Мемлекеттік рәміздерге жоғары талап керек

Ту, Елтаңба және Әнұран ҚР Конституциялық заңына сәйкес, мемлекетіміздің рәміздері болып табылады. Осыған сай, мемлекеттік нышандарды құрметтеу, талапқа сай пайдалану барша Қазақстан халқының басты міндеттерінің бірі. Алайда, осы құндылықтардың аясында орындауға тиісті міндеттерге көпшілік атүсті қарайды.

Өткен аптада мемлекеттік рәміздерді қолдану, насихаттау және мемлекеттік рәміздер саласындағы заңнамаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатындағы қалалық комиссия жанынан құрылған жұмысшы тобы Сәтбаев қаласы маңында орналасқан кәсіпорындарды аралады.

Мемлекеттік рәміздердің орналасу тәртібі туралы нормативтік құқықтық актілердің қабылданып, соның шеңберінде оларға тұрақты мониторинг жүргізіп, бақылау мақсатында арнайы құрылған комиссия жасағы аталмыш кәсіпорындарда рәміздердің орналасу тәртібі бойынша бірқатар кемшіліктерді анықтады. «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің Шығыс және Солтүстік, Оңтүстік Жезқазған кеніштері, Жылуэнергетика кәсіпорны, «KM Logistik» ЖШС автокөлік және механизация мен Жолаушылар автокөлік кәсіпорны, энергетика басқармасы, құю-механикалық зауыты, «Электржелісі» Сәтбаев аймақтық кәсіпорны, спорттық сауықтыру кешеніндегі мемлекеттік рәміздер жағдайы қанағаттанарлық. Зерттеу жұмысы барысында кәсіпорын ғимараттары сыртында, басшылық кабинетінде, мемлекеттік наградалар тапсырылатын жерлерде, спорттық жүлделер табысталатын, азаматтарды қабылдайтын орындарда ҚР мемлекеттік рәміздері заңға сай орналасу керектігі түсіндірілді. Алдағы уақытта стандартқа сай емес рәміздер ереже талаптарына сәйкес жойылып, оның орындалуы қадағаланатын болады.

– «ҚР Үкіметінің 2007 жылғы Қаулысы бойынша мемлекеттік Ту мен Елтаңба ұлттық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Осы стандарттар 2008 жылдың 1-сәуірінен бастап енгізілуде», – дейді Сәтбаев қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Ботакөз Бушманова. Тексеру барысында техникалық және басқа да талаптарға сай келмейтін бірнеше факт анықталды. Заң бұзушылыққа жол берген барлық мекеме басшыларына ескерту жасалып, хат жолданды. Олар бір күннің ішінде заң бұзушылықты жоюы керек.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ,

Комментарии закрыты.