоғамдағы рухани келісімнің шынайы құбылыс екендігінің бірден-бір дәлелі болмақ.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ, Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.